Әйелдер күйеу үшін күресіп жүр
Күйеу үшін күрес…жүріп жатқандай бүгінде. Расында заңды түрде некеге тұрып, үбірлі-шүбірлі болып отырған отбасылардың іргесі сөгіліп, ажырасушылардың армиясын көбейтіп жатқаны жасырын емес. Оған себеп: оның себебі көп. Орта жолға келгенде ойы бұзылған отағасылар бала-шағасын жетім, әйелін жесір етіп тастап кетіп жатыр. Біреудің бақытын ұрлап жүрген бұрымдылардың қосар үлесі қомақты мұнда. «Алаш айнасының» тілшісі күйеуге талас қалай жүретінін байқап көрген еді.
«Өзгені жылатып, тартып алған бақыттың баянды болмайтынын» айтып жарты күн тегін лекция оқысаң да құлағына қыстырмайды. Өйткені олардың кейбірі «басқалар күйеуге тиіп бақытты болып жатқанда менің құқым жоқ па?» деп қақылдауы мүмкін. Көзі тұнғандардың дені обал-сауапты ұмытты. Әйел байғұс балаларының болашағы үшін шырылдап әлек, ал жақындығы жездедей-ақ әке шіркін жас иісті аңсап, отбасы бақытын бір шетке сырып қойып сайрандап жүр. Мұның бәрі де кейде тоқтықтың, баршылықтың әсеріндей сезілетіні бар. Өйткені «өзбек байыса там салады, қазақ байыса қатын аладының» кері келіп тұрғандай. Бұрынғы заман болса ғой, жағдайы жарасып тұрса 5-6 әйел алуға рұқсат беретін, ол күн келмеске кеткен. Бір адамға тұсаулап қойған заман орнаған соң әйел-байғұс отағасын өзгелерден қорғаштап әлек. Содан бері әйелдердің психологиясына мықтап дәнін сепкен «бір әйелге – бір күйеу» қағидасының тоңы жібіген жоқ. Алда-жалда тоқал алу мәселесі заңмен бекітіле қалғандай жағдай болса, онда күндестер көтерілісі бұрқ ете қалуы кәдік… Бүгінде күйеу үшін күресіп, тіресіп, тіпті жұлысып жатқандар көп… Отбасының іргесінің мықтылығына мақтанатын қазақ бүгінде ажырасушылардың алдын бермей тұр. Егер осы санатта әлемдік санақ жүргізілсе бәйгені шаппай алатын түрі бар. Бейресми мәліметке сенсек отау көтергендердің үштен бірі ажырасады екен… Босағаның бекемдігіне баса мән беретін бұрынғылардың басты ұстанымы бүгінгіге жүрмей қалды. Оған кінәлі азған қоғам, тозған заман дерсіз. Сол қоғамды да, заманды да адам жасап отырған жоқ па? Сонда жанұясынан безінердей жалпақ жұртқа не көрінді?…
Расында бүгінде психологтар сырттан қызық іздеген отағасын ойлап, отбасын қалай сақтап қаламын деп басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып, жүйкесі жұқарған әйелдердің көмек сұрап келуі тым көбейіп кеткенін алға тартады. Бұрын өзге ұлттың өкілдері жиі келетін болса бүгінде қандастарымыздың қарасы қалыңдап бара жатқанға ұқсайды. Отбасы құндылығын сақтауға шамасы келмей қайығы қайраңдаған, қайғысы көбейген қазақ әйелі күйеуі үшін тіпті қолын қанға малып, қылмысқа да барып жатыр.
Бірінші оқиға
Осыдан бір-екі жыл бұрын оңтүстіктегі мақталы өңірде орын алған сұмдық жағдай жұрттың жағасын ұстатып еді. Ел қатарлы бала-шағасын бағып, тып-тыныш тұрып жатқан отбасы дүкен ашып, тойхана салған отағасының ақшасы көбейген сайын тынышы қаша бастайды. Күйеуінің солақай жүрісінен секем алған отанасы өзінше «ізге түсіп» байқайды. Өздерінің дүкенінде сатушы болып істейтін жап-жас үлбіреген қыз отағасының ұйқысын ұрлап жүрген болып шығады. Сол күннен бастап отағасын райынан қайтармақ болып жанталасқан әйелдің дегені бола қоймайды. Ақырын да айтады, бақырып та айтады. Бірақ онысынан түк шықпайды. Бұдан басқа жолды дұрыс деп таппаған отанасы киллер жалдап әлгі жас қызды өлтірмек болады. (Төрде тұрған «көрнекі құрал» темір жәшіктен көргені болар). Жалдаған адамы қызды өлтірдім деп мол ақша алады. Алайда жеңіл жараланған қыз тірі қалып, өзін кімнің атқанын тәртіп сақшысына баяндап береді. Жіптің ұшы қолдарына тиген соң індетіп ізге түскенде тапсырыс берушінің кім екені белгілі болып қалады. Осылайша отбасын сақтап қаламын деп жанталасқан әйел қолына кісен салынып, темір тордың аржағына аттанды.
Екінші оқиға
Күйеуінің көптен бері әлдебіреумен көңіл көтеріп жүргенін байқаған келіншек оңтайын тауып оқиға үстінде ұстап алады. Өз көзімен көріп, қаны басына шапқан әлгі көңілдесінің шашына жармасып, жұлып тастайды ғой. Бірақ бұл ісі өзіне бәле болып жармасты. Өзін кінәлі санамаған көңілдес ертесіне ішкі істер бөліміне арыз түсіреді. Заңды некеде тұратын әйел бір-екі бап бойынша айып тағылып, бірнеше күн отырып шығуына тура келеді. Сонда бұл жерде кім кінәлі?
Үшінші оқиға
Төрт бала-шағасы бар келіншек отағасының сыртта біреумен ойнап-күліп жүргенін білген соң, «уақытша шығар, есі кірген соң бала шағасын ойлап, райынан қайтар» деп кешіріммен қарап көп күтеді. Алайда жұмысындағы жеңіл жүрісті есепші келіншектің етегінен мықтап ұстаған күйеуі шындап кетуге айналғанда отанасы қайынжұртынан көмек сұрап, сауын айтады. Ағайын туысы жиылып барып әлгі келіншекті ортаға алады. Ал сөз тыңдауға құлқы жоқ отағасын бауырлары тіпті ұрып сабасына түсіруге тура келіпті. Үйге алып келген соң «көзі ашылған» күйеу солақай жүрісін зорға тыйса керек. Төрт баласының бал күлкісін қайдағы жоқ желөкпеге айырбастайтындай ер-азаматтарымыздың басына не күн туған сонша?