«Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемін еселеп арттыру керек» деген пікірді қолдайсыз ба?
Ресми статистикалық мәлімет өткен жылдың сегіз айымен салыстырғанда биылғы жылы орын алған жол-көлік оқиғалары санының 56,4 пайызға (8376-дан 13 108-ге) артқанын көрсетіп отыр. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны да өскен. Өткен жылдың сегіз айында еліміздің автожолдарында 1726 адам қаза тапса, ағымдағы жылдың сегіз айында 1824 адам көз жұмған. Жарақат алғандар саны 17 062-ге жеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болған балалар саны – 180. Жол полициясы мамандарының айтуынша, жол-көлік оқиғалары жүргізушілердің жол ережесін өрескел бұзуы салдарынан орын алады екен. Сондықтан кей мамандар жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін айыппұл көлемін еселеп арттыруды ұсынып отыр. Маман пікірін ой-көкпар таразысына салып көрген едік.
Нұрлан АПАХАЕВ, заңгер:
иә
– «Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемін еселеп арттыру керек» деген пікірді қолдаймын. Естеріңізде болса, көлік санының артуына байланысты жол ережелерінің бұзылу фактілері өте жиілеп кеткен болатын. Жол-көлік оқиғаларының саны артты. Талап бола тұра, қауіпсіздік белбеуін ешкім тақпайтын. Осы жағдайлардың бәрі ескеріліп, осыдан екі-үш жыл бұрын айыппұл көлемі артып, әкімшілік заң талаптары қатаңдатылды. Жол полициясы мамандарының мәліметіне қарағанда, заң қатайып, айыппұл көлемі артқан соң жол ережесін өрескел бұзушылар саны азайған. Қауіпсіздік белбеуін жүргізушілердің бәрі тағып жүргенін өзіміз де көріп жүрміз. Бұған айыппұл көлемін арттыру арқылы қол жеткіздік.
Демек, айыппұл көлемін тағы да еселеп арттыратын болсақ, онда жол ережесін бұзушылар саны күрт азаяды. Қазір нарық заманы. Бай да, жарлы да ақшасын есептейтін заман. Бай ақшасының азаймауын ойласа, жарлы ақшасын күнкөріске жеткізуді ойлайды. Екеуі де тектен-тек ақша шығармайды. Яғни бір рет қомақты айыппұл төлесе, екінші рет жол ережесін бұзбауға бар күшін салады. Екінші жағынан, айыппұл көлемін арттыру азаматтарды құқықтық сауаттылыққа бет бұрғызады. Қалтадан қомақты ақша шыққан адам жол ережесін қайта бұзбау үшін ережені жаттайды. Енді жол полициясы қызметкері толтырған хаттамаға оқымастан қол қойып жібермейді. Өзінікінің дұрыс екенін дәлелдеуге тырысады. Ал оны дәлелдеу үшін құқықтық тұрғыдан сауатты болу керек. Демек, құқықтық сауаттылыққа үйренеді. Өйткені құқықтық сауаттылық қажеттілікке айналады. Ал құқықтық тұрғыдан сауатты адам заң бұзбайды. Яғни айыппұл көлемін арттыру жол ережесін бұзушылықты азайтып қана қоймай, құқықтық қоғам құруға да септігін тигізеді. Ал зайырлы құқықтық мемлекет құру, бұл – мемлекеттің саяси межесінің бірі. Қалай десек те, заң талабы қатайған жерде тәртіп болады. Біз үнемі Еуропа елдеріндегі тәртіпті айтып тамсанып отырамыз. Оларда неге тәртіп мықты?! Өйткені оларда заң қатаң. Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі өте жоғары. Мен Англияда болғанда сұрастырып білдім, олардағы жол ережесін бұзғандарға қатысты салынатын айыппұл көлемі бізден бірнеше есеге көп екен. Көлікте кетіп бара жатып терезеден кез келген қалдықты лақтыра салу деген мүлде жоқ. Бізде ше? Жол ортасында кетіп бара жатып, терезеден шыны шөлмекті де лақтыра салады. Себебі оларға қатаң жаза қолданып жатқан ешкім жоқ. Егер соларға көп мөлшерде айыппұл салып, көше сыпыртып қойсыншы, оны көрген басқалар да ондай жағымсыз қылық жасамайды. Сонан соң жол-көлік оқиғасына себепші болатындар арақ ішіп алып көлік жүргізетіндер. Сондықтан мас күйінде көлік басқарғандарды, алғаш рет болса да айыппұл салмай, бірнеше жылға жүргізушілік құқығынан айыру қажет. Мұндайларға Жол полициясы қызметкерлері де «рақымшылық» жасамауы тиіс. Өйткені ел арасында «рақымшылықтың» бағасы жайлы да жиі сөз болады. Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайтыны тағы рас. Бір сөзбен айтқанда, жүргізушілерді тәртіпке шақырамыз десек, заңды қатаңдатып, айыппұл көлемін арттыру қажет.
Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:
жоқ
– «Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемін еселеп арттыру керек» деген пікірді мен қолдамаймын. Өйткені бізде дәл қазіргі уақытта жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі аз емес. Жол ережесін бұзғандарға қатысты заң да қатаң. Тек сол заң дұрыс орындалып жатқан жоқ. Өткенде Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков мырза «жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемін 300 мыңға дейін арттыру керек» деген ұсыныс айтты. Халық қалаулысының айтуы бойынша, жол ережесін бірінші рет бұзғандарға – 1-8 мың теңге, екінші рет қайталаса – 38 мың, ал үшінші рет қайталағандарға 300 мың теңге айыппұл салу керек. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша да жол ережесін қайта-қайта бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі артып отырады. Тіпті кей жағдайда көлік жүргізу құқығынан да айырады.
Бірақ заңның жұмыс істеуі және оны бақылау нашар. Депутаттың пайымдауынша, жол ережесін бұзатындар қалталы азаматтар және жағасы жайлауда жүрген, яғни ата-анасы қалтасына өлшеусіз ақша салып беріп отырған жастар. Олар үшін 15-20 мың ақша емес. Расымен де, солай. Егер айыппұл көлемін еселеп арттырсақ, қалталы азаматтар амалын тауып, жол полициясы қызметкерімен ымыраға келіп, не жоғары жақтағы көкесіне хабарласып, жазадан құтылып жүре береді. Оларға хаттама толтырылмағандықтан, жол ережесін қайта-қайта бұзушылар тізіміне де ілінбейді. Ал айлығы шайлығына жетпей жүргендер абайсызда жол ережесін бұзса, сол сәтте мәселені шешуге ақшасы болмайды да, қайта-қайта жол ережесін бұзушы болып шыға келеді. Бұл жағдай екінші рет қайталанса, ол айыппұлды мүлде төлей алмауы да мүмкін. Мәселен, айыппұл көлемі 70-80 мың болса, оны екінің бірі төлей алмайды ғой. Біз осындай жайларды да ескеруіміз керек. Бай мен жарлының жол ережесін бұзуы да екі түрлі. Бай жол ережесін біле тұра қасақана бұзса, жарлы абайсызда бұзады. Ал бай жолын тауып жазадан құтылады, жарлы байғұс тұтылып жатады. Егер жол полициясы қызметкерлерінің жемқорлығын жоймасақ, айыппұл көлемі қанша артса, бұл қарапайым жүргізушіге сонша салмақ түсіреді. Қарапайым жүргізушінің қалтасында сол сәтте жол полициясы қызметкеріне бере салатын 4-5 мың теңгесі бола бермейді. Бұл – шындық. Жол полициясы қызметкерлерінің ақша алатынын елдің бәрі біледі. Тек «ұсталмаған ұры емес» демекші, бәрінің бірдей ұрлығы ашыла бермейді. Дегенмен өздерінің Ішкі қауіпсіздік басқармасының, Қаржы полициясының құрығына ілініп жатқандар бар. Сондықтан да заңды бұдан да қатайтып, жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемін еселеп арттырғанша, заңның орындалуына, жол полициясы қызметкерлерінің пара алуын жоюға қол жеткізуіміз керек. Өйтпеген жағдайда айыппұл көлемін қанша еселеп арттырғанмен, жол қауіпсіздік ережесі мәселесі ашық қала береді.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бейтарап пікір
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:
– Меніңше, заң қатаң, айыппұл мөлшері қомақты болғаны дұрыс. Өйткені бір рет қомақты айыппұл төлеген адам екінші рет жол ережесін бұзбайтын болады. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Егер заң дұрыс жұмыс істемесе, заңды бақылаушылардың өзі заң шеңберінен шығып жатса, онда көздеген нәтижеге қол жеткізу қиын болары анық. Қоғамдағы әрбір азамат заң аясында жұмыс істеуге бейімделуі тиіс. Пара берушіліктің де, пара алушылықтың да жолын кесуіміз керек.