Жылжымайтын мүлікті бөгде адамдардың сенімхат арқылы сатуына тыйым салу керек пе?
Соңғы кездері елімізде жылжымайтын мүлікті сенімхат арқылы бөгде біреулердің сатуына қатысты даулар күрт көбейген. Алаяқтардың жалғызбасты қарт кісілер мен жетім балалар үйі тәрбиеленушілерінің жылжымайтын мүлкін алдап-арбау арқылы бірнеше адамға қатар сатуы «жылжымайтын мүлікті бөгде адамдардың сенімхат арқылы сатуына тыйым салу қажет» деген пікірдің туындауына себеп болып отыр. Әйтсе де қоғамымызда «бар мәселе сенімхатта емес, осы салаға қатысты тиісті қадағалау жұмыстарының өз деңгейінде болмауында, қадағалау жұмыстарын күшейту арқылы мәселені шешуге болады» дейтіндер де бар. Жылжымайтын мүлікке қатысты қазіргі күні туындап отырған мәселеге орай екі тараптың пікірін «Ой-көкпар» айдарымызда тоғыстырып, салмақтап көрген едік.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
иә
– Негізі, жылжымайтын мүлік мәселесіне келгенде міндетті түрде сенімхатсыз өз иесі келіп, шешім қабылдағаны дұрыс. Шыны керек, бүгін жалғызілікті қарт адамдардың жылжымайтын мүлкін сенімхат арқылы иемденіп, ойына келгенін істеп жүрген алаяқтар жетерлік. Олар қандай да бір жолмен сенімхатты иеленіп алып, біреудің жерін, пәтерін сатып, бір емес, бірнеше адамға қатар сатып, заңсыздықтарға баруда. Ал сенімхат заңды құжат болғаннан кейін нотариустар еш тексерместен куәландырып жібереді. Ақыр соңында жылжымайтын мүлік иесі басындағы баспанасынан айырылып, өз мүлкіне өзі ие бола алмай, далада қалуда.
Бұл – өте үлкен мәселе. Мұндай мәселе соңғы кездері көбейіп кетті. Сондықтан жылжымайтын мүлік мәселесіне келгенде аса сақтық керек. Осы тұрғыдан келгенде өз басым жылжымайтын мүлікті сенімхатсыз мүлік иесінің өзі рәсімдеуін қолдаймын.
Рас, кейде жылжымайтын мүлік иесі ауырып, орнынан қозғала алмай жатады немесе басқа да бір жағдайлар кездесуі мүмкін. Мұндай жағдайда нотариустық кеңсе қызметкерін меншік иесінің үйіне әкеліп тұрып, рәсімдеу қажет. Осы секілді сенімхатсыз құжаттарды рәсімдеудің жолдарын қарастыру керек. Әсіресе соңғы кездері қоғамымызда жылжымайтын мүлікке қатысты талас-тартыстың көбеюіне орай, сенімхатқа күдікпен қарайтын кез жетті. Көбінесе мұндай істер сотқа дейін жетіп, кімнің кімге сатқанын, жылжымайтын мүліктің негізгі қожайынының кім екенін анықтау қиын болып жатады. Бұл жылжымайтын мүлік мәселесінде сенімхатқа қатысты мәселенің күрделі екенін білдіреді. Сондай-ақ жылжымайтын мүлікті сату кезінде заң жүзінде жалпыға ортақ тыйым салмасақ та, Әділет министрлігі тарапынан арнайы нотариустық кеңселерге хат жолдануы керек және онда нотариустық кеңселердің сенімхат арқылы рәсімделген әрбір құжат үшін үлкен жауапкершілігін талап ететіндей міндеттеме жасалуы қажет. Қандай да бір осы секілді жолдарын қарастырмасақ, қоғамымызда алаяқтардың дәурені жүре берері сөзсіз.
Жалпы, жылжымайтын мүлік мәселесіне келгенде мүмкіндігінше сенімхатсыз сатудың жолдарын алдағы уақытта дамыту керек. Бұл қоғамымыздағы талай мәселенің алдын алады. Жылжымайтын мүлікті сату кезінде алаяқтардың емес, адал жолмен иеленген қожайынының мүддесін қорғайтындай жүйе қалыптастыра алсақ, дұрыс болар еді.
Абылайхан САМАТДИНОВ, ҚР Риэлторлар қауымдастығының президенті:
жоқ
– Жылжымайтын мүлікті бөгде адамдардың сенімхат арқылы сатуына тыйым салу дұрыс емес. Өйткені кейде сенімхаттың көмегіне жүгінбесе болмайтын жағдайлар туындауы мүмкін. Жүріп-тұруға мүмкіндігі жоқ қарт кісілер мен кәмелеттік жасқа толмаған жетім балалар үйінің тәрбиеленушісі немесе аурушаң адамдар амалының жоқтығынан сенімхат арқылы бөгде адамның көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Егер жылжымайтын мүлікке қатысты жаппай тыйым салып тастасақ, бұл баршаға ортақ қиындықтар туғызуы әбден мүмкін. Оның үстіне жылжымайтын мүлікке қатысты бөгде адамдардың алаяқтық әрекеттері сенімхаттан емес, осы салада жұмыс істейтін заңды мекемелер мен нотариалдық кеңселер тарапынан қадағалау жұмыстарының тиісті деңгейде болмауы салдарынан туындап отыр.
Заңды негізде сенімхат арқылы жасалған істердің барлығына күдік тумауы тиіс. Сенімхат арқылы күнделікті өмірімізде талай заңды құжат дұрыс шешімін тауып жатыр. Алайда кейде нотариалдық кеңселердің біле тұрып, бұра тартып, күмән тудыратын құжаттарды куәландырып жіберетін сәттері болып тұрады. Бұл – нотариалдық кеңселердің өз қызметіне сай жұмыс істемеуінен, осы саладағы тиісті қадағалау жұмыстарының болмауынан туындап отырған мәселе. Сондықтан біз осы саладағы қадағалау жұмыстарын барынша күшейтуіміз керек. Нотариалдық кеңселерге қатысты бақылау жұмыстарын күшейтсек, бұл мәселелердің барлығы орнына келер еді.
Айта кетер жайт, біз жалған сенімхаттарды куәландырған нотариустарға қатысты заңды күшейтіп, осы саладағы қадағалау жұмыстарын қатайту керекпіз. Шыны керек, бүгінгі таңда нотариустарға 1-2 мың доллар ақша ұстатсаң, ештеңеге қарамай, алаяқтардың қажет дегенін жасап береді. Тіпті жылжымайтын мүлікті бірнеше адамға сатады. Кейін бір жылжымайтын мүліктің бірнеше қожайыны табылады. Іс сотқа дейін жеткенімен, оны дәлелдеу қиын. Аяғында осы іске қатысты адамдар бірнеше жыл соттасып жүреді. Нотариустардың осы әрекеті бүгінде жылжымайтын мүлікке қатысты сенімхатқа күдікпен қарауға итермелеп отыр. Сондықтан бұл жерде мәселе сенімхатта емес, нотариалдық кеңселерде. Бізде кейбір құжаттардың түпнұсқасымен бірдей етіп көшірмесін жасау да оңай болып кеткен. Ал мұндай құжаттардың барлығының түпнұсқасын, әрбір іске қатысты толығымен құжаттарын тексеріп отырып куәландыратын мекеме нотаруис болғандықтан, біз нотариалдық кеңселердің жауапкершілігін күшейтуіміз керек. Мәселен, Германияда, Қытайда жекеменшік нотариустар мүлдем жоқ. Тек қана мемлекеттік нотариустар жұмыс істейді. Меніңше, бұл – өте дұрыс нәрсе. Егер нотариусқа қатысты жауапкершілікті күшейтіп, тек мемлекеттік нотариустарды ғана жұмыс істететін болсақ, жылжымайтын мүлікке қатысты сенімхат мәселесі шешілер еді.
Бейтарап пікір
Ғабиден ЖАЙЛИН, заңгер, «Әділет» демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары:
– Бүгінде жылжымайтын мүлік мәселесіне қатысты туындап отырған қылмыстық әрекеттер өте көп. Сенімхат – заңды құжат. Өз деңгейінде жұмыс істесе, оған ешкімнің дауы жоқ. Әйтсе де бұл жерде мәселе сенімхаттың болуынан немесе болмауынан емес, нотариалдық кеңселердің жалған сенімхаттарды куәландыруынан туындап отыр. Мұндай жағдайда жасалған сенімхаттардың барлығы жарамсыз деп табылуы тиіс. Тіпті алаяқтық жолмен жасалып, жылжымайтын мүлік бірнеше адамға сатылса да, сенімхаттың күші жойылып, жасалған мәмілелердің бәрі бұзылып, жылжымайтын мүлік бастапқы иесіне қайтарылуы керек. Сондықтан бұл жерде соттың орын алған оқиғаны жан-жақты қарастырып, шешім шығаруы – маңызды.