Олар өте бақытты отбасы болатын. Бірақ, бір күні анасы ауру себебінен сүйікті күйеуі және енді ғана үш жасқа толған сүйкімді қызын тастап, бұл дүниемен қоштасты. Сәби күн сайын әкесінен «Анам қашан қайтып келеді?» деп сұрайтын. Ал әкесі қызын жұбатып, «Қызым, анаң өте алыс бір жерге жұмысқа кетті» деп алдаусыратып ұйықтататын.
Сөйте жүріп, қызы алты жасқа шыққан жылы әкесі мейірбан, ақкөңіл бір әйелмен танысады. Бір күні әкесі қызына: «Қызым, анаң қайтып келетін болды. Сен анаңның түрін ұмытып қалған жоқсың ба?» – деп сұрады. Кішкене сәби ары ойланып, бері ойланып, басын шайқайды. Әке қызын аяп кетті әрі бір жағынан сәл де болса жеңілдеп қалғандай сезінді. Ол әлі де бала ғой.
Дәл сол сәтте есік ашылып, әлгі әйел кірді де құшағын кең жайып, қыздың есімін атап шақырады. Сәл таңырқап, жатырқап тұрған қызына әкесі: «Қызым, анаңды танымадың ба? Тез Анаңа бара ғой», – деді. Сәби ақырын адымдай басып барып, «Ана» деп құшақтай алады.
Кешкі астан соң, әйел қызға ілесіп, оның бөлмесіне кіреді. Екеуі көңілді әңгімелесіп отырғанда қыз: «Сіз менің анам емессіз», – дейді кенеттен. Әйел әрі тосырқап әрі таңырқап қалды. Сәби қыз шошып қалған әйелдің қолынан ұстап, бәсең үнмен: «Менің анам қайтыс болған. Мен оны атам мен әжемнің әңгімелерінен біліп алғанмын. Мұны тек атам, мен және әжем үшеуміз ғана білеміз. Әкем мен басқалар білмейді. Олар әлі күнге дейін анамды тірі, алыс бір жерде жұмыс істеп жүр деп ойлайды».
Сәби сонан кейін жылап жіберуге шақ қалып тұрған әйелдің құлағына сыбырлап: «Бұл екеуміздің ортамыздағы сыр болсын. Әкеме айтып қоймаңыз. Ол білсе, сөзсіз азаптанып, жылайды», – дейді жаңа тапқан «анасын» құшақтап.
Есік сыртында үнсіз тыңдап тұрған әкесінің көз жасы көл болған еді…
muslim.kz