Көп балалы отбасының үлкенімін. Әке-шешем ауыл аймаққа сыйлы, өте қадірменді жандар еді. Амал нешік, екеуі де жастай кетті, олар арғы жаққа аттанғанда кіші інім бесікте-тін. Мектепті бітірген соң «жоғарғы оқу орнына түсемін», «дәрігер боламын» деген арманымның күлі көкке ұшты.
Ендігі менің бар арманым жетім қалған бар бауырымды жетілдіру болатын. Менен кейінгі жеті бауырымның бар тауқыметі менің мойныма ілінді. Жетімектерге бөлінген аз-маз жәрдемақыны тартқылап бәріне жеткізуге тырыстым. Оның өзі бәрібір жетпейтінін білген соң әкемнен қалған аз ғана малдың қарасын көбейтіп, өсім көруді армандадым. Қысы жазы сиырдың сүтін сатып, құрт істеп, оны пұлдап бауырларымның жыртығын бүтіндеймін деп жүргенде отызды да орталап қалыппын. Мен құралпылардың барлығы да бір-бір үйдің түтінін түтетіп кеткен, алды бес-алты балалы-шағалы да болып қалған. Жанашыр жеңешем Айман келіп бізге қарасып тұратын. Сол «інілерің қарақанат болып қалды ғой, енді өзіңді ойла. Ертең қырықтан асқан соң кімге керексің» деп маған болысқанситын. «Мыналарды көздерін жәутеңдетіп қалай тастап кетемін. Менсіз өледі ғой бұлар, бұларсыз менің күнім жоқ» деп жылаймын. Расында қара басымды ойлап, бауырларымды тастап күйеуге тиіп кету мен үшін қылмыспен пара-пар-тын. Бұл кезде бұрынғы әдемілік көзден бұл-бұл ұшқан. Көзімнің алдын әжім торлап, шашыма да ақ араласып үлгеріп еді. Жас кезімде жігітпен жүрмек түгілі оны ойламаппын да ғой. Жасым қырыққа таянғанда әйелі өлген немесе ажырасқан еркектер айттырып келе бастады. Қара басымды ойлауды қойған мен бауырларым үшін байға тимеймін деп баяғыда-ақ шешіп қойғанмын. Баста бір екеуін үйден қуып шыққанмен, келе келе олардың да қарасы азайды.
Жәукемдеп жеткізіп жүріп үлкен інімді үйлендірдім, одан кейін екіншісін, одан сіңлілерім кете бастады. Жетім қыздың тойындай қылмайын деп той жасап бере алмасам да жасау жабдығын барынша түгендеуге тырыстым. Інілерім де жұмысқа жарап қалған, тапқандарын ортаға салады. Бауырым бауырым деп тартқанмен де бәрібір қойнындағы қатыны қымбат болады білем, бұрын інілерім ортақ қазанға әкеп құятын болса кейіннен өздеріне көбірек қалдыратын болды, артынша тіптен тапқан табыстары сұйылып барып кейіннен тіптен бермейтін де болды. «Отаны бөлек отын бөліспейді» деген өздерімен өздері болса сол да жәрдем деп үндемейтін болдым. Ақырында үйде кіші інім екеуміз-ақ қалдық. Сол кезде ғана жалғыздық дегеннің тым қиын екенін ұққандай болдым. Қу тіземді құшақтап жылап шығатын түндерім көп. Бауырларым аман болсын деп өз өзімді алдарқатып жұбатып қоямын. Бірақ мені ойлап жатқан олар бар ма? Бәрі өз жартыларын тауып, түтін түтетіп отыр. Оларға кінә да арта алмаймын. Тартқылап жүріп, үлкендерінен үлесін алып жүріп жабылып кіші інімді үйлендірдік. Жалғыз қалғанның көкесін енді көргендеймін. Бұрын қорқамын деп қойныма тығылатын інім де жоқ. Түн баласы елеңдеп, елегізіп жатамын. Келінім тікбақай қаланың қызы еді, үйдің тірлігіне қыры жоқ. Үйренсін деп бір жағына мен шығысамын. Сонда да үйренер болмады. Балаларын топырлатып бірінен кейін бірін дүниеге әкелген соң тіптен жүнжіп кетті, бір тірлігі бітпейді. Түнімен бала жылап шықты шаршаған шығар деп тірлігінің бәрін мен істеймін. Тамағын да мен беремін. Тап бір мен соған міндетті де сияқтымын. Тіптен малайы да сияқтымын. Қатты шаршаймын. Бұрынғыдай емес, бәріне бірдей бәйек болуды денсаулық көтере бермейді. Інілерім де бұрынғыдай емес көңілімді аулап тұрмайды. Жалғызсырайтын сәттерім көп. Сондайда екі қолымды төбеме қойып безіп кеткім келеді. Бір сәт бауырларым қаладан бір бөлмелі үй әперсе ғой деп армандап та қоямын. Үлкен ініме бір жолы құлаққағыс та еткенмін. Құлағын қасып «көрерміз» деген бірақ тым тырыс болып кетті. Менімен жақсы араласатын келінім аузы сүйреңдеп жүріп інілерімнің әйелдерімен қырық пышақ болып ұрысқанын айтып қойды. «Біз оған үй әперуге міндетті емес шығармыз» деп бажылдаған келініме «жастық шағын қор етіп бізді адам қылды» деген інімнің уәжін құлағына да қыстырмаса керек.
«Құрысын бір бірімен маған бола ұрыспасыншы» деп бұл әңгімені айтпайтын да болдым. Кейде ойға қаламын расында бір солар да аузыммен тістегендей жеткіздім ғой соларды. Онымды міндет қылмаймын бірақ. Сонда да бір сәт менің жағдайымды ойлап бәрі жабылып ортадан үй алып берсе болар еді ғой деп қоямын. Жасым елуден де асып кетті. Кейде ойлап қоямын 40-қа жақындағанымда айттырып келген азаматтар қайтадан келсе, бас тартпас едім деп. Шынымды айтсам өкінемін сол қылығым үшін. Сексендегі шалдың иегі қышымаса баяғы қырма сақалдар да жоқ бүгінде. Осылайша сүрленгенде де қатты сүрленген кәрі қыз болып өмірім өтіп барады. Бір ауылдасым бірде «әй сен әлі қызсың ба, ана жаққа қыз болып барған күнә дейді ғой, соны ойладың ба» деп айтып салды. Қайтейін барша жұртқа күлкі болсам тағдырым шығар, амалым не? Дүниедегі ең қорқынышты нәрсе жалғыздық екен. Әйел ретінде еркек қызығын көрмек тұрмақ, адам ретінде қызық өмір сүре алмай, өмір бойына бауырларым деп өмірімнің өтіп бара жатқанына қынжыламын. Әр адам өзі үшін өмір сүруі керек екен. Соған көзім жетті. Қыз баланың жолы ауыр екен жалпы. Осы уақытқа дейін кім үшін өмір сүрдім деген сұрақтар түнімен мазалайды. Шаршадым бәрінен...
Баршагүл, Алматы облысы
alashainasy.kz/