Тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы түрлеріне ауылдық, қалалық деңгейде әділетті бөлініс қажет пе?
Елде тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмектерге әділетті бөлініс енгізу керек. Бұған қатысты Мәжіліс депутаттарының біразы: «Бастысы біз үшін нақ қазір алаңдауға тиіс мәселе – халықтың тұрмысы мен тапқан табысының арасын қабыстыру. Сондықтан елдегі төлемдер тәртібін қайта қарап, ауыл мен қала халқының ауыртпашылығын ескеріп, жәрдемақының әділ бөлінуіне назар аудару керек» дейді.
Қайсыбір сарапшыларымыз да бұл үрдісті қолдап отыр. Бұл ретте отандық сарапшылар халықтың тұрмысын теңестіру қа¬жеттігін, осы ар¬қылы монополистік үстемдіктерге ие субъектілер тарапынан қоғамның орынсыз қаналуына жол бермеу қажеттігін алға тартуда. Осы тұста біз де «жәрдемақы түрлеріне ауылдық, қалалық деңгейде бөлініс енгізу керек пе, әлде жоқ па» деген сауалды мамандардың талқысына салдық.
Иә...
Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
- Бұл нақ қазір өзекті болып тұрған мәселелердің бірі. Өйткені қазірде халықтың күнделікті тұтынатын тауарларының бағасы тым жоғары. Егер де осы тұтынатын тауарларымыздың бағасы нарықта тым шарықтап кетіп, ай сайынғы тапқан табысымызбен үйлесімділік таппаса, онда өзгені қойып, тұрмысы төмен отбасыларға қиыншылық туындайтыны белгілі. Ендеше біздің тиісті орындар бұл мәселеге айтарлықтай «бас ауыртуы» тиіс. Жасыратыны жоқ, қазір біз әлеуметтік аз қамтылған топқа салмақ түсіріп алып отырмыз. Сондықтан бұл жерде арнайы шаралар қолдану керек. Ол үшін бірінші кезекте еліміздегі тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы көлемін ұлғайту қажет. Мен мұны қолдаймын. Бұл бізге керек тәсіл. Мысалы, АҚШ-та, Канада да, басқаны қойғанда, Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, экономикалық болашағы бұлыңғыр, нәрсіз жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса үстеме жәрдемақы төленіп тұрады. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанның өзінде жүзеге асып отыр. Жоғарыда аталған мемлекеттерде тұрғындарға мемлекеттік мекеменің үш деңгейінен көмек беріліп тұрады. Біріншісі – округтік әкімшілік, екіншісі – штаттық әкімшілік, енді бірі – федералды әкімшілік. Байқаған шығарсыз, үшеуі де мемлекеттік мекеме. Бұл өзге елдерде мемлекеттік деңгейде үш мәрте, яғни 250-300 пайыз мөлшерінде жәрдемақы берілетіндігін көрсетеді. Сондықтан құзырлы орындар бұл мәселені мықтап ойланып, алдымен елде атаулы көмекке зәру халыққа көлемді жәрдемақы беруді, оны әділетті бөлуді қарастырған жөн. Себебі ауыл мен қала тұрғындарының әрқайсысының өзіндік ауыртпалықтары бар екенін ескерсек, мұндай жүйені қолданысқа енгізу қажет. Ауылдың тұрғындары тәрізді қаланың тұрғыны отын-су тасымайды, қысы-жазы мал бағудың соңында жүрмейді. Ауылда бір отбасында 5-6 бала бар болса, қалалы жерде 2-3 баладан аспауы мүмкін. Бұл «қаланың тұрмысы ауылға қарағанда жеңілдеу» дегенді білдірмейді. Қаланың да өзіндік ауыртпашылықтары бар. Мұның барлығын екшеп, таразылайтын кезең әлдеқашан жетті. Сондықтан бұл түйінді шешу керек.
Жоқ...
Дәурен АРЫН, заңгер:
- Жоқ, біз үшін нақ қазір мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға қатысты әділетті бөлініс жасау қажет емес. Себебі бұл мәселеге қатысты қазіргі қол¬даныстағы заңнамаға сәйкес жергілікті дең¬гейде мемдекеттік бюджет есебінен аз қам¬тамасыз етілген отбасыларға мұқтаж¬дығы мен табыс деңгейі ескеріліп, бірнеше әлеу¬меттік көмек және қолдау түрлері ұсы¬нылады. Біздің елдегі әлеуметтік кө¬мектің бірінші жүйесі – ол табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтамасыз етілген отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Оның мө묬шері жан басына шаққанда орташа табысы мен кедейлік шегі (ең төмен күн¬көріс деңгейінің 40 пайызын құрайды) ара¬сындағы айырма түрінде есептеледі. Бұған қатысты деректерге жүгінсек, 2013 жыл¬дың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша рес¬пуб¬ликада 194,5 мыңдай адамға 2,8 млрд теңге сомаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленіпті. Атау¬лы әлеуметтік көмекті алушылардың 60 пайызға жуығын ауыл тұрғындары құ¬райды. Демек, бұл – атаулы әлеуметтік кө¬мектің жал¬пы шығындар сомасының басым бөлігі өзінен-өзі ауыл тұрғындарына бағытталды деген сөз. Тағы бір ескерер жайт, қазірде осы атау¬лы әлеуметтік көмек енгізілгелі бері оны алушылардың саны шамамен ал¬ты есеге төмендеді. Мысалы, 2002 жылы елде атау¬лы әлеуметтік көмек алатындардың саны 1 млн 300 мың болса, 2013 жылы тек 200 мыңға жуық адамды құраған. Мұның өзі елде еңбек белсенділігінің артып отыр¬ғанын, экономикалық ахуалдың түзеле түскенін көрсетеді емес пе? Сондай-ақ республикамызда көрсеті¬летін әлеуметтік көмектің екінші бір түрі – балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек түрі. Біздің елде 18 жасқа дейінгі ба¬лалары бар отбасыларға жан басына шақ¬қандағы табысы азық-түлік себетінен (ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызы) тө¬мен болған жағдайда отбасындағы әр ба¬лаға 1 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1800 теңге мөлшерінде балалар жәрдем¬ақы¬сы төленеді. Бұл еліміздің «Балалы отбасы¬ларға берілетін мемлекеттік жәр¬дем¬ақылар туралы» заңы аясында жүзеге асуда. Өткен жылдың қорытындысы бойын¬ша 18 жасқа дейінгі балаларға бері¬летін жәрдемақымен 750 мыңға жуық ба¬ла қамтылып, 9 млрд тең¬геден астам жәр¬дем¬ақы тағайындалып, төленді. Балалар жәрдемақысын төлеуге бөлінген жалпы соманың 75 пайызы да тағы сол ауыл¬дық жерде тұ¬ратын балаларға бөлінгенін айта кету керек. Демек бұл жерде мұның барлығы қалалық, ауылдық деңгейде өзіндік межеде бөлініп отырғанын ескеруіміз керек. Сондықтан мұндай пікірлерді өз басым қолдамаймын. Жалпы, табысы төмен от¬ба¬сыларға әлеуметтік көмек көрсету – от¬ба¬сы¬ның өмірлік проблемаларын тұрақты шешетін әрекет емес. Ол тек қана кедейлік проблемаларын шешуге бағытталған қо¬сымша әлеуметтік қолдау болып табылады. Ал ең негізгі күшті біз лайықты еңбек жағ¬дайын жасауға, жұмыссыздықты төмендетуге, халықтың өзін-өзі кәсіппен қамтуына бағыттауымыз қажет.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бейтарап пікір:
Меруерт Молдабаева, әлеуметтанушы:
- Біздің елімізде аз қамтамасыз етілген, жағдайы төмен азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында тұрғын жай¬ды ұстауға және коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсету бойынша жәрдемақы төлеу қарастырылған. Бұл «Тұрғын үй қа¬тынастары туралы» заң аясында жүргізіледі. Соған сәйкес, 2012 жылы 184,5 мың отбасыға жалпы көлемі 3,5 млрд тең¬ге¬нің тұрғын үй көмегі берілген. Бір ғана осы жәрдемақы аясында айтар болсам, ауылдағы ағайын көп қабатты тұрғын үйлерде тұрмайтындықтан оларға жәрдемақының мұндай түрі өзінен-өзі төленбейді. Бұған қоса біздің елде әлеуметтік көмектің үш түріне қоса жер¬гілікті өкілдік органдардың шешімі бойын¬ша әлеу¬меттік қолдаудың қосымша тағы 30 түрі көрсетіледі. Осы жәрдемақылардың төлем түрлерін қайта қарап, әбден зерттеп, таразылап алатын кезең жетті. Сондықтан мұндай өзгертулер бізге керек.