23 жастағы түркістандық ару 67 жастағы оңтүстіккореялық азаматқа ұзатылды
Түркістан облысы Сайрам ауданының 23 жастағы тумасы оңтүстіккореялық 67 жастағы қартқа тұрмысқа шықты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Аikyn.kz тілшісі Arbat.media ақпарат көзіне сілтеме жасап жазды.
Бұл ақпарат korea_komek парақшасында жарияланған.
Жазбадағы мәліметке сәйкес, егде жастағы корей азаматы жиырмадан енді асқан бойжеткенмен отау құрып, Түркістан облысында ұзату тойы өткені туралы бейнежазбаны жариялады.
Менің көз алдымда 67 жастағы корей азаматы 23 жастағы қызбен отбасын құрды. Қыз бала Сайрам қаласының тұрғыны еді. Мен сол қызға «саған жастау кәріс немесе өзіміздің жігіттер табылмай қалды ма?» дегенімде ол жай ғана «махаббат жасқа қарамайды» деп сөзін қысқа қайырған еді, – деп жазды парақшаның әкімшісі Самат Ахметов.
Ол жариялаған бейнежазбада 67 жастағы оңтүстіккореялық азаматтың Қазақстандағы тойханалардың біріне салтанатпен кіріп келе жатқаны анық көрінеді. Бұған қатысты желі қолданушылары көптеген пікір жазып қалдырған. «Айдананы жайына қалдырыңдар. Оның жұбайы қазақ тілін үйреніп жүр. Олар барлық салт-дәстүрді ұстайды», «Жайлы өмірді қалаған шығар», «Кімнің кімге шыққанында не жұмыстарың бар?», «Қазақтан қамқор жігіт табылмады ма?» деген сынайда көптеген пікір жазып қалдырған.
Сондай-ақ, парақшада соңғы 3 жылда корейлерге тұрмысқа шығып жатқан қазақстандық қыз-келіншектердің саны 40 пайызға артқаны туралы дерек келтірген. Мәселен, 2020 жылдан бері 86 қыз-келіншек оңтүстіккореялық азаматпен отбасын құрған көрінеді.