Заңды тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілік институтын енгізу қажет пе?
Соңғы уақытта экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимылды үдете түсу үшін заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік қарастыру мәселесі бизнес қауымдастығынан бастап, қарапайым азаматтарға дейінгі үлкен пікірталастың көрігін қыздырып келеді. Әлемдік тәжірибелерден көрініс тапқан заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік институтының өрісі мен терісі сараланғалы да біршама уақыт болды. Әйтсе де Мәжілісте осыған дейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанына қарамастан, қоғамда пікір қайшылықтары еңсерілген емес. Оның үстіне заң жобасы заңсыз әрекеттерге барған бизнеске айыппұл мөлшерін арттыруды қарастырса, Парламентте жатқан басқа бір заң жобасы заңды тұлғалар үшін айыппұл санкцияларын төмендетуді көздейді. Сонда мемлекет бір заң жобасымен бизнес қауымдастығы үшін айыппұл мөлшерін арттырса, екіншісімен оның мөлшерін төмендетіп жатқан тәрізді. Сондықтан да бұл қайшылықтарға ой жүгіртіп, айтарманның ғана емес, оқырманның да талқысына мәселені ұсынғанды жөн көрдік.
Мақсұт Нәрікбаев, «Әділет» партиясының төрағасы
Иә
– Заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік институтын енгізудің дұрыстығы туралы пікірталасқа түспей тұрып, осы бағыттағы проблемаға тереңірек үңілсек. Мәселен, заңды тұлғаның қылмыстық жауапкершілігі АҚШ-та 1977 жылы Пара алуға қарсылық актісімен бекітіліп, кейін бұл норма осы аттас БҰҰ конвенциясында көрініс тапты. Әрине, бұл жерде заңды тұлғаны түрмеге жаба алмаймыз, әңгіме – басқада. Әдетте фирмалар, трансұлттық компаниялар қандай да бір клеркті (кеңсе қызметкерін) немесе тіпті директорын түрмеге жауып, сонымен құтылып кете беретіні белгілі.
Солай болса, фирманың келтірген миллиардтаған шығыны өтелмей жатады. Сондықтан да бұл жерде заңды тұлғаның қылмыстық жауапкершілігі туралы әңгіме негізінен оларға қатысты жасалатын санкциялар, айыппұлдар турасында болып отыр. Сол себепті заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі туралы институтты енгізе отырып, фирмалардың, корпорациялардың міндеттемелерін жеткілікті деңгейде қамтыған орынды. Ал оны заң аясында фирмалардың жарғылық қоры мөлшерін арттыру жолымен жүзеге асыруға болады. Бұл, ең алдымен, жапа шегушіге келтірілген шығынның ішінара өтелуіне де септігін тигізер еді. Осыған орай жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін ең төменгі жарғылық қорларының мөлшерін арттырған ләзім. Бұл әділ шешім болмақ. Өйткені заңды тұлғаларға ең алдымен мүліктік мәселелеріне байланысты жазалау шаралары қарастырылады. Сонымен қатар заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған шетелдерде осындай істердің басым бөлігінде айыппұл төлеу, мүлкін тәркілеу түріндегі жазалар тағайындалады. Ал оларды жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату жүзеге асады. Осылайша экономикалық қылмыспен күресудің тиімділігі арта түседі. Бұдан бөлек, 2008 жылы Қазақстан БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын қабылдағаны белгілі. Бұл құжат та заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік институтын енгізуді қарастырады.
Арман Евниев, «Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палата төрағасының орынбасары
Жоқ
– Біздің алдымызда шағын және орта бизнесті одан әрі дамытудың үлкен міндеттері тұрғандығы айқын. Ал бизнес қауымдастығына санкциялар жасап, айыппұлдар салу бизнесті жоюмен, кәсіпкерлікті банкроттау ісімен тең. Бұл ретте мейлі мемлекеттік кәсіпорында болсын, мейлі жеке бизнесте болсын, менеджерлер өзінің жеке бас пайдасын ойлап, заңсыз әрекетке бару фактілеріне де назар аударған орынды деп ойлаймын. Заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту арқылы әлгіндей қызметкерлердің залалды әрекеттерін тоқтата аламыз ба? Бұл – үлкен мәселе.
Сонымен қатар қылмысқа баратын жеке тұлғаларға жоламай, тұтас заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартудың бірқатар теріс қырлары да баршылық. Мәселен, бизнес қауымдастығы тергеу органдарының нақты жеке тұлғаның кінәсін бұлтартпай дәлелдеп жатудың орнына заңды тұлғаға бірден «күйе» жағып, қылмысқа тұтастай тартудың оңай жолын қалыптастырып алудан қорқады. Бұл «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деген жеңіл-желпі мәселе болмауы шарт. Заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілікті көздейтін қадам соған келіңкірейді.
Екіншіден, біздің жағдайымызда заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік институтын енгізудің салдары қандай болатындығы әлі де терең зерделенген жоқ. Төтенше «жаңалықтың» бизнес климатқа, іскерлік белсенділікке, шағын және орта кәсіпкерлікке тигізетін әсерімен санассақ игі. Өйткені қылмыстық жауапкершілікті арттыру, айыппұлды өсіру бизнестегі жағдайды еш жақсартпайды. Сондықтан да шағын және орта бизнеске қатысты әрбір құралды тиісті мөлшерде, қажетті кезеңде, керекті орында ғана жүргізген ләзім. Қазіргі күні ұзақ жылдар бойы жүзеге асқан реформаның нәтижесінде елімізде жағымды бизнес ахуалы қалыптасып отыр. Оның белгісі ретінде Ресейден соңғы жылдары 400-ден астам кәсіпорынның Қазақстанға келіп тіркелгенін айтуға болады. Яғни Қазақстанның бизнеске жасап отырғаны басқаларға қарағанда оңды. Ал ендігі күні заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілікті енгізіп, осы бағыттағы мәселені қиындатып алмаймыз ба деген күдік те басым.
Түйін
Расымен, заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік институтын енгізу мәселесі төтенше даулы әрі күрделі дүние екендігі анық. Бұл туралы сөз қозғалғанда бірін-бірі жоққа шығаратын қарсы пікірлердің көбірек орын алуы да осыны аңғартса керек. Мәселен, заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігіне қарсы топ заңсыз қызметі үшін корпорациялардың материалдық жауапкершілігін азаматтық һәм әкімшілік құқықтар шеңберінде де жүзеге асыруға болатынын алға тартса, қылмыстық жауапкершілікті қолдайтын топ азаматтық-құқықтық және әкімшілік шаралардың тиімсіздігін бұған қарсы қояды. Сондай-ақ алдыңғылар заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі кінәлінің жеке басының жауапкершілігіне қатысты қағидатқа қайшы келетінін айтса, соңғылары бұл жерде жеке тұлғаның жауапкершілігі жоққа шығарылмайтынын, сондықтан жеке басты кінәлілердің жауапкершілік қағидаты қоса сақталатынын алға тартады. Мұндай мысалдар жеткілікті. Дегенмен пікірталастың жан-жақты өрбуі дұрыс қадамды екшеуге септігін тигізетіні айқын. Сондықтан да заман ағымына қарай – заңды, заң арқылы қоғам дамуын жетілдіру маңызды.