­ҰҚШҰ-ны НАТО-ға балама әскери блок ретінде қарастырған қисынды ма?

­ҰҚШҰ-ны НАТО-ға балама әскери блок ретінде қарастырған қисынды ма?

Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы – бұрынғы кеңестік елдердің өзара келісімімен құрылған әскери-саяси одақ. 1992 жылы ұжымдық қауіпсіздік келісіміне қол қойылған болатын, ал уақыт өте келе іргелі ұйымға айналды. Бұл саяси-әскери одақты Батыстың ықпал ету аймағын кеңейтуге күш салып отырған НАТО-ның бәсекелесіне балайтындар көп. Алайда ҰҚШҰ-ның негізгі міндеті – мүше- мемлекеттер аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қандай да бір қауіпте бірлесіп қорғану. Варшава шарты келісімшарты ұйымының Кеңес Одағымен бірге іргесі сөгілгеннен кейін, биполярлы жүйенің келмеске кеткенін дәлелдеуге барын салып Шығыс Еуропаға дейін қанат жайған Солтүстікатлантикалық альянсқа ҰҚШҰ-ны балама әскери блок ретінде қарастырған дұрыс па? Бұл қаншалықты қисынды? Міне, осы сұрақтарды сарапшылардың ой-көкпарына салған едік.

saipolla-sapanov-ia

Сайполла САПАНОВ, саясаттанушы:

Иә
– Екі ұйымның инфрақұрылымдарын, әскери әлеуеттерін салыстыратын болсақ, НАТО-ның таразы басы ауыр тартып тұр. Дегенмен геосаяси мүдде тұрғысынан алып қарағанда, іштей болса да бәсекелестік бар. Ресейдің қолдауымен ҰҚШҰ-ның кейінгі уақытта жедел дамып келе жатқанын байқаймыз. Оған дәлел биылғы жылдың басында аталған ұйым аясында Шұғыл әрекет ету күштерінің құрылуын айтуға болады. Әлемдік деңгейдегі сарапшылардың өзі ҰҚШҰ-ны НАТО-ға балама күш ретінде бағалайды. Сол сияқты Шанхай ынтымақтастық ұйымын да ірі ұйым деп қарастырады. Мұндай пікірлердің туындауына себептер де жоқ емес. Мысал үшін айтар болсақ, Кеңес Одағы мен АҚШ арасындағы қырғиқабақ соғысының салдары әлі де болса бар. Біз ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ның ішкі құрылымын жақсы білгенімізбен, сырт көзге ол қуатты саяси-әскери одақтар болып көрінеді. Әсіресе, Батыс қоғамы ШЫҰ-ны әскери одақ деп таниды. ҰҚШҰ-ны неге НАТО-ға балама күш дейміз?
Оның себебі – ҰҚШҰ-ның басында Ресей тұрғандығы. Ал Ресейдің геосаяси мүддесі Кеңес Одағының мұрагері ретінде бұрынғы республикаларды өз ықпалында ұстау екені түсінікті. Сондықтан бұл жерде тікелей бәсекелестік болмаса да, ішкі принциптер қайшылыққа ұшырап келеді.

Кейінгі кезде осы «ҰҚШҰ-ның болашағы жоқ» деген пікірлер жиі айтылуда. Мен бұл пайыммен  келіспеймін. Себебі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде рөлі өте күшті. Сонымен қатар Қазақстанның мүддесі үшін тиімді. Бұл ұйым арқылы біз еліміздің әскери құрылымын модернизациялап жатырмыз. Алдағы уақытта АҚШ-тың жаңа Президенті Барак Обаманың әкімшілігі Ауғанстан мәселесіне байланысты барлық жауапкершілікті осы аймақтық ұйымдарға жүктейтін болады. ҰҚШҰ мен НАТО бір-біріне иық тірестірер балама күш болмаса да, өзара қайшылықтары бар. Ресей ҰҚШҰ арқылы НАТО-ның Шығысқа қарай жақындауын белгілі бір дәрежеде тежеп отыр. Бір кездері Ақаевтың билікте отырған кезінде Қырғызстан НАТО-ға мүше болғысы келетінін ашық айтты. Сол сияқты Украина мен Гүржістан да Солтүстікатлантикалық одаққа мүшелікке өтуге ынталы болып отыр. Молдовада да ұлтшыл күштер бас көтеруде. Өзбекстан да Ресейге ренжіген күні Батысқа қарайды. Тіпті бір кездері ҰҚШҰ-ның құрамынан шығып кетіп, қайта оралды. Ресей ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ шеңберіндегі мемлекеттерді АҚШ-тың бастамасымен құрылған әскери, саяси, экономикалық одақтарға жібергісі келмейді. Осыдан-ақ екі одақ арасында қайшылықтардың бар екенін, белгілі бір деңгейде бәсекелестік орнағанын айта кетуіміз керек.
aidos-sarym-jok

Айдос Сарым,  саясаттанушы:
Жоқ
– Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымын НАТО-ға балама күш ретінде қарастыру дұрыс емес. Себебі ҰҚШҰ – Ресейдің мүддесі үшін құрылған ұйым. Бұл – 5-10 жылдың көлемінде ғана қызметін атқаратын уақытша құрылым. Өйткені кез келген ұйым белгілі бір құндылықтардың негізінде құрылады, сол арқылы құрылым ғұмырлы болады. Болашағы жоқ дейтін себебім, айналдырған жеті мүше мемлекеті бар ұйымның ішінде арагідік келіспеушіліктер болып тұрады. Қазақстан мен Өзбекстанда шекара мәселесінде көптеген қайшылықтар болды. Өзбекстан мен Қырғызстан өзара қақтығысты. Мұндай кикілжіңдер НАТО-ға мүше елдер арасында болып көрген емес. Батыс елдерін Солтүстікатлантикалық одақ аясына топтастырып отырған құндылықтар – олардың өзара ұқсас саяси жүйелері, экономикалық жүйедегі ымыраластықтар.  Кез келген ұйымды алға сүйрейтін локомотив елдер болады. ҰҚШҰ-ның алға сүйреушісі Ресей дейтін болсақ, бұл елдің өзі – қазір даму стратегиясын анықтай алмай отырған мемлекет. 

Аймақтық ұйымдар арқылы мүше-мемлекеттерге тізесін батырғысы келетін Ресейдің ұстанып отырған саясаты ұйымды қожырата бермек. НАТО-ға мүше-мемлекеттер одақта өздерін тең ұстай біледі. Ал бізде Ресей шовинистік саясатын ашықтан-ашық жүргізіп отыр. Әрине, бұл Қазақстан сияқты жас мемлекеттер үшін тиімсіз. Сондықтан да ҰҚШҰ-ны НАТО-ға балама күш ретінде қарастыру дұрыс емес. НАТО – шын мәнінде, ұйымдаса білген, ұйыса алған мемлекеттердің құрған одағы, ал Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы – тек қана Ресейдің мүддесін көздейтін әскери-саяси одақ. Ресейдің аймақта шекіспеген елі жоқ. Мәселен, газ мәселесіне байланысты Украинамен ат құйрығын кесісті, Оңтүстік Осетия проблемаларына орай Гүржістанмен қарулы қақтығыс орнатты. Егер ҰҚШҰ-ның жарғыларын біз қастерлейтін болсақ, Қазақстанның осындай қатысы жоқ мәселелерге араласуына тура келеді. Себебі әскери-саяси одақтың жарғысында мүше-мемлекеттер біріне-бірі көмек беруге қай уақытта да сақадай-сай тұруы керек деген бап бар. Міне, біздің еліміз үшін тиімсіздігі осындай. Жақында Қырғызстан мен Өзбекстан арасында болған қақтығыс кезінде ресми Ташкент екі ел арасында «Ұлы Қытай қорғанын» саламын деді. Бұл – бір мақсат үшін біріккен одақ елдері арасында ешқашан болып көрмеген оқиға. Сондықтан ортақ мүддесі айқындалмаған мемлекеттер шоғырланған одақта бірлік те, береке де болмайды. Ал осындай халде тұрған бір ғана мемлекетке жұмыс істейтін ҰҚШҰ-ны алпыс жылдан астам тарихы бар НАТО-ға бәсекелес, балама күш деп айтуға ауыз бармайды.

Ой-Түйін
Сарапшылардың пікірінен түйгеніміз: НАТО мен ҰҚШҰ-ның арасында белгілі бір қайшылықтар бар, әйтсе де аталған әскери құрылымдарды салыстыруға келмейді. Қазақстан мүше болып табылатын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын біз еліміздің мүддесі үшін пайдалануымыз қажет. Солтүстікатлантикалық одақпен де ынтымақтастық орнатқан еліміз үшін аймақтық ұйымдардағы беделін сақтау маңызды сияқты.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста