Алматылық жігітке тиген шымкенттік қыздың бастан кешкендері
Ауылда көп балалы үйде өскен Зереге әжесі мен анасы «көпшіл бол, келген қонағыңды жақсылап күт, дастарханыңды жай, біреудің ала жібін аттама, өтірік сөйлеме» деп екі сөзінің бірінде айтатын. Сол ақылды құлағына құйып, бойына сіңіріп өскен тұлымы желбіреген қыз расында иманды, ақжарқын болып өсті, десе де тік мінезділігі басым. Өтіріктің не жасандылықтың ұшы қылтиса бітті – бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын.
Әжесі әдепті етіп тәрбиелеген еді
Ал әжесінің қонақжайлығына келсек, үйіне қай уақытта адам келсе де отырған орнынан қозғалмай-ақ дастарханын толтырып тастайтын. Оң жағында оралған ақ түйіншектен наны, құрт-майы бар ма, сол жағындағы сұр түйіншекте кәмпит-пішінәні, сөк-талқаны бар ма, әйтеуір бәрін шығарып қонағының алдына жайып салатын. Арғы жағынан бір келіні шай әкеліп, екіншісі қазан асып бәйек болып жатады. Әженің даладай дархан мінезінен бе, әлде ол кезде заман сондай болды ма, үйінен адам үзілмейтін.
Келіндерінің де бір қабақ шытқанын байқамайсың. Бәрінен бұрын балалар мәз. Қонақтар кеткен соң әжесі оларды жанына жайғастырып, қалған-құтқанын теңдей үлестіріп отыратын. Бір таңқалатыны, түйіншектер еш уақытта босамайтын, екі бүйірі томпайып толып тұратын, оны кім толтырады деген ой да болмаған екен бұларда.
Есінде қалғаны, қыстың аязды күндерінің бірінде ағасы үйге бұрын-соңды келмеген ерлі-зайыптыларды ерте келіпті. Үрпиіп кіріп келе жатқан екеудің бейтаныс жандар екені бірден белгілі. Өздері тоңып қалған екен. Еріндері көгеріп, көздері жәудіреп, сақылдаған суықтан икемге келмей қарысып қалған қолдарын ысқылап, гүрілдеп жанып тұрған пештің айналасынан шықпай тұр.
Әжесі кім екенін де сұрамастан түйіншегін шешіп, дастарханын жая бастады. Ағасы оларды баяғыдан танитын адамдарша ашық-жарқын көңілмен әңгімеге тартып, ыстық шайын беріп, беті қызыл шырайланып, бойлары жылығаннан кейін жолға шығарып салды. Түнделетіп үйге жеткен ағасының дастархан басындағы әңгімесінен ұққаны, әлгі екеуі көрші емес, алыс ауылда тұрады екен. Бұл көлігімен кетіп бара жатып, жолдың бойында дірдектеп тұрған екеуін көріп тоқтайды. Көлігіне мінгізіп: «Үйге жүріңіздер. Қазір бұл уақытта ауылдарыңызға көлік те жүрмейді, жылынып алғаннан кейін өзім шығарып салармын», – деп үйіне шақырған. Әбден жаурап, қалжыраған екеуі ашуға булығып, көлікте де біраз күңкілдесіп ұрысқан көрінеді. «Қатын бастаған іс оңбас!» – деп күйеуі қойып қалғанда ғана екеуінің үнсіздігінен әйелінің кесірінен бір жоспарлы көліктен қалып қойғанын аңғарады. Содан ағасы екеуін танымаса да үйіне әкелген екен.
Қаланың жігітімен тұрмыс құрды
Сонымен Зеренің мектепті де бітіретін уақыты келді. Әжесі бір қызық өзінің, үйдегі қыздарға қайталай беретін «қыз деген қатты күлмейді», «қыз деген үйдің бар шаруасын білуі керек», «қыз деген қамырды былай илейді», «қыз деген үйді былай жинайды» деген сөздері құлағына қорғасындай құйылып, жатталып-ақ қалыпты. Мектепте жақсы оқып, кейде өз ойын беріліп дәлелдеп мұғалімдермен де ерегісіп қалатын. Бірбеткейлігі үшін құрбыларымен де жиі келіспей қалатын кездер болатын. Ал ұл балалар мүлдем жанына жолауға үркетін. Қолы тиіп кетсе сабалап шыға келетін қыздың шарт-пұрт мінезін бәрі білетін.
Міне, енді мектеп бітіріп, жинаған ұпайы Алматының ең озық жоғары оқу орындарының біріне түсуге жарады. Алматыға оқуға шығарып саларда әжесімен қоштасып жатқанда жарықтықтың айтқан бір-ақ ауыз сөзі: «Етегіңді жауып жүр, бір ашылған етек жабылмайды». «Е-ей, әже-е, сіз де бір айта саласыз», – деп ызасы келсе де әжесін қайта-қайта құшағына қысып, қимай шығып кеткен...
Оқудан бас алмай, әжесінің, ата-анасының үмітін ақтаймын деген уәдені берік ұстанған Зере медицина факультетінің 6-шы курсын қалай тәмамдағанын да аңғармай қалды. Қатар құрбыларының біразы отбасылы болып үлгерген. Басқа курстың тентек жігіттері бұлардың жатақхана терезесінің түбіне келіп: «Асыл әже-ем» деп Рахат Тұрлыхановтың әндерін айтып тұрып алғанда әсіресе ызасы келеді. Демалысқа барғанда ауылдағылар: «Жігіт жоқ па?» – деп сұрайды бірден. «Жігіттер осылай ән салады», – дейді бұл. «Енді жоғары курстың қыздарына әже болдың деп тиіседі де, дұрыс қой. Жақсы жігіт кездессе қарсы емеспіз ғой», – дейді анасы сызылып.
Сондай жақсы жігіттің бірі – Арман болып көрінді. Алматылық. Үйінде екі түйір бала екен. Көргенде көп сөйлемейтін, жымиып тұратын бұл жігітке Зеренің де жүрегі жылып қалды. Мерекелерде гүл шоғын үнсіз әкелетін, артық сөзі жоқ, «орыс мінезділеу» осы жігіт жайлы Зере анасына ауылға бір барғанда айтқан болатын. «Апа, Арманның да әжесі бар екен, мені ол кісімен таныстырды. Ол маған «сабақтаулы ине-жіптей болыңдар» деп ырымдап ине-жіп берді», – деді. Анасы мұны ести сала көңілі тыныш тапсын ба, дереу әкесіне айтты. Әкесі: «Е, қызым, өзіміз сияқты көп балалы үйден шыққан қазақы отбасы бола ма деп ойлап едім, олардың үйінде екі бала ғана екен. Ойларың, мінездерің сай келсе болар еді. Енді мойныңа үлкен салмақ алыпсың. Көпті көрген кейуана болар, рұқсатымды бердім. Келіп, алдымнан өтсін», – деді.
Алматыға асыға жеткен Зере Арманға ата-анасының айтқанын жеткізді. Арманның да туыстары ауылдың қызы қарапайым, мейірбан болар деп қабылдап, дереу апыр-топыр тойға дайындық басталып кетті.
Ауылдан адам келгенін қаламайды екен
Арманның қалаға кіре берісте алып қойған жер телімі бар екен, Зеренің ата-анасы, ағасы ауылдан достарын алып келіп, барлық құрылыс материалдарын өздері әперіп, дереу «ауылша асарлатып» жіберді де, аз уақыттың ішінде үй салып, күйеу бала мен қызын жаңа үйге кіргізді. Зере оқуын бітіріп, бір-екі балалы болғанша үйде отырды. Ауылдан ата-анасы, туыстары келіп тұрды. Ондай кезде Арман: «Өздеріңіз еркін отырыңыздар, жарай ма? Рұқсат болса...» – деп ата-анасының үйіне барып, кейде қонып қалатын.
Бірде Арманның әжесі үйге келді. Сәлем салып, бетін сүймек болған келініне салқын қабақ танытты. Түкке түсінбеген Зере мән бермегенсіп, дастарханын жасап жүре берді. Арманның әжесі бірден: «Не болды, мына заманда адам бір басын әрең сүйретіп жүргенде Арманның бар тапқанын ауылдан келгендерге құртып жатсың ба?!» – деп қаһарлы даусымен дүрсе қоя берді. «Әже, не істеймін енді? Келгендерге қалай кет, басқа жаққа бар деп айтамын?» – дегеннен артық ештеңе айта алмады.
Туыстар да қызық. Біреуі тойға келдім дейді, біреуі оқуға келдім дейді. Барлығының көңілін қимайсың. Бірі ауылдағы көкесінің балалық шақта асыр салып ойнаған қыздары болса, бірі нағашысы. Анасы да сөз арасында туыстарына барынша астарлатып-ақ жеткізеді, бірақ нарық қысқан мына заманда кім барып пәтер жалдай қойсын, тірлігімді бітірем де қайтам деп ойлап, бұлардікіне соқпай, тірлігі бітпесе, қонбай кетпейді.
Бірде күтпеген жерден енесі келіп ашуланды. Ішіндегісін ақтарып салды. «Балам әзер жүргенде сен отырсың үйде жұмыс істемей, баламның бар тапқанын төркініңе асырып! Айттым мен әу баста балама, «южане» осындай болады деп, тыңдамады, ұнаттым мама деп. Ал отыр енді, бірін бірге жалғай алмай!»
Өмірдің астаң-кестеңі шыққандай болды. Бәсе, соңғы кезде Арманның да көңіл-күйі болмай жүрген еді. Осыны талқылап жүрген екен ғой.
Ойы сан-саққа кетті. Өткенде де бір оңбай ұрысып қалды екеуі. Зере араға біраз уақыт салып, дәрігерлік жұмысын атқарып, күтпеген жерден үшінші баласын көтергенін қуанып күйеуіне еркелей айтып еді: «Біз үйде екеу болып өстік, маған екеуден артық керек емес!» – деп салды бірден. Содан қабағы ашылмады. «Арман, менің нәрестелі болғым келеді!» – деп даусы діріл қағып түсіндірмекке тырысып еді: «Ол сенің балаң онда!» – деп бұл әңгімені суық жауып қоя салған.
Ал енді енесінің мына сөзінен кейін келген адамды қарсы алмай көр, ауылға барған соң жүрген жерінде «өзі болған қыз төркінін танымас» деп ернін шүйіріп, ренжіп жүрсін.
Зере қайын жұртын да алалаған емес, қайта оларды Арманның, балалардың туған күндеріне, мерекелерге жиі шақырып, дастарханын барынша дайындап, жылы-жұмсағын алдарына қойып шығарып салатын. Тіпті кейбір туыстары: «Осы Зеренің бауырсағы, еті ерекше дәмді! Ауыл есіме түсіп кетеді», – деп тамсанып қайтатын. Қалай тамсанбасын, әжесі мен анасы етті тұздап сүрлеуді, қалай сақтауды, дәмді етіп асуды, айран ұйытуды, нанның түр-түрін пісіруді, шөліңді қандырар ашытпа көже, наурыз көже жасауды титтейінен үйретсе...
Қонақ келсе, қорқатын болды
Айы-күні жақындап, перзентханаға баратын уақыт келді. Жолдасы Зерені сөмкелерімен үнсіз апарып, ләм деместен палатадан шығып кетті. Баланы қаламаса да, толғағы пісіп, көзі алақ-жұлақ етіп отырған келіншегіне мұншама суық болар ма еді?! Содан хабар алмағаны Зеренің жанына ауыр тиді. Шығатын күні ғана хабарлап айтып еді, үнсіз келіп құндақтаулы баласымен алып кетті. Ауылдан анасын алдыртып, ол баланың буыны қатайғанша біраз қарасты. Қызы мен күйеу баласының арасындағы салқындықты да бірден аңғарды. Кеткенше ақылын айтып: «Мұның бәрі уақытша, әлде де ақылы кірер», – деп сабырға шақырды.
Бірде Алматыдағы туыс әпкесі той жасайтын болып, ауылдағылар келіп Зерелердікінде жататын, біразы осы жақтан базарлап бір-ақ қайтатын болып келісіпті. Себебі белгілі, әпкесінің үйі тарлық етеді. Сонымен Зере дереу «қонақтардан ұят болмасын» деп базарлап келді. Ертең бір-екі күнде үйге туыстары келеді емес пе?
Кешкісін шай басында кенжесі Мирас томпаңдап оңға да, солға да «жол қарайлай» берді. Әкесі: «Балам, что ты делаешь?» – деп ұлын тұрған орнынан көтеріп алып ары қарай ойнап кетті. Зере күлді де: «Баланың жол қарағаны, үйге қонақ келе жатыр дегені», – деді имене.
Ертесіне артынып-тартынып ауылдан алдымен Фатима әпкенің қыздары келді. Түстен кейінгі пойыздан Кәмила жеңге келіндерімен және немерелерімен түсті. Сәбиралардың да ертең осында жолға шығатынын айтып, барлығы бірге қалада кездескендеріне мәз-мәйрам болып жатты...
Осылай улап-шулап бір апта өтті, қонақтар үйлеріне тарқасты. Арман ата-анасының үйінен селсоқ болып қайтты. Балаларының сабағын оқытып отырған Зере кенет томпаңдаған Мирасқа жалт қарады. Жол қарап жатыр екен. Әкесі орнынан атып тұрып: «Хватит, Мирас! Хватит, не надо так делать!» – деп қатты айқайлап Мирасты орнынан жұлып алып, құйрығынан бір-екі төмпештеп алды. Сол-ақ екен, соғылған есіктің қоңырауы Зеренің миын тесіп өткендей болды. Орнынан амалсыз тұрып, есік алдына әзер сүйретіліп жетті. Есікті үркіп баяу ашқаны сол еді, көз алдында көлбеңдеп үш адамның сұлбасы көрінді. Түсім шығар деп біраз беттеріне үңіліп тұрды да, есін жиып алғаны сол, көзі шарадай болып, аясынан шығып кете жаздады. Сәбира әпке екен. Ол оқуға түскен ұлы мен қызы жатақханаға жайғасқанша осында тұратынын айтып жатты...
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.
Түркістан қаласы.