Жұлдыз Айтбайқызы (есімі өзгертілді) бүгінде екі баланың анасы. Тұңғышын жас ана ата-әжесінің тәрбиесіне берген. Бір күні әжесі немересінің порно видеолар қарап жүргенін байқап қалады. Артынша мұның барлығын Жұлдызға айтып береді. Мұндай жағдайда не істерін білмеген Жұлдыз тәжірибелі ата-аналардан көмек сұрады.
Бұл туралы “Әйел бақыты” бағдарламасына жолданған хатта жазылды, деп хабарлайды Stan.kz.
24 жастағы Жұлдыз есімді бойжеткеннің екі қызы бар. Тұңғышын ата-әжесі, кішісін өздері тәрбиелеп жатыр. Бірнеше күн бұрын әжесі келіп немересінің порно видеолар көретінін айтқан. Мұны білген Жұлдыз бастапқыда қызын ұрмақ болады. Артынша райынан қайтып, оған сөзбен түсіндіруге тырысады. Әзірге бұл әрекетінен қаншалықты нәтиже болатындығы белгісіз. Сол себепті, Жұлдыз тәжірибелі ата-аналардан көмек сұрады.
“Жүрегім қатты ауырып отыр. Жасым жиырма төртте. Аллаға шүкір, екі қызым бар. Біріншісі биыл 1-сыныпқа барды. Тұңғышым әжесінің қолында тәрбиеленіп жатыр. Кеше әжесі келіп маған қорқынышты жағдайды баяндады. Қызым тығылып порно видеолар көреді екен. Мұны әжесі көре салысымен ұрысып берген. Қызым қатты жылап, не айтарын білмей тұрып қалған көрінеді. Кешкі мезгілде оны үйге алдырып, болған жағдай туралы сұрадым.
Әдетте менен ғана қорқатын. Дірілдеп, жылап кетті. Өз-өзімді әрең ұстап, порно видеолардың адамға жақсы тәрбие бермейтінін түсіндіруге тырыстым. Мұндай видеоларды көрген балалардың кейін шылым шегіп, ішімдікке салынып кететінін айттым. “Мен сені таяқтап жатқан жоқпын. Бұлай жылама. Бірақ сенің осы қылығың үшін мен қынжылудамын, жүрегім қайғыдан қан жұтып отыр. Менің қызым осыншалықты жаман ба еді?” дедім. Ол үнсіз қалды. Ләм-мим деп жауап қайтармады. Айтыңыздаршы, мұндай жағдайда не істеуге болады?
Қыз баланы тәрбиелеу өте қиын ғой. Қалай ойлайсыздар, оған барлығын дұрыс түсіндіре алдым ба? Әдетте бала бұзықтық жасаса, ұратын жаман әдетім бар еді. Бірақ, бұл жолы өзімді әрең ұстадым. Ол қызға таяқпен ешнәрсе ұқтыра алмайтынымды сезгендей болдым. Өтініш, тәжірибесі бар ата-аналар ақылдарыңызды айта отырыңыздаршы”, – дейді бүлдіршіннің анасы.