Ғылым ешкімнің қолжаулығы болмауы керек, ғылыммен шын берілген кәсіби ғалымдар айналысуы тиіс. Олай болмаған күнде ғылымның қадірі қашады. Біздегі ғылымның қадірін кетірген жайт пайдасыз көлденең көк аттылардың ғылыми атақ алу үрдісі еді. Елбасы білім және ғылым қызметкерлерінің республикалық съезінде: «Елімізде педагогика ғылымының 107 докторы бар екен, былайша айтқанда, 140 мың адамға бір доктордан келеді. Бұл көрсеткіш бұрынғы одақтық деңгейден де анағұрлым асып түседі, ол кезде елде 894 мың адамға бір педагогика ғылымдары докторынан келген екен», – деп, қоғамды жайлаған келеңсіз жайтты ашып көрсеткен болатын. Ғылым саласындағы соңғы реформалар бұл үрдіске тосқауыл қойғанымен, шынайы ғылымды жалған ғалымсымақтардан ада ету үшін әлі де жұмыс істелінуі керек. Ғалымдардың бірі ғылымның көсегесін көгерту үшін «тікелей ғылым саласында қызмет етпейтін адамдарға ғылыми атақ қорғауға шектеу қою керек» десе, оған қарсы уәж айтатындар да жоқ емес. Бүгінгі бұл тақырып сарапшылардың ой-көкпарының арқауына айналды.
Зиябек Қабылдинов, тарих ғылымының докторы, профессор:
иә
– Меніңше, ғылыми атақ қорғағысы келетін адамдарға қойылатын талаптарды күшейту керек. Ғылымы да, білімі де, бұған қатысы да жоқ шенеуніктер ғылыми атақты мансаппен өсу үшін пайдаланады. Негізі, қызметке алған кезде Ресейден келді ме, Қытайдан келді ме, ғылыми атағы бар ма, жоқ па, оған қарамай, қабілетіне, біліктілігіне қарай қабылдау керек. Ғылымды көтереміз десек, шенеуніктерге ғылыми атақ қорғату қисынсыз. Жалпы, ғылымның отымен кіріп, күлімен шығып жүрген, ғылыми-зерттеу институттарында қызмет ететін, ғылыммен бірге үздіксіз сабақ беріп жүрген мамандарға ғылыми атақ қорғатуға болады, ал бұған сырттан келетін шенеуніктерді жолатпау керек.
Бір күн ғылым саласында істемесе, ғылыми институттарда ғылымға тер төкпесе, түн ортасына дейін жиналыс, мәжіліс өткізетін шенеуніктер қайтіп ғылыми еңбек жазады, қайтіп ғылымға үлес қоса алады? Ешқашан да жазбайды. Біреуге ақшасын төлеп, еңбегін жазғызып, ғылыми атағын қалтасына басып алады. Ондай жалған ғылыми атақ қорғаған атқамінерлер ғылымға пайда әкелмейді, ғылымда жұмыс істей де алмайды. Ғылымға көлденеңнен қосылып, қор ететін шенеуніктердің ғылыми атақ алуына шектеу қоюдың жолдарын қарастыруға болады. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі егер шен-шекпенділер, тікелей ғылымға қатысы жоқ азаматтар ғылыми атақ қорғағысы келсе, бұған дейін ғылым-білім саласында төрт-бес жыл еңбек сіңіруі керек деген талап жазылған бұйрық шығарса... Осындай шектеу қойылса, сырттан ғылыми атақ алғысы келетіндер саны азаяр еді. Осындай шектеулер қойсақ, шенеуніктер оқу орындарына барып, жанын қинап, ғылыми кітапханаларды тауысып, тынбай ізденуден, ғылымның машақатынан аяғын тарта қояды. Егер ғылымда үш-төрт жыл еңбек еттің бе, онда ғылыми атақ қорғауға жол ашық. Ғылымды көркейтудің, ғылымға пайда әкелмейтін, ғылымға қатысы жоқ адамдардың ғылыми атақ алуына тосқауыл қоятын жайттарды дөңгелек үстелдер, жиындар өткізіп, талқыға салу керек.
Қазіргі кезде аспирантура, жоғары оқу орнынан кейінгі ақылы оқу жүйесі алынып тасталғаннан соң, тікелей ғылым саласында қызмет етпейтін адамдардың арасында ғылыми атағы барлары азайып келеді. Себебі бұрынғыдай ғылыми атақ алуға көп орын бөлінбейді, докторының саны шектеулі. Қазір Қырғызстанға, Өзбекстанға кандидаттық, докторлық ғылыми атақ қорғауға барып жатыр, себебі мыңдаған адам бұрынғы жүйе бойынша ғылыми дәрежені қорғай алмай қалды. Мәселен, бұрын тарих ғылымы бойынша он шақты жерде ғылыми атақ қорғайтын кеңестер болса, қазір бір-екі жер ғана қалды. Осының бәрі ғылыммен айналысам деген жастарға шектеу болып отыр. Бір университетте тарихтан PhD докторын дайындауға үш орын ғана бөлінеді, ал қалған 120 адам қайда барып қорғайды? Жақында Болгарияға барып келдік. Сонда бұл елден көргеніміз, біздегідей ЖАК секілді комитетті жауып, оның орнына ашылған білікті ғалымдары бар әр жоғары оқу орнында ғылыми атақ қорғауға мүмкіндік берілген. Ғылымның дамуына үлес қосып жүрген, саналы өмірін ғылымға арнағандарға жан-жақты жағдай жасалуы керек, оңай жолмен ғылыми атақ қорғағысы келгендерге шектеу қою қажет деп санаймын.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
жоқ
– Шектеу қоймау керек. Ғылымда демократиялық принципті сақтап, барынша мүмкіндік беру керек. Кезінде Мұхаммед Хайдар Дулатидің, Шоқан Уәлихановтың, Мәшһүр Жүсіп Көпейлердің, Алаш қайраткерлерінің ешқайсысының ғылыми дәрежесі болған жоқ, бірақ ғылымға зор еңбек сіңіріп, ұлттық ғылымдардың негізін салып кетті. М.Тынышпаев инженер болғанымен, тарихты жақсы жазды. Тікелей ғылымда болмағандар ғылыми энтузиазммен көп жұмыс атқаруы мүмкін. Менің ойымша, ғылымдағы ахуал бұрынғыдан қиындады. Қарапайым адамға ғылымға жол жабылып, әлеуметтік шектеулер көбейіп кетті.
Мәселен, докторантураға түсу үшін жағдайың, қаражатың болуы керек дегендей материалдық шектеулер жоқ емес. Ғылымда демократиялық принцип үстем болуы керек десек, министрлерге, шенеуніктерге ғылыммен айналыспа деп қалай айтасыз? Тікелей ғылымға қатысы жоқ азаматтарды кері итеруге болмайды. Өз басым шенеуніктердің ғылыми сауаты аз, басы нашар істейді деп ойламаймын. Кезінде марқұм министр Алтынбек Сәрсенбаевтың кандидаттық, одан кейін докторлық диссертациясын қорғауына қатыстым. Екі диссертациясы да тәп-тәуір болатын. Оның ғылыми еңбегі өз деңгейіне лайық болды. Қазіргі Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің кезінде кандидаттық диссертациясын қорғауына қатыстым, тарих ғылымы бойынша ғылыми еңбегі өте жақсы қорғалды. Оның бұл ғылыми жұмысына кепілдік бере аламын. Сондықтан шенеуніктер тәп-тәуір ғылыми зерттеулер жасайды деп есептеймін. Ғылыми атақ қорғау үшін оларға шектеу қоймау керек. Шенеуніктердің жанын қинап жазатын ғылым адамынан басқа да мүмкіндіктері, артықшылықтары, ресурстары бар. Негізі, оның бәрі плюс жағдай. Сондықтан шенеуніктердің ғылыми атақ қорғауын дұрыс емес деп айтуға болмайды. Жалпы, сырттан келіп ғылыми атақ алатындардың бәрі бірдей талантты, шын ғалым бола береді дей алмаймын. Мәселен, шын талант оннан бірінен, жүзден бірінен шығатын шығар.
Тікелей ғылым саласында жұмыс істемейтіндердің, басқа салалардағы адамдардың ғылыми атақ алуы ынта-ықыласы стимул болатыны рас. Бірақ «ғылыми атақ бәрін шешеді, мансабына, жақсы жұмыс табуына көмектеседі» деу де жаңсақ түсінік. Қырық жерден ғылым докторы, қырық жерден ағылшын тілін білсең де бәрі адамның өзі ойлағандай бола бермейтін жайттар болады.
Ой-түйін
Қос ғалымның пікірінің жаны бар сияқты. Бірі – ғылымды арамшөптей қаптаған жалған ғалымдардан тазарту қажет десе, екінші ғалым тікелей ғылымға қатысы болмаса да, кейбір адамдардың ғылымнан алар, ғылымға берер еншісі барын қаперде ұстау керектігін айтады. Айналып келгенде, ғылымға қатысты саясаттың түпқазығы – ғылымның шынайы болмысын сақтау, елге әкелер пайдасын еселеу болмақ.