Жүргізушіге қатысты қылмыстық істі «тараптардың келісімімен тоқтату» деген бабты заңнан алып тастау керек пе?
Жол апатын жасап, адам өліміне себепші болған жүргізушілерге қатысты қылмыстық істің тараптардың келісімімен тоқталып жататынын жиі естиміз. Сондай оқиғаның бірі Алматы қаласында орын алған болатын. Қабанбай батыр көшесімен батысқа қарай жүйткіген БМВ Х6 маркалы көлікті басқарған М. деген азамат көлік рөліне ие бола алмай, «Целинный» кинотеатрының алдында тұрған бір топ жастарды қаққан. Салдарынан бір жігіт оқиға орнында қаза тауып, қалғандары әртүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген болатын. Жүргізушның әкесі беделді, бақуат адам екені белгілі болған тұста, әлеуметтік желілерде «айыпты жазаланбайды, ақшамен құтылады» деген пікірлер айтылғанды. Кеше ғана М-ге қатысты қылмыстық істің тараптардың келісімі бойынша тоқтатылғаны туралы ресми хабар тарады. Сол-ақ екен, қоғамда, қалталыларды қылмыстан арашалайтын «тараптардың келісімімен істі тоқтату» деген бабты қылмыстық кодекстен алып тастау керек деген пікір бой көтерді. Алайда, «жол апатына қатысты әр істі жеке қарау керек» деген қарсы пікір айтушылар да бар. Қоғамда қайшы пікір тудырған тақырыпты Алаш айнасы мамандар талқысына ұсынған едік.
ИӘ
Нұрлан АПАХАЕВ, заңгер:
– Меніңше, адам өліміне себепші болған жүргізушіге қатысты қылмыстық істі «тараптардың келісімімен тоқтату» дегенді заңнан алып тастау керек. Егер мәселе өтем төлеумен реттелетін болса, онда ол әкімшілік кодекстің аясына енгізілуі тиіс. «Тараптардың келісімі» дегенді пайдаланып, жазадан құтылып кете беру дұрыс емес. Егер адам шығыны орын алып, оған жүргізуші кінәлі болса, онда айыпты міндетті түрде жазалануы тиіс. Қылмыстық кодекс абайсызда жасалған қылмыстар үшін 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Алайда, сол кодекстің 67 бабында тараптардың келісімімен істі тоқтатуға құқық береді. Заңның бір бабы екінші бабының күшін жояды, қайшы әрект етеді. Бір баб «3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады» десе, екінші баб «тараптардың келісімімен істі тоқтатуға болады» дейді. Міне заңның осы олқылығын пайдаланып, қолында билігі, қалтасында ақшасы барлар жазадан құтылып кете барады. Бұған талай мысал келтіруге болады. Мәселен, жол апатына себепші болған Қарағандыдағы мекеме басшысы, Солтүстік Қазақстан облысындағы сот төрағасы, Шымкенттегі полиция майоры, Алматыда қымбат бағалы көлікті құжатсыз басқарып, адам өліміне себеп болған бір мықтының баласы жазадан құтылды. Егер заңда «тараптардың келісімі» деген анықтама болмаса, онда олар жазадан құтылмас еді. Ал жол апатында адам өліміне не мықты танысы, не ақшасы жоқ жүргізуші себеп боса, ол міндетті түрде қатаң жазаланады. Сонда ақиқаты қайда? Жазаның ең басты принципі – қоғамдық әділеттік. Заң қағидаға негізделеді. Заңның ең басты қағидасы – әлеуметтік әділеттілік. Ал, бүгінгі қолданыстағы заңда көрсетілген тараптардың келісуі бойынша қылмыстық істің тоқтатылуы әлеуметтік әділеттілікке қайшы. Өйткені, бірдей қылмыс жасаған екі адамның ақшасы бары жазадан құтылады да, ақшасы жоғы тұтылады. Егер заңда «тараптардың келісімі» деген болмаса, онда әркім қылмысына қарай жазасын алар еді. Сондықтан, адам өліміне себепші болған жүргізушіге қатысты қылмыстық істі «тараптардың келісімімен тоқтату» деген бабты заңнан алып тастау керек. Базбіреулер «тараптардың келісімі» дегенді алып тастамай-ақ, әр істі жеке қарап, соған қарай жаза тағайындау керек дегенді айтады. Меніңше, олай етуге болмайды. Себебі мүмкіндігі барлар жасаған қылмысын қажетті бабына ыңғайластырып алып, жазадан құтылып кете береді. Әрине, егер жүргізуші жол апатына себепші болып, салдарынан адам шығыны орын алмаса, сондай-ақ адам денсаулығына аса зиян келмесе, яғни жәбірленуші бір мүшесінен айырылып, мүгедек болып қалмаса, онда айыптыға кешірім жасауға болады.
ЖОҚ
Тайыр НАЗХАНОВ, «Адвокаттар форумы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,зангер:
– Мең ойымша, қылмыстық кодекстегі кісі өліміне себепші болған жүргізушіге қатысты қылмыстық жазаны тараптардың келісімі бойынша тоқтатуға мүмкіндік беретін бабты алып тастаудың керегі жоқ. Өйткені көлікпен адамды қағып кетіп мерт қылу – байқаусызда адам өліміне себепші болу. Бәріміз де көлік жүргіземіз. Ешқайсымыз да әдейі жол-көлк оқиғасын жасамаймыз, адамды қағып кетемін деп те ойламаймыз. Мұның бәрі кездейсоқ орын алатын оқиғалар. Сонан соң жол-көлік оқиғаларының себебтері де әртүрлі болады. Мысалы, кейде жаяу жүргіншілер белгіленбеген жерден жолды қиып өте салады. Жүгіріп өтіп кетем дейді де, екі, үш қатар келе жатқан машинаның бірінің астына түсіп мерт болады. Мұндай жағдайда бәрібір жүргізушіні кінәлі деп табады. Осындай жағдайда қайтыс болған кісінің жерлеуіне қатысты шығындарын көтеріп, басқалай да көмек көрсеткенде, жәбірленуші тарап кешірім беріп, жүргізуші бостандықта қалады. Әрине, туысынан айырылу оңай емес. Олардың жанайқайын түсінуге болады. Бірақ жүргізушіні соттатып жібергенмен, өлген адам тірілмейді ғой. Айыптының да қайғыратын ата-анасы, бала-шағасы, туысы бар. Жалпы, біз сөзге тұрақтаған халықпыз ғой. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» демей ме халқымыз. «Өлген артынан өлмек жоқ», «тірі адам тіршілік жасау керек» деген де келісімге шақыратын сөздер бар. Сондықтан менің ойымша, «тараптардың келісімі» деген ұғым біздің менталитетімізге де сай келетін сияқты. Демек заңда мұндай ұғым қалуы қажет. Алайда, адам өліміне соқтырған әр жол-көлік оқиғасын жеке қарау керек. Егер жүргізуші мас күйінде рөлге отырып, кісі өліміне соқтырған жол апатына себепші болса, ондай адамға кешірім жасауға болмайды. Себебі, жол қауіпсіздік ережесі бойынша ішімдік ішіп, көлік басқаруға болмайтынын біле тұра, ескермеген. Мас күйінде көлік басқарғандарға қатысты заң қатаң болуы керек. Ал, адам өліміне себепші болып жатса, тек қатаң жаза қолдану керек. Сондай-ақ, жүргізушінің кінәсінан жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан екі-үш адам қайтыс боса, ондай жүргізушіге де кешірім жасалмауы тиіс деп ойлаймын.
Бейтарап пікір
Есберген АЛАУХАНОВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– Меніңше, қылмыстық кодекстен тараптардың келісімімен істі тоқтатуға мүмкіндік беретін бабты алып тастаумен мәселе шешілмейді. Біріншіден, көлікпен адам қағып кету – абайсызда жасалған қылмыс болып есептеледі. Екіншіден, мұндай қылмыстардың себептері де әртүрлі. Жаза қолданғанда соның бәрі ескерілуі тиіс. Ал, егер жүргізуші ондай қылмысты мас күйінде рөлге отырып жасаса, онда оған кешірім болмауы керек. Егер ол ақшаның күшімен мәселені шешіп, жазадан құтылса, ол одан әрі дандайсып кетері анық. Мысалы, кейбір қалталы азаматтардың ішіп алып көлік басқарып жүре беретіні сондықтан. Өйткені, олар мәселені ақшамен шешіп, жазадан құтылатынына сенімді.