Міне, күллі мұсылман баласы асыға күткен қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Бұл ай – қасиетті Құранның құтты аяттары түсе бастаған, жасалған ғибадаттары үшін еселеп сауаптар жазылатын, тілеген дұға-тілектер қабыл етілетін мүбарак ай. Сондықтан бұл айда мұсылман баласының басым көбі ораза ұстап, ауызашар беруге, сауапты іс жасауға асығады. Бүгінгі таңда кейбір шенділер, басшылар қол астындағы қызметкерлерге ауызашар беруді дәстүрге айналдырып келеді. Алайда бұл жалпы қоғамдық дәстүрге айналмай отыр. Осы ретте кейбір мамандар «Ұжым басшыларының ауызашар беруін дәстүрге айналдыруды міндеттеу керек» дегенді алға тартып жүр. Шынында да, осылай ету керек пе? Бұл ретте мамандар пікірі екіге айырылды.
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:
иә
– Кез келген мекеме басшысы өзінің ұжымының ынтымақта, татулықта, бірін-бірі түсініп, айрандай ұйып отырғанын қалайды. Ал ислам діні әрбір адамды тек жақсылыққа, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелейтінін ескерсек,қасиетті ай саналатын – оразада ұжымға ауызашар беру – үлкен нығмет. Егер ауызашар беру әрбір басшының дағдысына айналатын болса, онда ол ұжымда береке-бірлік, ынтымақ, ұйымшылдық, татулық орнайтыны сөзсіз. Сондықтан ұжымның ауызбіршілігін сақтау үшін осындай қасиетті айда әкімдерге, атқамінерлерге ауызашар беруді міндеттесек, оның еш сөкеттігі жоқ деп есептеймін.
Біріншіден, ораза, ауызашар беруге мейрам, салт-дәстүр ретінде қарауымыз керек.
Қазір шүкір дейік, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап қайта оралған ата дініміз – Ислам елімізде едәуір қарқынды дамып келеді. Оның жарқын мысалы – еліміздің түкпір-түкпірінде күн санап ашылып жатқан мешіттер мен медреселер, Алланың жердегі үйі болған бұл қасиетті мекендерге келіп, Аллаға мінәжат етіп, сәждеге бас қоюшылар қатарының көбейіп келе жатқандығын айтуға болады. Сондай-ақ халқымыздың ынтымақ бірлігі артып, көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері дүрдараз болмай, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Мұның барлығы дініміздің діңгегінің берік қаланып келе жатқандығынан десек артық айтқандық емес.
Жалпы, ауызашар беру – өте үлкен сауап. Тіпті жолда кетіп бара жатып, кез келген аузы берік адамға бір дана құрма берумен ауызашар беру сауабына кенеледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде кім бұл айда аузы берік бір адамға ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Сол аузы берік адамның алған сауабындай сауап бұған да беріледі» деген. Яғни, амалдардың ең құндысы – бір мұсылманды күнәдан арылту, қарнын тойдыру және мұқтаждығын беру арқылы оны қуанту. Тіпті Алланың өзі тамақ жегізетін жомарт құлымен періштелеріне мақтанады. Тағы бір хадис шарифте былай делінген: «Досына оның жақсы көретін тамағын әперген адамның күнәлары кешіріледі». Демек, дос-жарандарға тамақ беру садақа беруден абзал болады.
Қалай десек те, Рамазан тек асқазанға дамыл беріп, денсаулықты түзету ғана емес, бұл – жан дүниемізді тазарту, яғни рухани денсаулығымызды емдеу болып табылады. Сондықтан ауқатты кісілер, әкімқаралар, әртүрлі мекеме басшылары өздерінің ұжымдары арасында ауызашар беріп, кедей-кепшіктерге көмектесіп отырса, бұл адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттырып, ерекше сезімге бөлейтіні сөзсіз.
Мұрат ӘБЕНОВ, Қоғам қайраткері:
жоқ
– Біз қандай жағдай болмасын, міндеттеу дегеннен қашуымыз керек. Біріншіден, дінімізде зорлық жоқ. Екіншіден, біз шариғат заңымен жүретін мұсылман елі емеспіз. Ата заңымыз бойынша біз зайырлы құқықтық мемлекетпіз. Сондықтан бұл жерде әкімдерге болсын, ұжым басшыларына болсын «сен ұжымыңа ауызашар бер» деп міндеттеуіміз дұрыс емес. Бұл әркімнің өзінің ниетіне байланысты болуы тиіс. Егер ниет түзу болса, әрбір адам өзінің жүрек қалауымен ауызашар беретін болса, сонда ғана оның әрекеті қабыл болады. Егер ниеті дұрыс болмай, мекеме басшыларын міндеттейтін болсақ, мұның арты бәрібір жақсылыққа әкелмейді.
Сондықтан мұны міндеттеп емес, әркімнің өз еркіне қалдырған жөн. Дегенмен бұл ретте біз оразаның, ауызашар берудің үлкен сауапты іс екендігін көпшілікке насихаттай беруіміз керек.
Егер біз мұны мәжбүрлі түрде орындайтын болсақ, онда мұның арты түрлі түсініспеушіліктерге әкеліп соғады. Кейбір басшылар ауызашарда дінді насихаттаудың орнынан концерт қойып, арты кешкі отырысқа ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан біз алдымен оразаның, ауызашардың құндылығын, үлкен сауапты іс екендігін көпшілікке жан-жақты насихаттайтын болсақ, онда бұл әрбір ұжымда мәжбүрлеусіз-ақ орындалатын болады.
Мен мекемелердің жұмысын бір кісідей білемін, қазір бір бастыққа осыны тапсырсақ, ол көп жағдайда өз қалтасынан ауызашар жасамайды. Барлық қызметкерлерін алдына шақырып алып, әрқайсысына салық салады. Оның үстіне, бізде әртүрлі діннің өкілдері бар, кейбіреуі ауызашарға қатысқысы келмейді, енді біреуінің отбасылық жағдайы нашар, бұған қатысты арнайы қаражат бөлінбегеннен кейін, мұның арты түрлі дауларға ұласуы мүмкін. Сол себептен міндеттеп ауызашар жасату дұрыс емес. Бірақ қоластындағы ауыз бекіткен қызметкеріне жағдай жасау, ораза кезінде ондай адамның жұмыс салмағын жеңілдетіп, кабинетіне салқындатқыш қосып беріп, реті келгенше ауыз бекіткен қызметкерін сыртқа көп жібермей мүмкіндік жасаса, осының өзі үлкен қолдау деп есептеймін. Таңнан күн батқанға дейін ауыз бекіту оңай емес. Сондықтан ондай жандарға құрметпен қарап, жұмысына ыңғайлы жүктеме беріп, олардың көзінше шай-тамақ ішпей, көңілін алаңдатпай жүруіміз керек. Бізде ауыз бекітудің сауапті іс екендігі, ораза ұстаудың қыр-сыры толық айтылады да, алайда ауыз бекіткен адамдардың қасында жүргендердің ораза ұстағандарға қалай жағдай туғызу керектігі туралы ақпарат мүлдем аз. Сондықтан осы жағынан да үгіт-насихат жұмыстарын көбірек жүргізгеніміз дұрыс секілді.
Бейтарап пікір
Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:
– Қасиетті айда ауызашар беруді міндеттеу біздің заңымызда жазылмағанымен, бұл – Алланың құлдарына жеткізген міндеті. Сондықтан жағдайы келген әрбір адам, оның ішінде ұжым басшылары ораза айы кезінде ауызашар беруді дәстүрге айналдырса, бұл өте қуанарлық іс болар еді. Қазір Қазақстанда ислам дінін ұстанатындар басым. Осындай сұрақтың туындауының өзі біздің қоғамда ислам құндылықтарының жоғары екендігін аңғартады. Сондықтан бұл реттегі үгіт-насихатты біз көбірек жүргізетін болсақ, ұжым басшылығында өз Отанын сүйетін, дініне берік адамдар отыратын болса, уақыт өте келе бұл міндеттеусіз-ақ дәстүрлі түрде өздігінен орындалатын болады.