Жыл сайын біздің елімізде 100 мыңға жуық бала дүниеге келмей жатып көз жұмады екен. Яғни нақтырақ айтсақ, өзге емес, өз ата-анасының қолымен соншама нәресте жасанды түсікке душар болады деген сөз. Жасанды түсік жасатушылардың көп бөлігін 19 бен 30 жас аралығындағы қыз-келіншектер құрайды, яғни ұлтымыздың ұрпағын өрбітуге толық қабілетті жастағылар. Байқағанымыздай, бұл жас аралығындағылар – білместікпен дейтіндей емес, саналы түрде сондай қағамға баратындар. Оның сыртында кәмелеттік жасқа толмай да аяғы ауырлап, «ең оңай» жол ретінде жасанды түсік жасатып, тіпті оны әдетке айналдырып алғандар да жетерлік. Осы ненің салдары? Жалпы, жасанды түсік жасатуға мүлдем тыйым салсақ, осындай обырға тоқтау сала аламыз ба?
Совет-Хан ҒАББАСОВ, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы:
иә
– Иә, бұл – өте дұрыс шешім. Менің қаншама жылдан бері айтып, жеткізе алмай шырылдап жүрген мәселемнің бірі осы дер едім. Кезінде Мұқаң: «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» – десе, мен айтар едім: «Ел болам десең, қызыңның қылығын бағып, етегін жап, ұятын күзет», – деп. Негізі, қыз бен бесік екеуі ажырағысыз ұғымдар ғой. Сондықтан халықтың байлығы да, мемлекеттің болашағы да қыздың тәртібіне тікелей байланысты. Ал қазір көптеген сорақылықтар, соның ішінде осы «жасанды түсік жасату» деген дерт сол қыздарымыздың тыйымсыз, бетімен кеткендігінен шығып жатыр. Жыл сайын қаншама қыз бала оң жақта отырып жүкті болып қалып, соның қаншамасы аяусыздықпен өз сәбиіне өзі қол жұмсап, өзінің де, өзін дүниеге әкелген халықтың да түбіне жетіп жатыр.
Олай болса, оған қалайша тыйым салмассың?!. Тыйым салу керек, тіпті сондай қадамға барғандарды жазалау да керек. Өйткені ол өз басына ғана емес, тұтас ұлттың тамырына балта шауып жатыр. Ендеше, ол халық алдында жауапты ма, әрине, жауапты.
Негізі, қоғамың қандай болса, адамың да сондай ғой. Мұндағы ең ауыр мәселе халық өзінің салт-дәстүрінен ажырап бара жатыр. Соның ішінде нақты «Қызға қырық үйден тыйым» деген қағиданың аяқасты болғаны, бүгінде бізді осыншалық дағдарысқа тіреп отыр. Бесіктен белі шықпаған өрімдей жас қыздарымыз жүкті болып, сосын елге қарауға бет жоқ, ақыр соңы баласын алдырады да тастайды. Тіпті ата-анасының өзі қызының қылығын қадағаламай жүріп, сосын болар іс болған соң, «баланы алдыр» деп өздері айтады. Сонда бұл қандай тәрбие болды? Біз бүгін неге қыздарымыздың арын күзетпейміз? Кәмелет жасқа толмай аяғы ауырлап жатқан қыздардың саны өте көп. Сондықтан да бізге осы обырды тамырымен жұлып тастау керек. Оған қатаң түрде тыйым салу өз алдына, қыздарымыздың тұрмысқа пәк күйінде шығуына баса назар аударуымыз шарт. Олай болмайынша, ештеңе түзелмейді. Жалпы, халықтық салт-дәстүр, жөн-жоралғы, әдет-ғұрпы әлсіреген елді осындай келеңсіздіктер жайлайды. Ал оған дер кезінде тойтарыс бермесе, ол халықтың ажалы содан болады.
Бұрын Орталық Азияда ең көп халық қазақ болса, қазір ең азы бізбіз. Ашаршылық, репрессия секілді саяси қиянаттар өз алдына, алайда Тәуелсіз ел бола отырып, өз еркімізбен өз ұрпағымызды өлтіру, тіпті ол кездегіден де көп залалын тигізіп жатпаса, кем түсіп жатқан жоқ. Жылына ондаған емес, жүздеген мың жасанды түсік жасалып жатыр деген не сұмдық? Ендеше, ел болып ұрпақ тәрбиесін қолға алатын кезіміз жетті. «Ойбай, баспанамыз жоқ, бәлен де түген» деген болмашы сылтаумен, тіпті некелі жарлардың өзі балаларын алдыртып жатады. Осы ақталуға, қандай да бір ақтауға келетін іс пе? Меніңше, олай емес. Себебі қазақ «бір қозы артық туса, бір түп жусан артық өседі» деген дана халық. Әр баланың өз несібесі бар. Сондай-ақ оның киесі де бар. Оның өмір сүруіне қиянат жасап, ол өмірге келмей жатып үкім шығарып қойдың екен, оның міндетті түрде киесі ұрады. Біз осыны ойлайық, Құдайдан қорқайық. Жасампаз ел болғымыз келсе, жасанды түсік жасатуға тыйым салайық!
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, биология ғылымының докторы, «Экомед» Адам ұрпағын өрбіту емханасының басшысы:
жоқ
– Бізде, шынында да, аборт жасату деген оп-оңай нәрсе, тіпті ойыншыққа айналды. Ойламаған жерден, аңдаусызда бойына бала бітсе, қыз-келіншектеріміздің көбі жасанды түсік жасата салу деген бір өте жаман ауруға шалдыққан десе де болғандай. Соған сай қоғамда да кез келген жерде шімірікпестен жатырдағы баланы жұлып алуға даяр қаныпезерліктің аяқ алып кеткеніне менің дәрігер ретінде ішім ашиды. Алайда мен тағы да маман, дәрігер ретінде, жалпы, «жасанды түсік тастауға мүлдем тыйым салу керек» деген пікірмен келіспеймін. Неге? Себебі мәселенің барлығы сана-сезімде болып тұр. Сол сана-сезімді өсірмей, адамдардың ұрпақ өрбіту тұрғысындағы сауатын арттырмай, заң жүзінде тыйым салғаннан біз ештеңе ұтпаймыз, өйткені ол кезде, керісінше, жасырын түрде түсік жасайтындар көбейіп кетеді және олар өз бағасын бұрынғыдан бетер өсіріп жібереді.
Бірақ бұл менің жасанды түсікті жақтағаным емес, әрбірден соң ол ауыр қылмыс, қылмыстың ішінде де ең ауыры. Әдетте, біреу біреуді әдейі, қасақана өлтірсе, оған ауыр үкім шығарып, қатаң жаза қолданылады ғой, ал жасанды түсік жасату деген – басқа емес, ата-атаның өз баласын өз қолымен өлтіруі. Өкінішке қарай, бізде жасанды түсік жасатуға осы деңгейде қарамайды.
Әлем елдерінің түсікке қатысты қолданатын шараларына көз жүгіртсек, мүлдем жасанды түсік жасалмайтын, оған тыйым салған елдер де бар. Сонымен қатар Израиль секілді түсік жасатудың қатаң қағидаларын орнықтырған елдер бар. Мен осы Израильдің тәжірибесін алға тартқым келеді. Онда түсік жасатушылардың әрбірінің мәселесін бірнеше адамнан құралған арнайы комиссия шешеді. Олар түсік жасатушының денсаулығын, не үшін ондай шешімге барғанын бәрін сараптай келе, рұқсат беруге бола ма, жоқ па соны анықтайды. Біз де жасанды түсік жасату деген мәселені арнайы тәртіпке бағындырып, рұқсат етуге болатын, болмайтын жағдайларын анықтауымыз керек. Мәселен, кейбір жағдайлар болады, яғни бала көтергенімен оны босану ананың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін немесе іштегі баладан қандай да бір ауытқушылықтың бары анықталып жатады, болмаса бала бойға дұрыс бітпеуі, тіпті кейде ер адамның әйелді өз еркінен тыс зорлап кету жағдайынан көтеріп қалатын да жағдайлар ұшырасып жатады. Бір сөзбен айтқанда, алдын ала қарастыру мүмкін болмаған осындай әлеуметтік-медициналық жағдайларда жасанды түсік жасатуға рұқсат бермеу, адам құқығына қайшы келетін секілді. Сондықтан да мен Израиль тәжірибесін ұсынып тұрмын.
Жалпы, менің қарнымды аштыратын нәрсе, біздің адамдарымыздың сауаты өте төмен, өз денсаулығы мен болашағына жауапсыз қарайды. Аборт дегеннің ертеңгі күні бедеулікке апаратынын, ал оны жасатудың өзі қасақана қылмыс екенін, өз болашағына өзі балта шауып жатқанын түсінетін кезіміз жетті. Қытайдың түрлі таблеткаларын ішіп, түсік жасап, болмаса азамыз деп ішіп, соның кесірінен о дүниелік болып кетіп жатқандар қаншама. Бұл – біріншіден, біздің алдымен адам ретінде өзімізге жанымыз ашымағандық, екіншіден, ненің неге апаратынын білмейтін білімсіздігіміз. Үшіншіден, ұлттық деңгейде ойлайтын елге айнала алмағандығымыздың нақты дәлелі. Егерде әр адам өзін жай тіршілік иесі емес, адамзаттың бір бөлшегі, оның ішінде қазақ деген халықтың бірден-бір өкілі, қазақтың санын көбейтуге жауапты тұлға санаса, біздегі жасанды түсік қазіргіден әлдеқайда төмен болатынына, тіпті болмайтынына кепілдік бере аламын. Ендеше, бізге біріншіден, ұрпақ өрбіту туралы әр адамның сауатын арттыруға күш салу қажет. Екіншіден, жоғарыда айтқандай, Израиль тәжірибесін ұстану шарт және де жекелеген клиникаларда жөн-жосықсыз жасанды түсік жасауды шектеп, «тек қана мемлекеттік құзырлы медициналық орталықтарда ғана аборт жасауға болады» деген шешім қабылдау керек.
Түйін
Жаратқанның еш нәрсені кездейсоқ жасай салмайтыны және ешқашан қателеспейтінін ескерсек, бойға бала бітті ме, демек, оның өмір сүруге қақы бар деген сөз. Бұл – бір деңіз. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп текке айтпаған. Ендеше, ертең «жұртым» дейтін баламызды бүгін неге қыршын қиюға тиіспіз? Алайда тек салдармен күресу ауруды жаза алушы ма еді? Болмаса диагноз дұрыс қойылмай, дерттің беті бері қарай ма? Сол секілді бізге де жасанды түсікті болдырмаудың ретін қарастырған дұрыс секілді.