Әйелін сыйламаған еркек түбі оңбайды екен...

Мен бүгін «Алаш айнасы» оқырмандарына көршімнің басында болған оқиғаны жазып отырмын. «Отбасы – ошақ қасы» айдарының тұрақты оқырманы болған соң мен де өзім куә болған оқиғаны сіздермен бөлісуді жөн көрдім.

Мен Алматы облысы, Ұзынағаш ауылында тұрамын. Отбасын құрып, осы жерде тұрып жатқаныма да 10 жылдай болыпты. Мен үлкен әулеттің кіші келінімін, күйеуім қара шаңырақтың иесі. Ата-енем, қайынсіңілдерім, бәріміз бірге тұрамыз. Ата-енем осы ауыл-аймаққа өте құрметті адамдар. Көршілеріміздің бәрімен жақсы араламыз. Ата-енем іргемізде көрші тұратын Кенжебек аға мен Күләш апайды туыстарындай көреді. Мен де келін болып түскелі осы кісілерді де өзімнің ата-енемдей сыйлауға тырысып келемін. Күләш апайдың бір ұл екі қызы бар. Қыздары тұрмыс құрып, бір-бір шаңырақтың келіні болды. Олардың тойында қызмет етіп, қуаныштарын бірге бөлістік. Қыздарын қияға қондырған ата-ана жалғыз ұлдарының отбасын құрып, немерелі болсақ деп күтіп жүретін. Бірақ жалғыз ұл болып өскен соң ба Мәлік өте ерке, мінезі де шатақтау болып ержеткен екен. Оны ата-анасының өзі айтып отыратын. Күләш апай біздің үйге келіп шәй ішіп отырғанда енем екеумізге әңгімесін айтып, ұлына жақсы қыз кездессе, қылтың-сылтың жүрісін қояр деп үміттенетін.
Мәліктің қыздармен көп қыдыратынын, тіпті өзінен үлкен әйелдермен көңіл қосып, балалы әйелдердің үйінде түнеп шығатынын естіп жүретінбіз. Ұлының осы қылығына ата-анасы қатты налитын.
Бірде таң ата Күләш апай біздің үйге жүгіріп келіп, мамама Мәлік мас күйінде бір қызды жетектеп алып келгенін айтты. Сонымен көрші-көлем жиналып әлгі қыздың ықтиярын алып келін етіп түсірді. Мәліктің есі кіресіл-шығасылы, қасында бір топ досы бар. Жаңа түскен келінмен Мәлік сол күні кешке бір туған күн кешінде танысқан екен. Бір рет биге шақырғаны болмаса, екеуі тіпті бірін-бірі танымайды да. Ішіп алған достары дуылдасып жүріп әй-шайға қарамай қызды дедектетіп Мәліктің үйіне алып қашып келіпті. Сонымен не керек, босағаны аттаған қыз қалуға келісті. Соңынан ата-анасы келіп біраз ренжіп, соңында қыз өзінің осы босағада қалатынын айтты.
Алғаш келін болып түскенде Гүлім өте тұйық болатын. Мен Гүлімнің бір көрген жігітке, оның үстіне ішіп алған мас жігітке тұрмысқа шығуға келіскеніне қарап біртүрлі болып қалдым. Бірақ ішкі жан-дүниесін білмейтін адам туралы не ойлайсың? Уақыт өте келе Гүлім екеуміз жақсы араласып, дос болып кеттік. Қолымыз бос кезде мен оған, ол маған келіп тұрады, әңгімелесіп шәй ішеміз. Жақынырақ таныса келе мен оның жап-жақсы қыз екенін білдім. Үйдің тірлігіне де пысық, епті. Өзі сондай балажан, менің баламды ойнатып, тәтті-дәмдісін беріп, кейде тіпті «сіз жұмысыңызды бітіріп алыңыз, мен ойната тұрайын» деп қызымды үйіне алып кететін. Бірақ ол қанша күлімдеп тұрса да, көзінде бір мұң тұратын. Кейін білдім, ол анасынан ерте айрылған екен, өгей шеше тәрбиелеген. Сондықтан болса керек, ол өзінің отбасын құрып, жанына жақын адамдары болғанын қалаған секілді. Күләш апай да келінін жақын тартып, жылы сөйлеп отыратын. Өйткені ана өз баласының кемшілігін білгендіктен болса керек, келінінің осы әулетке сіңіп кетуіне барынша көмек беруге тырысты. Бірақ Мәлік келіншегін сүймегендіктен бе, әлде өзінің болмысы сол ма, күйеу болып әйеліне жылы сөйлеп, еркелетіп, қамқорлық жасаған емес. Гүлім күйеуін жамандамайды, тіпті ол туралы сөйлеспейді де, бірақ сырт көзге олардың арасында түсіністіктің жоқтығы көрініп тұратын.
Қашан көрсең Мәлік ішіп келеді, еркек болып аулада тіршілік жасамайды, күні бойы ұйықтайды, күні бойы қыдырады. Уақыт өте келе Мәлік өзінің басқа қыздармен жүретінін тіпті ашық айтатын болды. Күйеуінің осындай қылығына төзуге тырысып-ақ бақты Гүлім. Күләш апай да, менің енем де оған барынша ақылын айтып отыратын.
Гүлімнің тұңғышына аяғы ауыр кезінде оны күйеуі бір емес, бірнеше рет көкала қойдай сабады. Бірде таң ата күйеуі тағы да ішіп алып кеп, қол көтерген екен, ол шыдамай біздің үйге қашып келіпті. Сол күні ата-енесі қалада тұратын қызының үйіне кеткен болатын. Байғұс келіншектің қол-аяғы дірілдеп кеткен, беті-басы ісіктен көрінбейді. Енем екеуміз күйеуімді оятып, оны ауруханаға жеткіздік. Гүлім баласын мерзіміне жетпей ерте босанды. Баласы өте әлсіз боп туды. Қайта жарығы бар бала екен. Ұзақ уақыт ауруханада жатып шықты. Күләш апай Гүлімнің алдына өзі барып, ұлы үшін кешірім сұрап, келінін үйіне алып келді. Гүлімнің бар алданышы да, жақын адамы да баласы болды. Ол баласын мәпелеп бағып адам қатарына қосты. Баласы туылғаннан кейін Мәлік біраз уақыт тынышталып қалғандай болды. Біраз күн тіпті үйден шыққан жоқ. Бірақ бала бір жасқа жеткенде ол өзінің бұрынғы әдетіне қайта басты. Қыз-қырқынмен көңіл көтеруді қоя алмады ақыры.
Гүлім де күйеуінің осы қылығына мойынсұнды ма, әлде басқа амалы болмады ма іштен тынып жүре берді. Бала біраз қатайып, атып-тапыл жүре бастағанда Күләш апай немересін өзі қарап, Гүлімді жұмысқа шығарды. «Келінім аздап сергісін, жұмыс істесін, ақша тапсын, немеремді өзім қараймын» деп енесі Гүлімнің жұмыс істеуіне рұқсат берді.
Гүлімнің мамандығы есепші екен. Ол ауылымыдағы мектепке есепші болып орналасты. Бас кезінде есепшінің көмекшісі болып жүретін, кейін өзінің мамандығына әбден машықтанып, есепшілік қызметті толыққанды атқара бастады. Жұмысқа шыққаннан кейін ол өзгеріп, өз-өзіне қарап, тіпті жадырап күліп жүретін болды. Бәріміз бұған қуандық. Екеуміздің басымыз қосыла қалса, ол өзіне алған жаңа киімін көрсетіп, маған косметикалық бұйымдарын сыйлап бір мәз болып қалатынбыз. Ол тіпті Мәліктің әйелі емес, сол үйдің қызы секілді болып кетті. Өйткені оған күйеуі әйелі екен-ау деп көңіл бөмейді, есесіне ата-енесі Гүлім мен немересіне жақсы қарады.
Уақыт деген білінбей зырлай береді ғой. Бірде Гүлім екеуміз сырласып отырып, ол маған басқа жігітті ұнататынын, жанына жақын адамды енді кезіктіргенін, соған еріп кетіп қалғысы келетінін айтты. Әрине, отбасы бар әйелдің мұндай қылығын кім де болса ерсілік деп қабылдайды ғой. Басында мен де Гүлімді райынан қайтаруға тырысып, алдамшы сезімге бола от басып жүрмесін деп кеңесімді бердім. Бірақ мен оны әйел ретінде түсіндім. Өйткені өз күйеуінен жылу көрмеген, ештеңе сезінбеген әйел не істеуі керек. Егер мен Гүлімді, оның мінезін білмесем, оны жерден алып, жерге салар едім. Бірақ ол отбасын сақтауға барынша тырысты, күйеуінің небір қылықтарына барынша тістеніп шыдауға тырысты, тіпті өзіне баурап алу үшін де қолынан келгенінің бәрін істеді. Ал Мәлік болса, сүп-сүйкімді, жап-жас келіншегінің жанында болудың орнына кез келген салпы етек кексе әйелдермен жүруін тоқтатпады.
Дәл сол кезде Гүлімнің әбден басы қатып, не істерін білмей дал болып жүргенін, жан дүниесінде қандай арпалыстың болғанын мен айта алмаймын, бірақ ол ата-енесін, баласын ойлап, өзінің басқа жанға деген сүйіспеншілік сезімін тұншықтыруға тырысып-ақ бақты.
Екеуміз сырласып отырғанда ол маған өзі ұнататын жігіттің өзімен бірге мектепте жұмыс істейтінін айтты. «Бір-бірімізді жақсы көреміз, өмірімдегі ең маңызды адамдардың бірі балам болса, екіншісі сол. Мен оған арамызда ешқашан ештеңе бола алмайтынын айтып түсіндірдім, мен оны сүйемін, бірақ некелі күйеуіме адалмын» деп ағынан жарылды. Мен Гүлімнің өтірік айтпайтынын білемін, ақиқат оның көзінде-ақ тұрды. Осындай күйде жүрген Гүлімге тағдыр өзі-ақ мүмкіндік берді.
Бір күні Мәлік ішін қампитып бір қызды жетектеп келді үйіне. Өзі мас, сондағы айтқаны, «Гүлім танысып қой, мынау менің екінші әйелім, екеуің бір үйге сыятын шығарсыңдар» дегені. Сонда осынша уақыт шыдап келген Гүлімнің төзімі тауысылды білем, ол Мәліктің бетіне тура қарап тұрып ішіндегісінің бәрін ақтарды. Ол өзінің басқа жанды сүйетінін, тек ата-енесін ғана сыйлап осы босағада жүргенін де айтып салды. Мәлік оған қол ала жүгіріп еді, әкесі баласын сол жерде сабап тастады. Әке-шешесіне де, туған-туысына да әбден сүйкімі кеткен Мәліктің әкесі сондай сабырлы жақсы адам. Бірақ баласының ессіздігі әбден жүйкесін жұқартып бітсе керек, айызын бір қандырды. Әншейінде баласын қорғаштайтын анасы да араға түспеді. Ал Гүлім сол күні өзінің сөйлесіп жүрген жігітін ертіп әкеп, ата-енесінен кешіріп сұрап, баласын алды да әлгі жігітпен еріп кете барды.
Қазір Гүлімнің өз сүйген адамымен отбасын құрып тұрып жатқанына да 3 жылдай болы. Екеуміз арамыздағы достығымызды үзген емеспіз, араласып тұрамыз. Ал Мәлік болса, қазір өзгерген, арақты да қойды, қыдырмайды да, бірақ екінші әйелімен де тұра алмады. Мәлікке жүкті болып тиген қыз екі айға жетпей кетіп қалды, одан кейін қайта келген емес. Отбасын барында бағаламаған, әйелін сыйлап, баласын басынан сипай алмаған еркек оңа ма? Ол өзінің қателігін түсінді ме, түсінбеді ме, білмеймін, әйтеуір үн жоқ. Ал Гүлім қазір Мәлік туралы естігісі де келмейді. Өз басым оны түсінемін, кінәламаймын. Тағдыр....

Айсара, Алматы облысы

Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз:

Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста