Жалпы білім беретін мектептерге дінтану пәнін енгізу туралы ұсынысқа келісесіз бе?
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезіне Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл өз ұсынысын жолдапты. Ол жастарға мектеп кезінен сол елдің тарихын оқытатыны секілді дінін де оқыту қажет деп есептейді екен. Соңғы жылдары қазақстандық мектептерге дінтану пәнін қосымша пән ретінде енгізу мәселесі жиі көтерілген болатын. Бұл, бір жағынан, сынақ, тәжірибе ретінде жүргені белгілі. Енді оны міндетті пәндердің қатарына енгізу қажет пе деген сауал туындады. Осыған байланысты сарапшылар әртүрлі көзқараста.
Досай КЕНЖЕТАЙ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы:
иә
– Жуырда Білім және ғылым министрлігіндегі лауазымды адамдардың бірі дінтану пәні мектеп бағдарламасына қоғамтану ретінде енуі мүмкін екенін айтқан еді. Қоғамтану деп аталғанымен, мазмұны дінтану болады дейді. Бұл пән енгізілген жағдайда тек 9-сыныптарды ғана емес, 9-10-11 сыныптарды толық қамтиды екен.
Шет мемлекеттерден бір-екі мысал келтіріп өтейін. Францияның барлық мектебінде католик діні пән ретінде өтіледі. Католицизмнің мазмұны, оның мәдениеті, психологиясы, моральдық қыры, діннің адамгершілікті түзеуі деген сияқты жан-жақты қырлары түсіндіріледі. Ал Түркияда бастауыш мектептен бастап діннің әдебі түсіндіріле бастайды.
Содан сынып жоғарылаған сайын діннің тарихы, мазмұны айтылады. Бұл оларда бұрыннан енгізілген пән. Өзге елдер, соның ішінде батыс мемлекеттері біз секілді барлық діндердің негізін түсіндіруді көздеп отырған жоқ. Әрқайсысы өз ішіндегі басымдықты құрайтын діндерді негізге алады. Түркияда мектеп оқушыларына тек ислам ғана оқытылады. Яғни біздегідей мультикультуралистік ұстаным жоқ. Тек жоғары білім беру орындарында ғана, оның ішінде гуманитарлық саладағы мамандарға ғана әлемдегі барлық діндердің негіздерін түсіндіруге болады.
Дінтану пәні керек екені сөзсіз. Кешегі секуляристік қоғамнан кейін дін мәдениеті жойылып, адамдардың әдебі өзгерді. Ал оны қалпына келтіру үшін мектеп оқушыларынан бастау керек. Қазір біздің жастарымызды сыртқы күштер, миссионерлер арбап жатыр. Дінтану пәнін енгізудегі мақсат – баланың бойына төл мәдениетін түсіндіру, сіңіру, сол арқылы сыртқы күштерге, теріс ағымдарға қарсы тұру болу керек. Айналып келгенде, мемлекет үшін балаларға дінімізді, мәдениетімізді түсіндіру маңызды мақсат болуы керек.
Мысалы, Қазақстанның солтүстік облыстарының кейбір аудандарында қазақтардан гөрі славян тектес халықтар көп, мұсылмандардан гөрі протестанттар көп. Олардың да демократиялық құқығы бар. Әлеуметтік зерттеу арқылы сондай аймақтарды анықтап, оқушылардың санын анықтап, оларға протестанттықтың арнайы оқулығын жазып беру керек. Ал буыны қатпаған балаға әлемдегі барлық діндердің түп-мағынасын түсіндіріп жібереміз деу қателік болады.
Анна ҚҰДИЯРОВА, Психоанализ институтының директоры
жоқ
– Өкінішке қарай, қазіргі кезде қосымша пән ретінде беріліп жүрген дінтану сабақтарынан басқаша құбылыс байқалады. Бір мысал келтірейін, бір мектепте дінтану пәнінен беретін мұғалім ислам дінінің өкілі екен. Ол оқушыларға тек ислам дінінің тарихын, мазмұнын түсіндіреді. Бұл нақты қай мектепте қай мұғаліммен болған оқиға екенін айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Өйткені мұндай құбылыс жиі байқалып жатыр. Мұғалімдердің дінтану бойынша біліктілігі жеткілікті деңгейде емес. Көбі дінтанушы емес сияқты, жеке діннің теолог мамандары. Ислам дінін ғана меңгерген адам оқушыларға шариғат заңдары мен хадистерді ғана үйретіп кетеді.
Онда да мұсылман дінін біртұтас дін ретінде емес, оның ішінде жақсы мұсылман, жаман мұсылман деп бөліп, неше түрлі қорқынышты бейнетаспаларды көрсетіп, балалардың басын қатырады. Көбіне мұғалімдер оқушыларды өз діндеріне қарай үгіттеп кетеді. Мен осыған қарсымын. Маған осындай бейнетаспадан (жаман қызды құдай тышқанға айналдырып қойыпты сюжеті бойынша) шошынып, үрейден ұйықтай алмай қалған жасөспірім қызды психологиялық кеңеске әкелген.
Еліміздің Конституциясы бойынша адамдардың ұждан бостандығы бар. Әр адам қай құдайға сенгісі келсе де өз еркі. Өткен жылы исламның ішіндегі экстремизм мәселесі үлкен шу болды. Кез келген діннің ішінде осындай қауіп бар. Мысалы, мен «Дарын» институтында жұмыс істеп жүргенде бір мұғалімді діни көзқарасына байланысты жұмыстан шығаруға мәжбүр болдым. Себебі ол студенттерді өз дініне қарай үгіттеп тартады екен. Яғни дәл қазіргі жағдайда бізде дінтану пәнін оқушыларға объективті түрде жеткізе алатын мұғалімдер, кадрлар жоқ. Біз қанша жыл бойы психологтер мәселесін көтеріп, әрбір мектепке бір психологтен енгізуге әрең қол жеткіздік. Соның өзінде олардың барлығының біліктілігі тиісті деңгейде деп айта алмаймын. Ал дін мәселесі – одан да қауіпті нәрсе. Қосымша пән ретінде жүргізілгеннің өзінде көптеген кемшіліктер байқап жатырмыз. Ал міндетті пәндердің қатарына енсе не болатыны түсініксіз.
Дәл қазіргі жағдайда мектеп мұғалімдерін де қадағалау оңайға соқпайды. Әрбір мұғалімнің әрбір сабағы барысында не айтылғанын, қай дінге қанша уақыт бөлгенін бақылап отыру мүмкін емес. Кез келген дінде, оның ішінде ислам дінінде ғылымға сүбелі үлес қосқан ғалымдар, ғұламалар бар. Олардың есімдерін оқушылардың білгенін қалаймын. Алайда оны ғылыми-мәдени тұрғыдан түсіндіру керек. Сондықтан дінтануды мәдениеттанудың немесе тарих пәнінің бір бөлігі ретінде қарағанымыз дұрыс деп білемін.
Кеңестік заманда бізде ғылыми атеизм пәні болды. Біз әртүрлі діндердің тарихын меңгердік. Сол кезде біз христиан, мұсылман, будда діндерінің тарихын оқыдық. Қорыта айтқанда, сол кездегідей қоғамтану деген атпен енгізу керек шығар. Мен мұны қолдар едім.
Түйін
Қосымша пән ретінде енгізілген дінтану пәнінің қаншалық нәтиже беріп жатқанын әзірге ешкім зерттей қойған жоқ. Білікті маман тапшы болса ойға алған кез келген игі істің арты сұйылып, кейде тіпті кері нәтиже көрсетіп кететіні бар. Сондықтан бұл тақырыпқа қоғамдық талқылаудан бөлек, ғылыми-әлеуметтік зерттеу жүргізу қажет дер едік.