Елімізде жүргізушілердің жасына байланысты шектеу жоқ. Ең бастысы, кәмелеттік жасқа толып, қолыңда жүргізушілік куәлігі болса болғаны. Алайда соңғы кездері жол-көлік оқиғасының күрт көбейіп кеткені жасырын емес. Мамандар жол-көлік оқиғасына көп жағдайда тәжірибесі жоқ жасөспірімдердің себеп болып жататынын, тіпті жастықпен көліктің жылдамдығын асырып, жиі тәртіп бұзуға да жастардың көп баратынын айтып отыр. Сондай-ақ жасы үлкен адамдардың да уақыт өте денсаулығы сыр беріп, көру-есту мүшелерінің өз қалпында жұмыс істемейтіні шындық. Соның айғағы ретінде жақында ғана орын алған Алма-арасандағы 11 адамның қазасына себеп болған жол-көлік оқиғасында «жасы 60-қа жақындаған жүргізушінің денсаулығы апатқа себеп болды ма» деген күдік бірінші келтірілді. Осы орайда «тым жас балалар мен зейнеткерлерге көлік жүргізуге шектеу қою қажет пе» деген сауалды мамандарға қойған едік.
Дәурен БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» жастар ұйымының төрағасы:
Иә
– Жүргізушілердің жас ерекшеліктеріне байланысты, әрине, шектеу қажет. Мұны қазір күнделікті тұрмыс-тіршілігіміз талап етіп отыр. Оның ішінде 21 жасқа дейінгілер, мектеп бітіріп, қолына төлқұжатын алса да, жастық қалыппен көлік айдауға қалай болса, солай қарайды. Сондықтан 21 жасқа толғанша әскерге барып, немесе ЖОО аяқтап, белгілі бір өмір мектебінен өткеннен кейін ғана жүргізушілік куәлікті сеніп тапсыруға болады. Әйтпесе жастықпен мектеп қабырғасынан енді шыққан жасөспірім әлдекімді қағып кетіп, өлтіріп алып, бас бостандығынан айырылса, кімді кінәлауға болады? Одан гөрі 3-4 жыл кейінірек болса да ақыл тоқтатқаннан кейін ғана көлікке отырғаны дұрыс.
Оның үстіне жастардың бәрі тәжірибелі жүргізуші деп айта алмаймын. Қазір көбісі жүргізушілік куәлікті «сатып» алады. Ал оқып-тоқып алмаған куәлік көпке бармасы анық. Осы орайда орта мектепте оқитын кезден бастап оқушыларды жол жүру ережесін сақтап, көлік жүргізудің қыр-сырын жан-жақты оқытқанымыз жөн. Көптеген Батыс елдерінде бастауыш сыныптан бастап жол жүру, көлік жүргізу туралы арнайы сабақтар аптасына бір мәрте міндетті түрде өткізіледі. Ал сатылап жүргізілетін бұл сабақтардың күнделікті тұрмыста пайдасы зор. Әйтпесе көлік жүргізуді үйрететін арнайы курстар адамдарды көлік жүргізуді үйренуге міндеттемей, дайын куәлікті сатуға жол беретін болғандықтан, мұндай курстардан қайран жоқ.
Ал үлкендерге 65 жастан бастап шектеу қойылғаны дұрыс. Өйткені қазір азаматтар жасына қарамастан, әлеуметтік жағдайына байланысты, реті келсе, жұмыс істеп жүре бергісі келеді. Кейде олар рульде отырғанда денсаулығының нашарлауына байланысты өзінің ғана емес, өзгенің өміріне де қауіп төндіруі мүмкін. Қанша айтқанмен 60 жастан асқан соң адамдардың көруі нашарлап немесе қан қысымы күрт жоғарылап кету жағдайлары көп болады. Сондықтан міндетті түрде жүргізушілердің жасына шектеу қажет.
Асхат БИЯХМЕТҰЛЫ, Алматы облысы жол полициясының штаб бастығы:
Жоқ
– Көлік жүргізушілердің жас ерекшелігіне байланысты шектеу қою мүмкін емес. Өйткені бұл еліміздің азаматтары мен азаматшаларының құқын аяққа таптау болып табылады. Негізі, 18 жастан бастап жүргізушілік куәлікті алып, көлік жүргізуге рұқсат беру – Кеңес Одағы кезінен келе жатқан жүйе. Қазір де елімізде 18 жастан, яғни кәмелетке толған кезден бастап рульге отыруға рұқсат берілген. Бұл бізде ғана емес, көптеген елдерде көлік тізгініне кәмелеттік жасқа толғаннан бастап отыру қарастырылған. 18 жасқа толып, төлқұжатын алған азамат жас деп айтуға келмейді. Егер арнайы көлік жүргізуді үйрететін курстарға қатысып, жүргізушілік куәлікті тексеруден өтіп, алған болса, неге көлікті сеніп тапсырмасқа?!
Жол-көлік оқиғасын тудыратындардың көбісі жастар деген пікірмен де келіспеймін. Еліміздегі жеңіл көлік айдайтындардың 60 пайызы – 25 пен 35 жас арасындағылар. Жол-көлік оқиғасына да әртүрлі жастағы азаматтар ұшырап жатады. Елімізде көлік жүргізушілерге мүлдем шектеу жоқ деп айтуға болмайды. Мәселен, қоғамдық көлікті жүргізушілерге 21 жастан бастап қана рульге отыруға болады. Өйткені ауыр көлікті басқару қиынырақ болғандықтан, жас ерекшелігі міндетті түрде ескеріледі.
Сондай-ақ 50 жастан асқан соң-ақ қолы қалтырып, көздері бұлдырап денсаулығы нашарлайтын адамдар бар. 70-80-ге келсе де, көлікті жақсы жөндейтін, рульде «ойнайтын» азаматтар да болады. Бірді-екілі оқиғаға байланысты жаппай адамдардың бәріне шектеу қою қалған азаматтардың құқын бұзу болып табылады. Бұл – әр адамның денсаулық жағдайына байланысты нәрсе. Сондықтан, ең алдымен, денсаулығы нашар адамдар өздерін көліктің тізгініне отырудан шектегені жөн. Ал жұмысқа алушы мекемелер өздерінің абыройы үшін жұмысқа алатын жүргізушілерінің денсаулығын мұқият тексеріп, жұмыс барысында да арнайы бақылаудан өткізіп тұрғандары дұрыс. Сондықтан көлік жүргізу әркімнің өз еркінде болғандықтан шектеу енгізу мүмкін емес.
Бейтарап пікір:
Айдос САРЫМ, саясаттанушы: – Бәріне бірдей жаппай шектеу қоя алмаймыз. Мәселен, зейнеттік жасқа жеткен үлкендердің ұзақ жылдар көлік жүргізгеннен кейін көлік айдауда қателік жіберуі – сирек жағдай. Сондықтан қызметтік көліктерді, оның ішінде жүк көліктері мен қоғамдық көліктерді, жедел жәрдем көліктерін жасы ұлғайған адамдардың айдауына шектеу қою қажет. Мекемелер қызметкерді тағайындаған кезде осыған мән берулері керек. Ал жеке көлігін жүргізушілерге тыйым сала алмаймыз. Ол – әркімнің өз қалауы. Себебі жүргізушілердің жас шамасына қарай жаппай тыйым салатын болсақ, олардың құқығын бұзғанымыз болып саналады.