Заңдық нормалары өзгеріске көп ұшырайтын сала – Жол полициясы. Соның барлығы құзырлы орган басшылығының «қала көшелерінде қайтсек тәртіп орнатамыз, жол ережесін бұзушыларды қалай тізгіндейміз?» деген ниеттен екендігі түсінікті. Бірақ соның барлығы нәтиже беріп жатыр ма? Қайдам... ҚР ІІМ Жол полициясы комитеті тағы бір жаңалықтың жаршысы болып отыр. Нақтырақ айтсақ, жол күзетіндегі тәртіп сақшыларының құзырындағы қандай да бір жол ережесін бұзғаны үшін көлік иесінен жүргізуші куәлігін алып қою қызметінің аясы кеңеймек, яғни жүргізуші куәлігін алып қою тәртібі қатаңдатылмақ.
Бұл дұрыс па, бұрыс па?
Таир Назханов, Адвокаттар форумы мен «Бэст» адвокаттық кеңсесінің төрағасы:
Жоқ
– ҚР ІІМ-нің күні кеше күшіне енген бұл қаулысы еліміздегі орын алған проблеманы шешпейді, қайта керісінше, жағдай ушыға түсе ме деп қорқамын. Неге? Біріншіден, жол полицейлері тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық асқынады. Өйткені кім болса да, жүргізуші куәлігінен айырылып қалмаудың амалын қарастырады. Жол полицейінің қолында кеткен жүргізуші куәлігін қайтып алудың бейнетін кез келген жан біледі. Кімнің болса да, сергелдеңге салып, тентіретіп қоятын мұндай жыры көп «тәртіпсіз» тәртіпке жолағысы жоқ. Осы тұста айта кетейін, барлық дерлік жол ережесін бұзған жағдайда жүргізуші куәлігін алып қоюдың тағы бір кері жағы, жаңа айтқанымдай, құжатты қайтарып алу кезінде Жол полициясы басқармаларында орын алатын болады.
Бұрынғы – бұрынғы ма, енді тіптен жағдай қиындап кетпесе не қыл дейсіз? Ұзын сонар кезек. Кейбір жол полицейлері қызметкерлерінің бюрократтығы. Ал егер электр жарығы өшіп қалса немесе компьютерлер істен шықса ше? Бұл – туындағалы отырған екінші проблема. Осының бәрі сайып келгенде жүргізуші құқығын өрескел бұзатын болады.
Жүргізуші куәлігін алып қою арқылы біздің ІІМ жүргізушінің құқығын бір ғана ережемен екі мәрте бұзады. Біріншісі – айтып отырғанымдай, жеке затты соттың араласуынсыз алып қою. Екіншісі – көлік жүргізуге уақытша рұқсат беретін талонға қатысты. Мысалы, мұндай талонмен шетелге бара қалсаң, жалға көлік ала алмайсың, яғни шетелге барып көлік игеру аса қажет болса, саған рұқсат жоқ.
Жүргізуші куәлігі – маңызды құжат. Былайша айтқанда, ол – жүргізушінің жекеменшігіндегі заты. Ал жекеменшіктегі затты алып қою – тек сот орындарының құзырындағы шаруа. Жол полицейлерінің осындай әрекетке баруға тіпті құқы да жоқ. Демек, жол полицейлері заңға қайшылыққа жол беріп отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, жүргізуші Жол полициясының таққалы отырған айыбымен келіспеген жағдайда да құжат алынып қоймақ. Бұл да дұрыс емес. Кейін «іс бітті, қу кетті» сынды жағдайда дәлелдеп көр өзіңнің кінәлі емес екеніңді... Әлбетте, әлді жеңеді.
Жол полициясы комитетінің мұндай қаулы шығаруға негіз болып отырған бір себебі – жүргізушілердің айыппұлды уақтылы, тіпті кей жағдайда мүлде төлемеулері. Енді қараңыз, мұндай айыппұлдарды көлік иелерінің төлегендігі не төлемегендігі автоқұралдарын техникалық тексеруден өткізер кезде анықталады. Егер айыппұлды төлемесе, талап ереже бойынша техникалық тексеруден өткізбей тастайды. Жүргізуші, амал жоқ, айыппұлды төлейді. Міне, былай қарасаңыз, бұл мәселе өздігімен реттелуі керек сияқты. Бірақ сол техникалық тексерудегі былық-шылыққа жол беріп отырғандар кімдер? Яғни техникалық тексеруден таныс арқылы өту болмаса ірі көлемдегі айыппұлды компьютерден өшіртіп тастау үшін пара беру сияқты етке сіңген дағдылар. Міне, сол техникалық тексеруде отырған «өзі би, өзі қожаларды» қатаң бақылауға алу керек. Ең тиімді жолы – сол.
Жалпы айтарым, жүргізуші куәлігін берерде құзырлы орындар өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қараулары тиіс. Көлікке кез келгенді отырғыза беруге болмайды. Ал жүргізушілерге айтарым, жол полицейлерін жол ережесін бұзбай тыныштандырайықшы. Әйтпесе байқаймын, Жол полициясы комитетінің тосын шешімдерінің шегі көрінбейтін сияқты. Тағы не ойлап табар екен?
Шалатай Мырзахметов, Парламент депутаты:
Иә
– Бұл мәселеге қатысты қоғам пікірі екіге жарылады. Ол – заңдылық. Әсіресе адам құқын қорғаушылар мұны қатты сынға алып отыр. Рас, демократияға қайшы шығар. Шынымен де, егер өркениетті елдердегі заңдық нормалармен салыстырсақ, әрине, бұл, бір жағынан, адам құқын шектегендік. Бірақ біздің елдегі ахуал үшін басқа амал қалды ма?
Мен өз басым кешкі алтыдан кейін көлік жүргізуге тіпті қорқамын. Өйткені жүйткіп айдайтын көген көздер қала көшелеріне сол кезде шығады. Артық айтты демеңіздер, жүргізушілердің 50-60 пайызы жол ережесін білмейді. Жүргізуші куәлігін қалай, қандай жолмен алғаны бір өздеріне аян. Көпшілігі сауатсыз. Қарапайым жол ережелерінен де мақұрымдар аз емес.
Ішімдік ішіп алып рульге отыратындарға қатысты да жазаны қанша күшейт, мейлі, ешкімге сабақ болып жатқан жоқ. Жол-көлік оқиғалары бұрнағы жылдармен салыстырғанда біршама азайса да, әлі арқаны кеңге салатын кез емес. Жол-көлік апаттарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар саны да ойлантпай қоймайды.
«Айыппұл төлеймін де, жүре беремін» деген немкеттілік те көлік жүргізушілерінің жауапкершілігіне кері әсер етпей қоймайды. Сондықтан да барынша қатаң шара қолданбаса болмайтын халге жеттік. Қайта ҚР ІІМ Жол полициясы комитеті дұрыс істеп отыр, жүргізуші куәлігін алып қоюда талапты күшейткендері орынды. Өз басым оларды қолдаймын.
Оның өзінде де олар жүргізуші куәлігін ережені екінші қайтара немесе жиі-жиі бұзған жағдайда алмақ.
Жол полициясы комитеті осының барлығын өздері үшін емес, сайып келгенде, халық қамы үшін жасап отыр емес пе. Солардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін. Егер жүргізушілер куәлігінен айырылып қалғанын қаламаса, онда жол ережесін бұзбасын. Сонда «құда да тыныш, құдағи да тыныш».
Білуімше, осы жылдың жеті айы ішінде еліміз бойынша 30-дан астам ірі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 151 адам зардап шексе, 70-ке жуық адам қаза тауыпты. Ал дәл осы мерзім аралығында өткен жылы 70-тей ірі жол-көлік оқиғасы орын алып, 350 адамның денсаулығына қауіп төнсе, 150 адам көз жұмды. Міне, көрдіңіздер ме, өткен жылғымен салыстырғанда жағдай біршама жақсарған. Бұл жерде еліміздің құзырлы салаларының да нәтижелі еңбектерінің қолтаңбасы жоқ емес.
Сондықтан да халық қамы үшін жасалынып жатқан қандай да бір іске тек сәттілік тілеген дұрыс шығар.
Кейбір жандар жол полицейлері арасында сыбайлас жемқорлық асқынады деп санайды. Менің оған алып-қосарым жоқ. Тек айтпағым, бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың жайынан бұрын қарапайым халықтың, балаларымыздың өмірі мен денсаулығын ойлайық. Ал сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы күрестің жолдары көп.
Түйін
Ой-пікірлерімен бөліскен екі азаматтың да айтқандарының жаны бар. Ал біздің алып-қосарымыз мынау: «баланы бастан...» дейді қазақ. «Былай тартсаң – арба сынып, былай тартсаң – өгіз өледінің» кебін кигізіп отырған мәселені шешудің ең тиімді жолы, біздің ойымызша, жүргізуші дайындауға үлкен жауапкершілікпен қарау. Сондай-ақ жүргізушілердің өздерінің осы мәселеге байыппен қарағандары жөн. Сонда ешқандай да заңдық құжаттарға қандай да бір өзгеріс енгізудің қажеті болмай қалады.