«Жемқорлық бойынша сотталғандардың туыстарының да дүние-мүлкін тәркілеу керек» деген пікірмен келісесіз бе?

«Жемқорлық бойынша сотталғандардың туыстарының да дүние-мүлкін тәркілеу керек» деген пікірмен келісесіз бе?

Бүгінгі күні жемқорлық қоғамымыздың басты дерті болып тұр. Жемқорлық фактісі бойынша ұсталып, жазаланып жатқандар да жетерлік. Алайда әлі де болса жемқорлықты түбірімен жою мүмкін болмай тұр. Осыған орай кейбір мамандар «жемқорлық бойынша сотталғандардың туыстарының да дүние-мүлкін тәркілеу керек» деген пікір білдіруде. Бірақ «бұл – адам құқығын бұзу» деп айтылған ұсынысқа қарсы шығушылар да жоқ емес. Жемқорлық бойынша сотталғандардың туыстарының да дүние-мүлкін тәркілеу жемқорлықты жоюға қаншалықты ықпал етпек?! Мамандар пікірін сұрастырып, ұсыныстың артық-кем тұстарын салмақтап көрген едік.


Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:
иә
– Мен бұл ұсынысты қуана құптаймын. Өйт­кені қоғамымызда жемқорлық әбден ас­қынып кетті. Ал жемқорлық бар жерде еш­қашанда мемлекет алға дами алмайды. Ке­рісінше, жемқорлық мемлекеттің дамуын тежейді. Қоғамды алға сүйреуге арналған, талай істің бастамасына айналуы тиіс шара­лар жемқорлықтың салдарынан бір орын­нан жылжымай жатқаны өкінішті. Сон­дық­тан жемқорлық бойынша сотталғандардың туыстарының да дүние-мүлкін тәркілеу керек. Олар сеніп тапсырылған қазы­на қаржысын талан-таражға салып, өз мүддесі үшін жұмсап, ал мемлекет сол жем­қор үшін неге өз дамуынан тежелуі керек? Біз жемқорға әрқашанда қатал болуымыз керек. Бұл жерде адам құқығы тапталады деу­ге тіпті негіз жоқ. Мәселен, жемқор тұлға жем­қорлық әрекеті арқылы қоғам­да­ғы қал­ған миллиондаған адамның құқығын бұзып отыр ғой. Соны неге есептемейміз?! 
Мәселен, Қытай елі жемқордың әре­кетіне өте қатал қарайды. Тіпті өлім жаза­сына қиюға бар. Онымен салыстырғанда біздің сотталғандардың туыстарының дүние-мүлкін тәркілеу туралы ұста­ны­мымыз тіпті жұмсақ жаза деуге болады. Айналып келгенде, бұл қоғамның өз несібесі емес пе?! Біздің халқымыздың қанына сіңген қасиет – туған-туысына, жақын-жуығына қарайласып, көмек­тес­кіш. Тіпті қызметте жоғарыласа, туған-туысын ізіне ерте жүреді. Сондай кезде жақсылығын бөліскіш туған-туысы басына қара бұлт үйірілгенде де неге қасынан табылып бөліспеске? Сондықтан жем­қор­лық бойынша істі болғандардың туған-туыс, жақын-жуығының да дүние-мүлкін тәркілеу нағыз біздің қоғамымызға керек нәрсе деп ойлаймын. Шыны керек, еліміз­де қолында билігі бар тұлғалардың туыс­тары түгіл, олардың өздерінің де дүние-мүлкі табыс декларациясына түгел ене бермейді. Олар соны пайдаланып жаңа туған баласының атына шейін жыл­жы­майтын мүлік тіркетіп қойған. Бұл мем­лекеттің мүддесінен өз мүддесін жоғары қою емес пе?!
Жемқордың туған-туысының атына тір­келген дүние-мүлікке оның қолында билігі бар жемқор туысының септігі тигеніне де сенемін. Тіпті кәсібі болса да, оны дөңгелетуге қолында билігі бар туысы ықпал етеді. Сондықтан біз қайткен күнде жемқорлық бойынша сотталған тұлғаның туыстарының дүние-мүлкін тәркілеуді заңдастыруымыз керек. Бұл тұрғыда менің ұстанымым – осындай.


Абзал ҚҰСПАНОВ, заңгер:
жоқ
– Әрине, жемқорлықты тыю үшін қан­дай ша­раға барсақ та артық емес. Бірақ дәл осы мәселені жан-жақты ойластырып алма­са бол­майды. Рас, жемқорлық бойын­ша соттал­ғандардың туыстарының да дү­ние-мүлкін тәркілейтін елдер баршылық. Мә­селен, Беларусь мемлекетінде заң со­лай. Кімде-кім жемқорлық фактісі бойынша ұсталып, жазаланатын болса, оның туыс­та­рының да дүние-мүлкі есепке алынып, тәр­кіленеді. Яғни кез келген тұлға жемқорлық әре­кетке бармас бұрын өзін ғана емес, туған-туысын да бір сәтке ойлауға осы жаза мәжбүрлейді.
Дегенмен біз әрбір жазаны қолданбас бұрын адам құқығының бұзылмауын естен шығармауымыз керек. Кез келген мәселеге адам құқығы тұрғысынан қарап, оның қа­таң сақталуын қадағалауымыз керек. Мәсе­лен, кейбір тұлғалар туған-туысымен ара­ласпайды, жақын-жуығына қарайласа да қоймайды. 
Ал ертеңгі күні сол тұлға жемқор ретін­де жазаланып жатса, оның туысқанының дүние-мүлкін тәркілеу оның құқығын бұзу болып табылмай ма?! Бәлкім, оның туыс­қаны өз еңбегімен дүние-мүлік жиған шығар немесе өзінің жеке кәсіпкерлігі бар шығар. Соны дөңгелетіп, тірлігін енді жол­ға қойып келе жатқан біреу шығар. Мұн­дай жағдайда сен соның туысқаны екенсің деп өз маңдай терімен тапқан дүние-мүлкін тәркілеу оның құқығын бұзу болып табылмай ма?! Неге ол туысқаны үшін жауап беруі керек? Сондықтан өз ба­сым жемқорлық бойынша істі бол­ған­дар­дың туған-туысының да дүние-мүлкін тәр­кілеу дұрыс емес деп ойлаймын. Негізі, бү­гінгі күні әркім өзі үшін жауап беруі керек.
Мен заңгер ретінде сыбайлас жем­қор­лық істерімен жиі айналысамын. Жем­қор­дың, әрі кеткенде әйелінің атындағы дү­ние-мүлкіне шектеу қоюға болады. Ал одан әрі туған-туысының мүлкіне шейін есеп­ке алып тәркілеу тым артық кету деп санаймын. Көбінесе мына оңтүстік жақ­та­ғы шенеуніктер болмаса, солтүстік жақтағы шенеуніктер туған-туысқанына қарай­лас­пақ түгіл, араласпайды да. Сондықтан туыс­тарының мүлкін тәркілеу жайлы сөз еткенде осы мәселені қаперімізде ұстауы­мыз керек. Ал бұл заң қабылдана қалса, бар­шасына бірдей қолданылады. Сон­дықтан арасында кейбіреуінің құқығы бұзы­лып кетпес үшін біз мұндай ұсы­ныс­тардан қашуымыз керек.
                                     Абай ОМАРОВ (коллаж)

Бейтарап пікір
Жанұзақ ӘКІМ, Халықаралық адам институтының президенті, биология ғылымының кандидаты:
– Жемқорлық бойынша сотталғандардың туыстарының мүлкіне шейін тәркілеу жемқорлықтың зардабын жоя алмайды. Одан гөрі жемқорлықты болдырмау механизмдерін ойластыру керек. Сонда қоғамдағы рухани, моральдық жағдай ретке келеді. Заң бойынша да әкесі баласына жауап береді, ал баласы ешқашан да әкесінің қылмысы үшін жауап бермейді. Заң ғана емес, жүйе де жемқорлықтың алдын алу үшін жұмыс істеуі керек. Мәселен, мемлекеттік сатып алу жүйесі, мемлекеттік бағдарламалар – бәрі-бәрі жемқорлықты айналып өтіп, жұмыс істейтіндей дәрежеде болуы керек. Елімізде құқық қорғау орындары, қадағалаушы орындар жетерлік, олар тоқсан сайын тексеру жүргізіп, қоғамда жемқорлық орын алмауы үшін жұмыс істеуі керек. Ал бізде ішіп-жеп жатқанын көре тұрып үндемейді. «Іс бітті, қу кетті» болғанда ғана қимылдай бастайды да, жемқор «жайындар» емес, «шабақтар» ғана құрыққа іледі. Оны көріп басқа жемқорлар да жеп қалуға ұмтылады. Дәл қазір елімізде мемлекеттік бағдарламаларға, әр саладағы өзгерістерге бөлінген миллиардтаған бюджет қаражаты талан-таражға түсіп кетіп отыр. 20 жылдап жүргізілген халықты ауызсумен қамту бағдарламасының еш нәтижесі көзге көрінбей тұр. Бұл – қоғамдағы жемқорлықтың бір мысалы ғана. Ал санамалай бастасақ, жемқорлық фактісі тіпті көп. Сондықтан жемқорлық орын алғаннан кейінгі жазаны қатаңдатудан гөрі, жемқорлықтың алдын алу жайлы ойлануымыз керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста