Түнгі ойын-сауық орталықтарын жабу керек пе?

Түнгі ойын-сауық орталықтарын жабу керек пе?

Қыркүйектің 23-і күнгі ҚР Парламент отырысында Нұрлан Өнербаев пен Жақып Асанов бастаған бір топ Мәжіліс депутаттары көпшілікті елең еткізді. Түнгі уақыттарын қыдырумен өткізіп, білім алып, кәсіп меңгеретін күндізгі уақыттарын ұйқыға жіберетін қазіргі жастар мәселесі өткір шешімді қажет ететінін ортаға салған депутаттар ойын-сауық мекемелерінің түнгі уақытта жұмыс істеуіне тыйым салуды ұсынды. Әрине, жастарымыздың денсаулығы мен болашағы үшін дәл қазіргі кезде түнгі ойын-сауық орындарының қызметін қолға алу керек шығар, бірақ оның салдарынан басқа да проблемаларға жол ашып бермейміз бе? Осы тұрғыда біз бұл мәселені екі жақты қарастырып көруді жөн көрдік.

jakyp-asanov

Жақып АСАНОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

Иә
– «Жас Отан» жастар қанатының съезінде Елбасымыз бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу – жастар саясатының ең маңызды міндеті деген болатын. Онда «болашақ қазақстандық» азамат қандай болуы керек деген сұраққа жауап берді. Ол жаңа білімге құштар, еңбексүйгіш, спортқа бейім, Отанын сүйетін патриот, денсаулығы мықты азамат болуы қажет деп қадап айтты.

Әйтсе де, мұндай арманның ауылы әлі де алыс сияқты. Әрбір қаламыздың түнгі өмірі Америкадағы атақты «Лас-Вегасқа» ұқсайды. Түні бойы жұмыс істейтін кафе-ресторандарда, ойын-сауық орталықтарында толған жастар. Мұндай түнгі ұйқысыз өмір олардың қалыпты салтына айналған деуге болады. Осы себепті көптеген жастарымыз күндізгі уақытын білім алуға, спортпен айналысуға, кәсіп үйренуге емес, тәтті ұйқыға арнайды.

Қасиетті Құран Кәрімде «...Алла сендерге түнді, ұйқыны тынығу етіп, күндізді кәсіпке тарқау мезгілі қылды» делінген. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» дейді емес пе халық даналығы да.

Ал «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейтін» жастарымызды ел болашағы деп қайтіп айта аламыз? Ұлы орыс ақыны Пушкин де өзінің бір шығармасында думанды өмірге үйренген Евгений Онегинді «уж полдень, а он еще в постеле» деп мысқылдайды.

Мұндай проблема әрбір отбасында кездеседі. Әр отбасы онымен өз бетінше күресуге мәжбүр. Бұл проблеманың қоғамдық маңызы зор болғанымен, онымен күресуде мемлекетіміздің рөлі әлсіз.

Түнде «өмір сүретін» адамдарды не күтетінін өздеріңіз білесіздер. Ұйқысының бұзылып, денсаулығына кері әсер ететінін айтпағанда, қылмыс атаулының көбі осы түнде орын алады. Сондықтан ойын-сауық орындарына барған жастар қандай да бір қылмыстың, ішкілік пен нашақорлықтың құрбанына айналуы әбден мүмкін. Сондай-ақ ол қаржылық жағынан да қалтаға кәдімгідей салмақ салады. Мәселен, Астанада түнгі клубтарға бір барғанда кемі 7-8 мың теңге жұмсалады. Өркениетті елдерде бұл жағдай қалай жолға қойылған? Мәселен, Германияда түнгі клубтар тек қана жұма-сенбі күндері жұмыс істесе, Қытай астанасы Пекинде түнгі 10-нан кейін тіршілік тоқтайды да, қала тегіс ұйқыға кетеді. Ал бізде керісінше, тіршілік түнде қызады. Даңғұр-дұңғыр әуен таңға дейін толастамайтын клуб атаулының дені тұрғын үйлерге жақын орналасып алған және олардың ешқайсысын сол үйдің тұрғындарының түнгі ұйқысы толғандырмайды да. Одан қалса, сол төңіректегі дүкендерде ішімдік саудасы қызады. Демек, бұдан шығатын қорытынды мемлекет осылайша жастардың түнгі тіршілігіне жақсы жағдай туғызып жатқандай. Ал біз халық қалаулылары осы орайда жастарымызға мұндай өмірдің дұрыс еместігін түсіндіруіміз қажет. Салауатты өмір салтын қалыптастыратын спорт залдарын, стадиондарды, сол секілді мәдени орындарды көбейту шарт. Осыған орай мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен, депутаттардан тұратын жұмыс тобын құру керек. Ол топ дамыған елдердің тәжірибелерін меңгеріп, түнгі мекемелердің жұмысын заң арқылы реттеуге тиіс.

timur-nazhanov

Тимур Назханов, кәсіпкер:

Жоқ
– Түнгі клубтарды жабумен барлық мәселені шешеміз десек, біз қателесеміз. Неге? Себебі бұл тек бізде ғана болып жатқан құбылыс емес, бүкіл дүниежүзі елдерінде ондай орындар бар, біз де одан бас тарта алмаймыз. Жаһандастырудан біз қаша алмаймыз ғой, олай болса бұл да соның құралдарының бірі. Түнгі клубтарға тек жастар жағы ғана емес, үлкен кісілер де барады. Әрине, түнгі клубтарда түрлі қылмыстық істер орын алып, ішкілік пен нашақорлыққа жол беріліп жатқаны рас. Алайда сол ішетін жастар ішем десе түнгі клубқа бармай-ақ аулаларда, болмаса басқа жерлерде де іше береді. Қазір университет, мектеп маңына дейін ішімдіктер ашық сатылып жатыр емес пе?

Олай болса, алдымен соларды ауыздықтау керек. Ал шын мәнінде, жастардың тәртіпсіздік жасауына жол бермейін десек, онда құқық қорғау органдары мен салық комитеттері өз қызметтеріне қатаң түрде кірісуі керек, ал мемлекет солардың құзырын күшейту керек.

Түнгі клубтарды жауып тастадық делік, онымен жастар проблемасы шешіліп, қылмыс азая қала ма? Барлық нәрсені жан-жағынан қарастыру керек қой. Мәселен, сол жерлерде даяшы, бармен, күзетші, ыдыс жуушы, тамақ әзірлеуші, т.б қызметкерлердің дені жастар. Өзінің күнделікті нәпақасын тауып жүрген солар жұмыссыз қалмай ма? Мынадай қаржылық дағдарыс кезінде бізге жұмыссыздар санын арттыру тиімді ме? Сосын жастар кешкі уақыттарын қайда өткізеді? Үнемі сабақ оқи бермейді, жұмыстан да шаршайды, сондай уақытта қайда барады? Мейлі, денсаулығын жақсартатын салауатты өмір салтын қалыптастыратын жерлерге барсын дейік. Бірақ фитнес клубтарға баруды екінің бірінің қалтасы көтермейді ғой, бағасы өте қымбат. Екіншіден, олардың саны өте аз. Стадиондар да жеткіліксіз. Бұрын әрбір үйдің ауласында футбол ойнап, хоккей тебетін арнайы алаңдар болушы еді, олар тып-типыл болғалы да қай заман?

Сондықтан түнгі клубтарды жабу деген оңтайлы шешім емес. Себебі жастар жағы көңіл көтеремін десе бәрібір оның ретін табады. Қайта тыйым салған сайын жастардың оған деген қажеттілігі мен құштарлығы артады. Яғни бұның соңы түнгі клубтардың жасырын түрде жұмыс істеуіне алып барады. Ал ол кезде олардың бағасы тіпті шарықтап кетуі мүмкін. Себебі олар қат қой. Және де түнгі клубтар ол кезде мемлекетке салық төлемейтін болады. Мәселен, кезінде казино мен ойын автоматтарына тыйым салып, жауып тастады. Ал солар тынши қалды ма, жоқ, керісінше жасырын жұмыстарын қыздырып жүр. Демек, біз тыйым салу, жауып тастау арқылы мәселенің шешілмейтінін казинолардың тәжірибесінен көріп отырмыз. Олай болса, біз бұл мәселеге байыппен қарайық. Біріншіден, меніңше жастарымыздың тәртібін қатаң бақылауға алайық, екіншіден, түнгі клубтарды құқық қорғау органдары қадағалауға алып, есірткі заттарының сатылмауын қадағаласын, ал сондай-ақ салық органдары да қызметін күшейтсін.

Қорытынды
«Өшпес дауды өспес елдің балалары қуады» дейді қазақ. Біздің мақсатымыз аталған мәселені өршелендіріп, өшпес дауға айналдыру емес, керісінше, тезірек оны біржақты ету үшін жан-жақты пікірлерді ортаға салып, содан бір қорытынды шығаруға ықпал жасау. Қайткен күнде де біз өркениеттің өркешіне ұмтылған тегеурінді елге айналуға тиіспіз. Жастарымыз «мемлекет маған не береді?» деп емес, «мен мемлекетке не беремін?» дейтін жағдайға қашан жетер екенбіз? Егер де жауқазын жастығымызды түнгі клубтарда ішімдікпен уласақ, онда әлгіндей ұлттық сананы қалыптастыру екіталай емес пе?..

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста