Әйелімді кешіре алмаймын...(болған оқиға ізімен)
Таңертең жұмысқа келе жатып, жаныма жайғасқан келіншектің әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім. Біреумен сыбырласып, телефонмен сөйлесіп отыр. Сыбырлаған сайын қызығушылығым артып барады. Тыңдауға, қызығуға болмайтынын білсем де, келіншектің шарасыз халін естіп, жаным ашыды. Не болды екен деп сіз де қызығып отырған шығарсыз. Айтайын...
Түсінгенімше, әлгі келіншек бір ата-анадан тараған жеті қыздың бірі. Орталарында жалғыз ағасы бар. Сексеннен асқан анасы сол жалғыздың тілеуін тілеп, жаратқаннан соның ұрпағының амандығын сұрап отырады екен. Ағасы өзі сүйіп қалаған Жанат жеңгеймен бақытты өмір сүріп жатқандай болған. Бір ұл мен екі қыз өсіріп отырған жеңгемізге желік бітіп, жас жігітке көңілі ауыпты. Мұндай сұмдықты әр жерден оқып жүргеніммен, куәгерден естіген мүлдем бөлек екен. Ең сұмдығы Жанат пен жігітінің кездесіп тұрғанын күйеуі көріп қойған. Мұндайды күтпеген жас жігіт 4-қабаттан секіріп кетіпті. Зар жылаған ата-ана жап-жас баламызды бұзды деп Жанат жеңгейді сотқа беріпті. Қатын құтырды деген осы шығар... Күйіп-пісіп таусылып отырған жолаушы қыз білуімше қайын сіңлісі болса керек. Асығып келесі аялдамадан түскен келіншек ауыр халде жатқан анасына асығып барады екен. Қайран ана! Келіннің сатқындығын көтере алмаған ғой...
Естігенімді әріптестеріме айтып, «сұмдық-ай!» деп жағамызды ұстап отырғанымда:
- Мұндай сұмдықты енді естіп отырсың ба?, - деді Гүлнар есімді есепші келіншек. Саған күйеуімнің жұмысында болған оқиғаны айтып берейін деді жаныма жайғасып...
Қалалық Ішкі істер басқармасында қызмет істейтін көршіміз бар еді. Ерлі-зайыпты екеуі де полиция. Сырттай қарағанда адам сүйсінетіндей жұп. Бір күні олардың үйінен айқай-шу шықты. Әйел үйден жылдамдатып шығып, бетіп басып қашып барады. Артынан күйеуі сыртқа киімдерін лақтырып тастады. Әркімнің үйінде болатын «ыдыс-аяқ» бұларда да сынған ғой дедік те жүре бердік.
Бір-екі күн өткен соң, көршім есігімізді қағады. Тепсе темір үзетін жігіттің түрінен түр жоқ, жүнжіп кетіпті. Ұнжырғасы түсіп, жағы суалып, әшейінде жанып тұратын жанары үмітсіз ғана сығыраяды. Менің таңданып тұрғанымды байқады ма:
- Өткендегі айқай-шу үшін кешірім сұраймын, - деді міңгірлеп.
- Ондай-ондай боп тұрады ғой, ештеңе етпес, - дедім одан сайын ұялтпайын деп.
-Сіз де жолдасыңыздың көзіне шөп саласыз ба? – деді жанарын тіктеп.
-Құдай сақтасын, не деп тұрсың? – дедім сілкініп.
-Мен ол үшін не істемеді деп сұрасаңыз болады, - деді де жанарына іркілген көз жасын сырт айналып сығып алды көршім.
Жігіттің жылағанын көріп, жүрегім сыздап кетті. Неге жылайсың, ондай қатынды қуып жібер, - дедім жағдайды жеңілдеткен болып.
- Қалай қуайын, сүйіп қосылған жарымды. Бірақ кешіре де алмаймын. Екеуміз бір ұжымда істейміз. Әйелімнің абыройы биік болсын деп шенін өсіруге көмектестім. Өзім сержант болсам да, әйел шен тақсын дедім. Жұмысқа қатынау қиын соққан соң, несиге көлік әпердім. Ақыр аяғында өзімнің әріптесіммен саунадан ұстап алдым, - дедім терең күрсініп. Соңғы кездері ұялы телефоннан көз алмайтын әйелімнен бекер күдіктенбеппін. Ваннаға кіргенін пайдаланып, ұялы телефонына келген хатты ашып қалдым. «Кешке саунада кездесейік» депті. Хат әріптесім Нұрланнан келіпті. Не істерімді білмедім, басым шыңылдап қоя берді. Тез есімді жиып, не де болса соңын күтейін дедім. Әйелім шығып, ойында ештеңе жоқ, маған байқатпаған болып, телефонын алды да, дереу асүйге кетіп қалды. Содан бақылауға алып, келіншегімнің артын аңди бастадым.
Бар әдемі көйлегін киіп, ұзақ дайындалған әйелім «анама барамын» деп жылдам басып шығып кетті. Жарайды деп, көп ұзамай мен де соңына түстім. Ақыры жаңағы айтылған саунаға кірді. Өз көзіме өзім сене алар емеспін. Саунаның сыртында не істерімді білмей тағы дағдарып тұрмын. Бір уақытта өз-өзімнен күш жинап алып, ішке кіріп бардым. Даяшыға тапсырыс берсе керек, денесін ақ жаймамен ораған жігіт есікті ашты. Арғы жағы белгілі ғой. Әйелімді үйден қуып шықтым, - деді көршім ауыр күрсініспен әңгімесін аяқтап. Есепші екеуміз де үнсіз қалдық...
Таңертеңгі естіген екі әңгіме миымды шыңылдатып жіберді. Түске дейін не істеп, не қойғанымды білмеймін. «Күйеуім қыдырады, оны қалай алдандырам» деп бас қатыратын әйелдер енді өздері қыдыруға шыққан ба дейді бір ойым. Бір ойым, еркектің өзі кінәлі, өзгеден іздеген жылылықты әйеліне өзі берсе, басқаға қылмыңдамас еді ғой дейді. Басымды сілкіп, өз ойымнан өзім шошып кеттім. Бәріне әлеуметтік желі кінәлі... дей бергенімде, мессенджерге «Сізбен танысуға бола ма?» деген хат келіп тұр. «ЖОҚ!» дедім бірден. Бұл әрекет менің ойымның нақты дәлеліне айналғандай. Әлеуметтік желіге абай болмасақ, мына түрімізбен шырқымыз бұзылады ғой. Ең бастысы, әйелге тыйым керек. Еркекке ше? Сіз не дейсіз?
Гүлназым
Белгілі себептерге байланысты кейіпкерлер есімі
өзгертіліп алынды.