«Заң адам пайдасына жазылады»
30 тамыз - ҚР Конституциясы күні
«Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деген Әлихан Бөкейхановтың сөзінде ақиқат бар. Шындығында, Ата заңымыздан бастап, біз тірек етіп жүрген барша низамның мақсаты— аза маттардың құқығы мен бостандығын қорғау, құқықбұзушылыққа жол бермеу. Соның ішінде, 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының шоқтығы биік.
Осы уақытқа дейін бүкілхалықтық талқылауға түсіп, елдің ең көп ұсыныс-пікірін жинаған құжат – Ата заңымыз екен. Бұлай болуы түсінікті де. Себебі, мемлекеттегі барлық заңға тұғыр болатын, барлық құжат соған негізделіп жазылатын Конституцияда қылаудай кемшілік болмауы тиіс. Біздің абыройымыз да, айбынымыз да Ата заң болғандықтан, ондағы кеткен кемшілік біздің кемшілігіміз, жалпы халықтың қателігі болып бағаланады. Жалпы, заң жобасына үн қосқандардың көптігін құжаттағы таласты тұстардың барымен емес, керісінше, халықтың құқықтық сауатының өскенімен, қоғамдағы өзекті мәселелерге атүсті қарамауымен байланыстырған дұрыс.
Осы бір тарихи сәт туралы жазған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен өз басым тікелей әлемдегі жиырма елдің конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бесжылдық жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жыл бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді» деп атқарылған жұмыстарға терең тоқталған еді. Заң жобасын талқылау үшін көпшілікке жолданғанда Елбасының өзі бастамашылық жасаған Конституцияны жасау кезінде ұлттық менталитет ескеріліп, өзін ақтаған заңнамалар жан-жақты сарапқа салынды. Жобаны сараптауға 3 миллион 345 мың адам үн қосқан. Соның ішінде, көпшілік тарапынан 31 мың 886 ұсыныс түскенін де айта кетуіміз керек. Яғни, жұртшылық құжатпен тек танысып қоймаған, өзі байқаған кемшіліктерді көрсетіп, өз ойындағы ұсынысты көпшілік талқысына жолдаған. Және 1 100 ұсыныстың конституция жобасына енгізілуі халық пен биліктің үйлесімділікпен жұмыс жүргізгенінің нақты дәлелі. Бұл жөнінде Елбасы «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ, біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан, кімде-кім еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек» деп тегін айтпаған. Осындай үлкен еңбекпен, терең ізденіспен жасалған бас құжатты, мемлекеттік рәміздердің бірі әрі бастысы саналатын Конституцияны қадірлеу, құрметтеу әрбір азаматтың міндеті.
Бүгінгі күнге дейін қалыптасқан ұлттық құндылықты өміршең ету үшін біздің ұрпағымыз Ата заңды жақсы білуге тиіс. Қазір білім ордаларының барлығында жеткіншектердің құқықтық сауатын көтеруге бағытталған қоғамтану сабағы өтеді. Қоғам мен адам, заң мен заман ұғымына терең түсінік беретін бұл пәннің құқықтық мәдениеті жоғары азаматтар қалыптастырудағы маңызы зор. Заңды сыйлаған, заңның пәрменіне сенген жан ала жіпті аттамайды, қиянатқа бармайды. Конституцияға негіз болған бұл ұғымдарды ұрпақтың санасына сіңіріп, ортаға, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыра алсақ үлкен мақсатымыздың орындалғаны.
Теміржан ҚҰДАБАЕВ