Жер телімін инфрақұрылымды жасағаннан кейін ғана жекеге беру тұрғын үй саласын дамытуға кедергі келтіре ме?
Алдағы екі жылдың ішінде еліміздің аумағында ауыл шаруашылығына арналған жерді жаппай тексеру жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар жеке тұрғын үй салуға арналған жер аумақтары да тексеріледі. Ресми мәліметке қарағанда, мұндай жер телімдерінің 80 пайызы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген. Жыл басында бірінші вице-премьер Серік Ахметов: «Біз жерді жай бере салуды тоқтатуымыз керек. Ендігі кезде инфрақұрылымы бар жер телімдерін бөлу қажет. Не болмаса жерді игеру туралы мәселе қойылсын. Айталық, екі жылдың ішінде қала немесе аудан әкімі тұрғын үйлер салынатын жерді инфрақұрылыммен қамтамасыз етсін. Жұртқа жерді бөліп, уәде берумен шектелмеу керек», – деген еді.
Өткенде осы мәселе қайта көтерілді. Жер ресурстарын басқару агенттігінің басшысы Қадырхан Отаров тұрғындарға жер беру әзірге тоқтатылатынын хабарлады. Себеп – инфрақұрылым. Осыны жүйелеу үшін жұмыс тобы құрылған. Бүгінде 90 мың гектар жердің инфрақұрылымын жасау керек екен. Бұл жер алып, үй салам дейтіндердің арманын тағы біраз жылға шегеруі мүмкін. Шынында да, мұндай қадам тұрғын үй саласын дамытуға кедергі келтіре ме?
Тасбай Симамбаев, қоғам қайраткері:
иә
– Шыны керек, кезінде жерді оңды-солды таратып бердік. Қазір қай қалаға барсаң да, артық бір метр жер жоқ. Заң бойынша елімізде әр отбасына 10 сотық жер берілуі керек. Алайда оны орындау қиынға соғатын түрі бар.
Жалпы, үй мәселесі қазір ең қиын мәселе болып тұр. Мәселен, Астанада тұрғындардың 70 пайызында баспана жоқ. Сондықтан пәтер жалдауға мәжбүр. Ал пәтер жалдаудың қымбатқа түсетіні белгілі. Содан қаланың айналасындағы ескі саяжайларда, қора-қопсыда кішкентай балаларымен тұрып жатқандар өте көп. Ауылдық жерде тұрғын үй мүлде салынбайды десе де болады.
Рас, елімізде ипотека, Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінде қаржы жинау арқылы пәтер алуға жағдай жасалған. Тұрғын үйге арналған мемлекеттік бағдарламалар да бар. Бірақ, шындығын айтқанда, ондай бағдарламалармен пәтер алуға бәрінің бірдей шамасы келе бермейді. Оған қарағанда жер алып, үй салған арзанға түсер еді. Еске түсірсек, кезінде Алматының маңайында алдымен жер алып, үй салып, содан кейін қауымдасып су мен жарық тартып, бірнеше елдімекен құрылғанын білеміз. Шаңырақ, Алтын бесік секілді ауылдар солай салынған. Сол кезде қаншама адам баспаналы болды.
Енді Жер ресурстары агенттігі алдымен инфрақұрылым салынбай, жер берілмейді деп хабарлады. Ол да дұрыс шығар. Әлбетте, үй тұрғызған соң су мен электр қуатын, сондай-ақ газ тартып, жол салу қажет. Оған қыруар қаржы жұмсау қажет. Сондықтан коммуналдық жүйелерді ретке келтіріп алған соң тұрғын үй салған дұрыс деген шешімді құптауға да болар.
Алайда осы арада инфрақұрылым жағы кімге жүктеледі деген бір кілтипан шығады. Егер әкімдерге жүктесе, оның арты сиырқұйымшақтанып, ұзаққа созылуы мүмкін ғой. Себебі бізде әкімдердің өте баяу қимылдайтыны белгілі. Оны күтіп жүруге баспанадан қиналған жұрттың шыдамы жете ме?
Содан кейінгісі – құжат мәселесі. Бүгінде миллиондаған адам жұмысты ысырып қойып, үйдің құжатын дайындау үшін талай мекеменің табалдырығын тоздырумен күн өткізеді. Құжат алатын мекемелерді жемқорлық әбден жайлаған. Содан барып қаншама үйдің құжаты жоқ. Бұл да – шешуі кезек күттірмейтін мәселе. Осыны халыққа қызмет көрсету орталығы секілді бір терезеден құжат беретіндей етіп қолға алу қажет. Әйтпесе үй салған адам «генплан, геодезия, архитектура т.с.с.» деп бір тонна қағаз жинап, әлекке түседі. Тұрғын үй саласын дамытамыз десек, халыққа жер беріп, сосын барлық жағдайын жасаған дұрыс болар еді.
Қуаныш Айтаханов, сенатор:
жоқ
– Жер ресурстарын басқару агенттігі осы кезге дейін қалыптасқан жерді тегін беру мәселесін қайта қарастыруды қолға алды. Соған орай бүкіл қалаларда түгендеу жұмысы жүруде. Бұл шаруа маусымның 30-ына қарай аяқталуы тиіс.
Расында да, кезінде жер инфрақұрылымы бар-жоғына қарамай таратыла берді. Ал құрылысты аяқтағаннан кейін қомақты қаржыны талап ететін іс су мен жарық тарту, жол салу ғой. Әйтпесе қаншама қаражат жұмсап, небір үлкен үйлерді салып тастайды. Бірақ ішінде суы, жарығы болмаған соң көбіне пайдаланусыз бос тұрады. Сондықтан тұрғын үй салу үшін арнайы алаңдар болуы қажет.
Суы, электр қуаты, жол мәселесі шешілген соң ғана жер беруге рұқсат етілмек. Елді мекеннің жоспары жасалып, инфрақұрылымы дайын болып тұрса, халық та тез арада үй тұрғызып, тез арада қоныстанар еді. Осылайша еліміздегі тұрғын үй саласы да дами түседі.
Соңғы мәліметке қарасақ, биылғы жылдың өзінде 6,5 млн шаршы метр жекеменшік үй-жай пайдалануға берілді. Мұны Елбасы өзінің халыққа Жолдауында атап айтты. Соның 43,7 пайызы – жекеменшік есебінен салынған үйлер. Әлбетте, біз жекеменшік есебінен үй салуға жер бермейтін болсақ, біздің елімізде салынатын құрылыстың жалпы көлемі екі есеге төмендеп кетеді. Жеке азаматтарға жер бермей, олар жеке үй салмай, біз баспана мәселесін шеше алмаймыз. Бұл – онсыз да үлкен мәселе. Бірақ ол үшін алдымен инфрақұрылымын тартып, содан кейін жерді берген дұрыс. Себебі үй салу оңай емес, оған қыруар қаржы қажет. Ал енді оған қоса, су мен жарықты өзі тартып, жолды өздері салса, онда бұл жұртқа ауыртпалық түсіретіні сөзсіз. Сондықтан алдымен инфрақұрылымды тартып беру керек. Оған соншама көп уақыт кетпеуі керек. Бұл, бір жағынан, мемлекет үшін де арзанға түседі. Ең бастысы, жер тиген соң, халық үйді тез арада салып алады. Есесіне баспана проблемасы шешіле береді.
Сол секілді ауыл шаруашылығындағы жер туралы заңға да өзгеріс енгізу керек деген ұсыныс айттым. Жер алып, сол жерге сүт фермасын тұрғызып, кәсібін жүргізем деушілерге жағдай жасау керек. Оларға жердің бағасын арзандатып берген жөн. Ауыл шаруашылығы өнімдері арзан болсын десек, ауыл шаруашылығына берілетін жердің бағасын да арзандатқан дұрыс. Әлбетте, мұндай жерді үй салатын жердің бағасымен теңестірмеу керек.
Бейтарап пікір
Амалбек Тшан, қоғам қайраткері:
– Меніңше, алдымен инфрақұрылымды салып, содан кейін жер беру керек деген шешім дұрыс емес. Жалпы, біз байыбына бармай, ештеңені шешпей жатып шектеу қоя береміз. Жай ғана мысал, қала көшелерінде автокөліктерді қоюды шектейді. Ал ондай қадамға бармас бұрын алдымен машиналар тұратын тұрақ қажет емес пе? Егер Сингапурдағыдай жерасты, жерүсті көлік тұрақтары бар болса, бір жөн. Онда әлгіндей шектеу қоюға болар еді.
Сол секілді жер берілмес бұрын алдымен инфрақұрылым жасау керек дейді. Ал оны кім жасайды? Оған қаржы қайдан бөлінеді? Тұрғын үй салатын аумақтарға газды айтпағанда, су тарту керек, электр қуаты желілерін жүргізу керек. Одан кейін жол салу мәселесі шығады. Осының бәрін мемлекеттің мойнына артып қойса, онда тұрғын үй мәселесінің шешілуі кейінге шегеріле беруі ықтимал. Ол үшін, ең алдымен, қаржы керек. Содан кейін инфрақұрылым жүргізуді қай мекеме мойнына алады? Алдымен соны шешіп алу қажет. Әйтпесе ертеңгі күні жер де берілмей, инфрақұрылым да жайына қалуы әбден мүмкін.