Тұрғыны мен ары-бері ағылып жатқан, көлігі көп қалада кептелістің болатыны заңдылық. Осының салдарынан соңғы жылдары адамы көп Алматыда межелі жеріңе уақытында жету мұң болды. Осы бір әлеуметтік мәселенің шешімін таппақ болған басшылар қаламызға жапа-тармағай жолайрықтарды салып жатыр. Бірақ бұл шарадан көліктердің кептелісі азайды ма, жоқ па, осы сауалды ортаға тастап отырмыз.
Ғани ӘУЕЗХАНҰЛЫ, Алматы қалалық жолаушыларды тасымалдау және автокөлік жолдары басқармасы бастығының бірінші орынбасары:
Жоқ
– Қаламыздағы көшелердің қиылыстарында бұрынғыдай кептелістердің болмауын және көліктердің жылдамдықты азайтпай өтуін жолайрықтардың арқасында жүзеге асып отыр деуге болады. Қазіргі уақытта жолда жүру қауіпсіздігі мен орташа эксплуатациялық жылдамдықтардың жоғарылауы, қоршаған ортаға зиянды әсердің төмендетілуі, сондай-ақ көше кептелістерін азайту үшін Алматы қаласында 18 жолайрық салынып бітті. Әрбір объектінің салыну мерзімі оның күрделілігіне және бюджеттен қаражат бөлінуіне байланысты бір-үш жылға дейін созылады. Осы уақытқа дейін салынған 18 жолайрыққа шамамен 72,2 миллиард теңге жұмсалды, оның ішінде төрт жолайрық инвесторлардың құйған қаражатына салынды. Енді екеуі салынуда.
Бұл – әлемнің барлық елінде тәжірибеден өткен дүние. «Алматыға жолайрықтар салу керек емес» деген пікірдің өзі қате деп есептеймін. Себебі Алматы – үлкен мегаполис.
Мұнда 600 мыңнан 700 мыңға дейін автокөлік жүреді. Егер жолайрықтар болмаса, бұл да үлкен мәселеге айналар еді. Мына Рысқұлов, Сайын, әл-Фараби даңғылы бәрі шығыс аймақтағы жолмен қосылып, айналмалы жол болады. Мұны біз «шағын транспорттық дәліз» деп атаймыз. Есеп бойынша бір күнде транспорттық дәліз 380 мыңдай көлікті өткізуi керек. Ол үшін жүретін көліктердің жылдамдығы сағатына 90 шақырымнан төмен болмай, ол жерде бірде-бір бағдаршам, жаяу жүргіншілер жолы орналаспауы тиіс. Ал көліктер қаланың ішімен емес, сыртқы айналмалы дәлізбен өтуі керек.
Ал жолайрықтардың сапасына келетін болсақ, қаламыздың сейсмикалық жағдайына байланысты жобаланған. Демек, қауіп жоқ деген сөз. Одан кейін Сайын-Райымбек даңғылындағы және Саяхат маңындағы жолайрықтарда бекітілген құрылыс жобасы бойынша жаяу жүретін адамдарға жолақтар жасалған. Бағдаршамдар да бар. Ал туннель әдісімен салынған жолайрықтардың барлығында да жиналған жаңбыр суларын сорып алатын сораптар орнатылған, енді кейбір туннельдерде су жиналып қалуының бір себебі – елдің тастаған пластикалық шишалары мен қоқыстарының кептеліп қалуынан.
Кейбіреулер «жолайрықтарға кеткен қаражатқа жол немесе жол астындағы коммуналдық жүйелерді жөндемей ме?» дегендi жиі айтады. Алматыда «жол жөнделмей жатыр» деуге болмас. Президент жолдауына қатысты жергілікті жолдарды жөндеуге биыл 12 млрд теңге бөлінді. Жаңа аудандарды қосқанда, қалада 2000 шақырымдай жол бар. Жыл сайын соның 200 шақырымдайы жөндеуден өтеді. Қала әкімінің тапсырмасымен биыл «периферинный көше», яғни көлік аз жүретін көшелерге де жаңағы қаражаттан 4 миллиард теңге қарастырылған. Сол мақсатпен 274 шақырым жолды жөндейміз. Алматы ескі де үлкен қала болғандықтан, жолайрығын салу үшін қаладағы жол астында орналасқан барлық коммуналдық жүйелерді басқа жаққа көшіріп, қайта салуға тура келеді. Бұл бір күндік жұмыс емес, әрине.
Атамұрат Шәменов, экономика ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Салынған жолайрықтар бір мәселені, жолдың қиылысындағы қиындықты ғана шешеді. Ол бір жағынан жақсы, көліктер көп тоқтамайды, өтеді де кетеді. Ал жолдың келесі қиылысына не бағдаршамға келгенде көліктер ағып келе жатқан судың принципі секілді бәрібір тежеледі. Сондықтан бұл жол кептелісін локальді түрде ғана шешеді. Өз басым жолайрықтарды қаланың ішіне жағалай сала бергеніне қарсымын. Мұны тек үлкен магистральды жолдар мен қаланың сыртына бірлі-жарым етіп салу керек. Оның үстіне, бұл – өте қымбат дүние. Бір ғана жолайрық құрылысы 4,5 млрд теңгені құрайды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, осыншама ақшаны бір облыстың жолын түгел жөндеп шығуға болады. Сондықтан мұндай дүниелерге тым әуес болудың қажеті жоқ, керісінше, оны ақылмен, байыппен салу керек. Өйткені ретсіз салынған жерлерге ақша текке кетті деуге болады. Сондықтан «жолайрықтарды салып, жол кептелісін шештік» деген пікір бұл – қате пікір.
Ал қазіргі транспорттардың жол кептелісін шешуді үлкен әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселе деп қарастыру керек. Осы ретте өзімнің альтернативті ұсынысымды тілге тиек етер едім. Ұсынысымды алдыңғы жылы наурыз, сәуір айларында баспасөз беттерінде жарияладым. «Мұндай қымбат нәрсемен әуестенбей, екі қала – Алматы мен Астананың әкімдеріне арнайы тапсырма беріп, бұған жүйелі түрде кірісу керек» деп жазып, Президент Әкімшілігі мен Президенттің өзіне де жолдаған болатынмын. Ұсынысыма түгел бетбұрыс жасап кетпесе де, бірен-саран жерде тәжірибе ретінде қойды. Сол жерлер мына бәленбай миллиард жұмсалған жерлердің тиімділігінен кем емес. Қазір бағдаршамның айналасында кептеліс көп болады. Қала ішіндегі Тимирязев, Гагарин, Розыбакиев, Жароков көшелері түйіскен жерлерде бағдаршамдарға жетпей оңға қарай бұрылыс кетіп жатады. Мұны «дельталық қиылыс» деп атайды. «Дельта» – су мәселесінен шыққан сөз. Өзен-көлге құятын жерінде ағысына сыймай тарылады. Географиядан да белгілі ғой. Сондықтан сол бағдаршамға жеткізбей, оң жақ жолға көліктерді жіберіп тұру керек. Оған арнайы қаражат бөліп жатудың да қажеті жоқ. Асфальт жасалып жатқан жердің бәріне ыңғайлауға болады. Ал егер төрт жаққа кетуге мүмкіндік болса, оны да жүзеге асыру керек.
Одан кейін айта кететін мәселе, жолайрықтарды жобалауда көптеген қате бар сияқты. Алматының жағдайында жерді қазып, жоласты өткелі арқылы өткізу мәселесі көп қиындықтарды туғызуда. Біріншіден, бүкіл коммуникация, жылуың болсын, жарық, бәрі жердің астымен жүргізілген. Ал жерді қазғанда сол коммуникацияларды қайта жүргізуге тура келеді. Екіншіден, ойланбай салынған жерлерге, мына Райымбек пен Сайын көшесіндегі жолайрықта су жиналып, тіпті соған көліктер батып кеткен де жағдайлар кездесті. Оны жолдың үстімен де жіберуге болатын еді ғой. Көліктің біржақты өтуіне осы жолайрықтар тиімді болғанымен, жаяу жүретіндерді ойламаған. Кейбір жолайрықтардың айналасында тіпті жолаушы өтетін жолақ жоқ. Айналасында тұратын халық бір квартал айналып жүретін болды. Екіншіден, сол жолайрықтардың өзі бұрынғы істеп тұрған көшені жауып тастады. Мысалы, Жандосов, Сәтбаев, Байзақовтың қиылысы. Сол жерде қанша емхана бар. Бұрын Абайдан шығып, Байзақовтан тіке бара қоятын адам қазір Тимирязевпен қанша жерді айналып, емханаға зорға жетеді. Сондықтан мұның пайдасынан зияны көп. Зияны көп дегенде – қымбат, қымбат болған соң ол зиян! Ақша қайдан шығып жатыр деп ойлайсыз? Әрине, сіз бен біздің қалтамыздан алынған салықтан!
Бейтарап пікір
Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Соңғы 4-5 жылдың көлемінде қаламызда жолайрықтар пайда болып, автокөліктердің жүрістерін белгілі бір дәрежеде жеңілдетті. Қазір өзім жүретін әл-Фараби даңғылында күндіз кептелістер болмайды, бұрынғыға қарағанда едәуір азайды. Мұндай құрылыстардың барлығы бесжылдық жоспарға енгізілген. Бұл И.Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде, сол кісінің басшылығымен салына бастады ғой. Мен осы мәселе туралы жолайрықтар салынбай тұрған, салынып жатқан кезде «Храпуновтың кезінде неге басталмады екен?» деп ойлайтынмын. Өйткені қаладағы көліктердің саны артып, бәрі әбден кептелген кезде салынды. Жолайрықтар дағдарыстың алдында бюджеттен бөлінген, банктерден келген қаражатқа салынып қалды. «Көрпеңе қарай көсіл» дегендей, қазіргі жағдайда мұндай үлкен құрылыстарды салудың қажеті шамалы. Бірақ шетелдегі мегаполис қалаларға қарасаңыз, бірнеше қабат аспалы жолдары бар. Бір жағынан, кептелістерді азайтса, екінші жағынан, қалаға сән беріп тұрады. Сәл кештеу болса да, салынғаны құба-құп болды.