ЖАҚСЫ ЖАУЫНГЕР СПАРТАКИАДАНЫ ДА ЖЕҢІП АЛАДЫ
Ол рас, әскер мен спорт - егіз. Басқаша болуы мүмкін де емес. Өйткені, жауынгерлер кез-келген қиындыққа төзетін шыдамды, алысқан дұшпанын алып ұратын шымыр, құралайды көзге атқан мерген, етігі тозса да өрлігі тозбайтын қажырлы, қашса – құтылатын, қуса жететін жүйрік болуға тиіс. Сол себепті де әскерде спорттық жарыстар мен тартыстар көп.
Таяуда Алматыда Қазақстан Қарулы Күштері Спартакиадасының жеңімпаздары анықталды. ҚР ҚК құрылымдары мен түрлерінің 300 әскери қызметкері 10 күн бойы жеке және командалық есеп бойынша 5 спорт түрінен сынға түсті. Олар: президенттік көпсайыс, офицерлер үшсайыс, табельдік қарудан ату, әскери үшсайыс пен әскери-спорт кешенінің көпсайысы.
«Спартакиаданың қысқы және жазғы кезеңдерінің нәтижесіне қарап отырып, әскери қызметкерлердің жетістігі жылдан жылға өсіп келе жатқанын байқауға болады. Бұл – олардың күш-қуатына ерекше назар аударатындығының белгісі.Себебі, күш-қуат дайындығы әскери қызметкердің ұрыс қабылетінің басты көрсеткішінің бірі. Биылғы Спартакиаданың екі кезеңі барысында 40 әскери қызметкер әскери-қолданбалы спорт түрлерінен «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағының көрсеткіштерін орындады»,- деп атап өтті Спорт комитетінің төрағасы Расул Мейірманов.
Сонымен қатар, осы жарысға отбасы болып қатысу жақсы дәстүрге айналып келеді. Мәселен, Спартакиаданың қысқы кезеңінде гир көтеруден 21450 әскери бөлімінің сержанты Олег Клобук чемпион атанса, жазғы кезеңде оның жұбайы сержант Әлия Қамбарова офицерлер үшсайысынан жеңімпаз болды.
Ал командалық есепке келетін болсақ, ҚР Қарулы күштерінің чемпионы деген атақты Құрылық әскерлері Әскери институтының әскери қызметкерлері жеңіп алды. Екінші орынды десант-шабуылшы әскері қызметкерлері, үшінші орынды 14776 әскери бөлімінің мамандары еншіледі.
С. Ақынжанов