Қазақ журналистикасының заманға сай дамуы үшін не істеуіміз қажет? Осы сауал қойылған кезде кейбір сарапшылар журналистикада қалыптасып қалған дәстүршілдіктен бас тартуы арқылы БАҚ-ты заманауи үлгіде дамытуға болады деп жатады. Ал екінші тарап болса кешегі тәжірибені негізге алмасақ, бұл саланың өркендеуі мүмкін еместігін сөз етіп, уәж айтады. Журналистер күнінің қарсаңында әріптестер көкейінде жүрген осы сауалды мамандардың талқысына салып көрген едік. Талқылау нәтижесінде «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген мәтелдің растығына тағы да бір рет көз жеткізгендей болдық.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, «Жас өркен» ЖШС-нің директоры, «Мәдениет» телеарнасындағы «Кітапхана» бағдарламасының жүргізушісі:
иә
– Мен қазір «Мәдениет» телеарнасындағы «Кітапхана» деген бағдарламаны жүргізіп жүрмін. Кеше ғана «Мигель Астуриастың Әуезовтен айырмасы неде?» деген хабар өткіздім. Тақырыпты бұлай қойған себебім, қанша «дәстүрге адалмыз» деп кеудемізді қаққанымызбен, заманның ағымы мен ырғағынан қала алмайтынымызды түсіндіру еді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқып отырсаңыз, көзіңізге қаз-қатар тізілген керуен сияқты елестейді. Бәрі де ұғынықты жазылған. Кейбір азаматтар біздің тарихымыз, біздің шежіреміз секілді осы шығарманы «Абай жолы» дегеннен гөрі «Қазақ жолы» десек, маңызы еселене түсер ме еді деп жатады. Кей кезде мен де осы пікірге қосылғым келеді. Ян Парандовский деген жазушылықты көп зерттеген поляктың атақты жазушысы бар.
Сол Парандовский бір сөзінде: «Жазушылық деген – музей. Заманның көрінісі қағазға түседі де, сол қалпында сақталып қалады» деген мағынада ой айтыпты.
Сондықтан да мұражайдың жәдігеріне айналатын бүгінгі жазуымыз заманына сай болғаны, сол кезеңнің болмысын толықтай көрсете алғаны жөн. Мәселен, кеңестік кезеңге дейін бізде кереметтей ауызша әдебиетіміз болды. Сол әдебиеттің өзінде бүгінгі айтып жүрген модернистік, постмодернистік жазу стилінің ұшқындары кездесетін. Кейіннен социалистік реализм біздегі жазу өнерін басқа арнаға бұрып жіберді. Осының салдарынан әдеби, рухани, мәдени дамуымыз сәл бөлекше жолға түсіп кетті. Мұның өз кезегінде сен айтып отырған журналистикаға да қатысы бар. Біздің журналистикада тырнақшаның ішіндегі «дәстүршілдікке» аса берік болып алғанбыз. Әлі күнге кешегі заманның үрдісіне «адалдық» танытып келеміз. Негізінен, дәстүрге адал болатын болсақ, бұл мәселе жаңа ағымдарға, жаңа бағыттарға ілесу арқылы жасалуы тиіс емес пе? Яғни журналистиканы жаңа сипатта дамытуымыз қажет. Журналистикадағы нақтылық, телеграфтық стиль деген секілді мәселелерге заманауи көзқараспен қарағанымыз жөн. Қазір бұрынғы дәстүрлі журналистикадағы сөз ойнату, астарлап беру деген секілді формалармен айналысу, соған талпыну – бос әурешілік. Заман ағымы журналистиканың тікелей, нақты дамуына әсер етіп отыр. Тележурналистің эфирден көрерменнің көзіне тіке қарай алғаны, басылым журналисінің оқырман алдындағы жауапкершілігін сезіне білгені жөн. Мұндай жағдайда билік пен оппозицияның көзқарасы, шынайылық деген мәселелер екінші кезекте қалып, журналист болып жатқан оқиғаны алдыға шығарып, оқиғаны нақпа-нақ, боямасыз хабарлауы керек. «Өртенген ғимараттың жалыны аспанға шарпып жатты» деген секілді образды сөйлемдерден арылғанымыз жөн. Мұндай дәстүрдің бүгінгі күнге ешқандай пайдасы жоқ. Мен қазақтың Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкей секілді мықты бас редакторларының алдын көрдім. Журналистикада олар қалдырған ізді, олар жасаған еңбекті жоққа шығара алмаймын. Бірақ дәл қазір қоғамдағы журналистикаға деген көзқарастың күрт өзгеріп жатқанын ескергеніміз жөн. Өйткені кешегі ескі сүрлеу бүгінде жүруге жарамайды.
Дәурен ҚУАТ, «Абай.kz» интернет порталының бас редакторы:
жоқ
– Жалпы, әлем баспасөзінің тарихына қарап отырсаң, баспасөздің даму сатылары мен кезеңдері бар. Оны даму жолында болған ұлттық күрестер қалыптастырғаны белгілі. Бүгінде бұл қалыптасқан дәстүр даңғыл жолға айналып, журналистиканың кешегі күнінің ғана емес, болашақтағы мақсат-мұраттарын да белгілеп беріп отыр. Яғни біз жаңашылдықтан, ақпараттық технологиялардағы инновациялардан қалыс қалмауды ойлап, сонымен қатар дәстүрге де мығым болғанымыз жөн. Себебі қазақ баспасөзі әу бастан-ақ ұлтқа қызмет ететін, ұлттың сөзін айтатын мінбер болып қалыптасқан-ды. Кешегі «Қазақ», «Айқап», «Серке» деген басылымдар ұлтты оятудың қамын ойласа, бертіндегі «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттері кеңестік идеологияның аясында шықса да, ұлт жолындағы күресті жалғастырып келді.
Осы дәстүр 1990 жылдары ерекше қарқын алған болатын. Мұның жалғасы қазақ баспасөзінде Тәуелсіздік алған кезде «тәуелсіздік толғаулары», «тәуелсіздік талаптары» деген секілді айдарлар арқылы көрініс берді. Бұл үрдіс қазір де жалғасын тауып жатыр. Мен қазір сол игі дәстүрлеріміз сақталып қана қоймай, ақпаратты дәл, жылдам беретін сипатта дамыса деп ойлаймын. Ал енді дәстүрді ысырып қойып, бәрін бірден бастаймыз деу – осыған дейінгі тәжірибелерді сызып тастау деген сөз. Қазір жас журналистер арасында аға журналистердің жазғанын оқымағандар, олардың атын да білмейтіндер көп. Кәсіби журналист болғысы келетіндер Шерхан Мұртаза, Марат Қабанбай, Жұматай Сабыржанұлы, Нұри Мүфтах, Ермұрат Бапилардың жазғандарымен таныс болуы керек. Мәселен, кеңестік кезеңде қазақ журналистикасында көпсөзділік басым болды. Осындай олқылықтардан қашып, қалған үздік үлгілерді білуіміз, содан сабақ алғанымыз жөн. Өйткені бүгін дегеніміз – ертеңгінің жалғасы. Кешегі дәстүрді жоққа шығаратын жастардың көбінің ешкімді танымайтынын, білімі жоқтығын, берілген тапсырманың өзін үстірт орындайтынын байқап жүрмін. Олар ақпараттың жетегінде кетіп бара жатыр. Журналист деген ақпараттың жетегінде кетпеуі керек, керісінше, ақпаратты жетелеп жүргені дұрыс. Олар ақпараттың көздерін таба білетін, онысын саралай алатын деңгейде болуы қажет. Сонымен қатар тағы бір айтарым: негізінде әр журналист жаңалық жасауға ұмытылуы тиіс. Ол жаңалық болашақта дәстүрге айналады. Бірақ жаңашыл болу деген осы екен деп, журналистикаға көшенің сөзін әкелу, сөз бен сөйлемнің «басын жарып», «көзін шығарудың» қажеті жоқ. Бұл жаңалық іздеу емес, дәстүршілдіктен бас тарту, сөздегі, сөйлемдегі тоқырауға ұшырау деп білемін. Қорыта айтқанда, біздегі дәстүршілдік дегенді ұлттық позиция, ұлтқа қызмет жасау деп түсінгеніміз абзал. Журналистикада өз қолтаңбасын қалдырғысы келетін адам сол дәстүрлердің сабақтастығын білуі, соны жалғастыра алауы керек.
Бейтарап пікір
Берік УӘЛИ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз хатшысы:
– Журналистиканы заманға зай дамытамыз деп, түп-тамырымыздан түбегейлі ажыраудың қажеті жоқ. Қай салада болсын бізді ерекшелендіріп тұратын ұлттық болмысымыз болуы керек. Ғаламдануға бет бұру үшін журналистикадағы ұлттық нақыштан бас тарта алмаймыз. Меніңше, бізге дәстүрлі журналистиканы ұлттық сипатымен сақтай отырып, заманға сай технологияларды игеруге бет алған дұрыс. Мәселен, өнер саласындағы «Ұлытау» тобы ұлттық сипатты сақтай отырып, заман талабына сай өнерді дамытып, күйлерімізді әлемге танытып отыр. Сондықтан да заманауи үрдістерді де дамытып, бұл мәселеде тізгінді тең ұстауға болады деп ойлаймын.