Нәпіл оразасын ораза қазасы өтелген соң ұстайды
Оразадан кейін келетін Шәууәл айы жайлы толық білсем деп едім. Рамазан айында белгілі себептермен күндерін қаза етіп алған адам алдымен осы күндерін өтеп барып нәпіл оразаны ұстауы керек пе әлде керісінше, нәпіл оразаны ұстаған соң қазасын өтеуі тиіс пе?
Мирас ҚАРҒАЖАНҰЛЫ, Қарағанды облысы
Рамазан айының артынша келетін Шәууәл айының да өзіне тән артықшылықтары бар. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады», – деген. Мұның сауабының бір жылға тең келетінін былай түсінуге болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі», – деген. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Бір жылдың қалған бес күні – ораза ұстауға болмайтын Рамазан айтының алғашқы күні мен Құрбан айттың төрт күні. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз. Енді сұрағыңызға тоқталсақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мамандарының айтуынша, Шәууәл айы рамазан айынан соң келетіндіктен, алдымен ораза қазасы өтелгені абзал.