ӘКЕСІЗ БОЛСА ДА ЖЕТЕСІЗ ДЕГІЗБЕСЕ ЕКЕН

«Алаш айнасы» порталына хат жолдап, басымдағы жағдайларды баяндап бергелі отырмын.
Өзім үйде кілең қыз балалар өскендіктен, оның үстіне әкеміз ерте дүние салғандықтан, әкенің ұл балаға деген тәрбиесінің әсері туралы отбасымда бір нәрсе көрдім, түйдім деп айта алмаймын.

Кейін есейе келе тұрмыс құрып, балалы болғанда да ол туралы терең ойландым десем өтірік болар. Бұл мәселеге назар аударып, ол туралы бас қатыра бастағаным кейіннен, тағдырдың біраз теперішін көрген соң ғана.
Әкенің тәрбиесі ұлға ауадай қажет екен. «Әке көрген оқ жонар» деген сөзді бабаларымыз бекер айтпаса керек. Мұның өзі баласы әкесінің қабағын баққанын, анасының «әкең ұрысады», «әкеңе айтамын» деген сөзінің өзі тәрбие болғанын білдіреді ғой.
Екінші перзентіміз ұл бала дүние есігін ашқанда кенеттен жол апатынан күйеуім қайтыс болды. Үш жасар қызыммен, жаңа туған сәбимен аңырап артында қала бердім. Қызым өте кішкентай болса да, маған көп сүйеу болды. Қандай қиындығым болса да, қандай істі бастасам да, мен үнемі сол кішкентай қызыммен ақылдасып, тіпті үйдегі біраз істі соның жауапкершілігіне тапсыратынмын. Мектеп жасына жеткеннен кейін «қыз бала ғой, ертең басқаларға ілесіп, жылтыраққа қызығып «ананы кимеймін, мынаны жемеймін, ананы әпер-мынаны әпер» демесін» деген оймен тапқан табысымның ай сайын қайда жұмсалатынын екеуміз отырып есептейтінбіз. Сондағым азын-аулақ тапқан ақшам тамақ пен төлемдерден артылмайтынын білсін дегенім. Қызым маған ерте есейіп кеткендей көрінетін. Бой жету жағынан емес, отбасылық жауапкершілік жағынан айтқанда. Кейде оным дұрыс емес те болды-ау осы деп өкініп те қоямын. Себебі көп нәрседе тым тартыншақтанып тұратын сияқты.
Ал ұлымды тым еркін өсірдім. Әкесіз дегізбейін деп, бар дәмдіні жегізіп, бар жақсыны кигізіп, бетінен қақпадым. Тым үлпілдете берген соң ба, ұлым әр нәрсеге жылай салатын боркемік, ашуланса аяусыз қатігездік көрсететін адамға айналып келе жатқанын көрдім. Келе-келе бұл мінездердің берген тәрбиемнің қате болғандығынан орын алғанын тағы да кеш түсіндім.
Мектепте сыныптастарымен, басқа да ұл балалармен шекісіп қалса, үнемі "тиіспе, ешкімге қол көтерме, өзі тиіссе де, тиіспе" дей беретінмін. Бір күні туысқан ағам «Сен неге олай дейсің? Ол жігіт болып келе жатыр. Өзі тиіскен адамға әрекетіне сай жауап беруі керек. Егер ол үнемі соқтыққан балаға үндемей қоя салса, басынып алады. Жігіт екен, жігітше әрекет етуі керек. Ал жұдырығын бір батырса, ол сотқарлар ендігәрі жоламайтын болады» деп ақыл берді. Бірақ мен бұл мәселеге әйелдік көзқараспен қараймын да, бір-бірін соғу, төбелес деген нәрседен мүлде шошимын.
Оның үстіне қайын жұртым да «бауырымыздың көзі» деп, оны қатты еркелетеді. Өзімнің қателігімді түсінгеннен кейін оларға да «жөнсіз еркелетпеңіздерші» деп айтқым келеді. Бірақ, қалай айтамын?
Мектепке ілінген сәттен бастап, ұлымның тәрбиесін қалай түзеймін деп арпалыстым. Көктем шыға базарға ертіп апарып, екеуміз жеміс ағаштарының көшеттерін әкеп отырғыздық. Сол ағаштарды өзі күтіп-баптайтын болып келістік. Тағы бірде базардан үйге қажетті тырма, күрек дегендей шаруашылық заттарын алуға ертіп алдым. Сапасына қалай зер салуға болатынын ақырындап түсіндіріп, өзімен ақылдасқан болып, біршама заттар сатып алдық.
Үйде де ер адам жасайтын ауыр жұмыстарды өзім бір жағына шығысып жүріп, ұлыма жасатамын. Орындық, үстелдің аяғы сынып қалса да, өзім жөндей алсам да әдейі «Енді қайттік?! Жасай алатын шығарсың, ә?» деп сұраған болып, өзім бас-көз болып көрсетіп тұрып, ұлыма шегелетемін.
Отын жару, көмірді қоймаға тасу сияқты істерді де үнемі ұлыма мақтау айтып отырып, жартысынан көбін өзім жасап жүріп тындырамыз.
Сондайда «Шіркін, әкесі жанында болса, күнде артынан еріп жүріп-ақ талай нәрсе үйренер еді, тағылым алар еді ғой», - деп өкінемін.
Әлі де болса, түзейтін мінезі көп-ақ. «Көш жүре түзеледі» деген сөздің бала тәрбиесіне қатысы жоқ екен. Қайта мәселе барған сайын күрделене түсетін сияқты.
Қазір ұлым есейіп қалды. Ат жалын тартып мінер азамат болды деп айта аламын. Ұрыссаң, әлі күнге дейін жылап қалады. Осы әдетін қойғыза алмай-ақ қоядым. Еркелігі басым.
Негізінен керісінше, ұлды неғұрлым қатал ұстап, қыз баланы еркелеткен дұрыс екен ғой деп шамалаймын.
Қызымның ісі тыңғылықты, мінезі орнықты. Тек көпшілік ортада өзінен басқаларды жоғары қояды, жуас дегеннен гөрі жасық деген дұрыс шығар.
Ал ұлым еркін сөйлеп, еркін жүргенімен, мінезі қызба, бәрінен өзін биік санайтын менмен болып өсіп келеді.
Бұлардың болашағы туралы ойласам, «неге осылай қателестім екен» деп өкінемін. Ең бастысы саналы болса болды.
Ұлдың тәрбиесі жалғыз әйел адам үшін өте қиын нәрсе екенін ұқтым. Кәдеге жарайтын кеңестеріңіз болса, құлақ түруге әзірмін, оқырман?!

Жәмила, Есік.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста