Сәуір айы келе салысымен теміржол билеттерінің құны 10 пайызға қымбаттамақ (!) Бұқараға мұндай жаңалықты кеше «Жолаушылар тасымалы» АҚ экономика және қаржы вице-министрі Александр Кирович жеткізді. Жалпы, Александр мырзаның айтуынша, теміржол билеттерінің құнын өсірудің өзіндік бірнеше себебі бар. Басты себептердің бірі – бүгінде теміржол саласындағы вагондардың тозуы, салаға қатысты отынның қымбаттауы. Бұған қоса аталмыш акционерлік қоғамның вице-министрі «Қазірде еліміздегі орташа табыс табатындардың жалақысы едәуір өсті. Сондықтан көпшілік қауым 10 пайыздық қымбаттауға анағұрлым сарыуайымға салынбас», – дегенді де қосып қойды.
Сөйтіп, теміржол билетінің бағасы қымбаттайтын болды. Сала мамандары «бұл қымбаттау сапаға өзіндік көрік береді» деп сендіруде. Бұған мысал: 2011 жылы еліміз бойынша жолаушылар тасымалдауда 34 жаңа вагон қолданысқа енсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 142-ге дейін өсім бермек. Сондай-ақ халықаралық талапқа сай «Тұлпар-Тальго» вагондарының санын өсіру де биылғы жылдың еншісінде болмақ. Ал енді мұны қуаттауға бола ма? Теміржол билеті бағасын 10 пайызға қымбаттату сапаға серпін бере ме?!
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
иә
– Иә, кешелі бері Қазақстан теміржолына қарасты «Жолаушылар тасымалы» АҚ сәуірден бастап пойыздың жолақысы да 10 пайызға қымбаттайтынын мәлім етті. Бұл – бір жағынан, ақылға қонымды іс. Мұны қолдау керек деп есептеймін. Себебі жолаушылар тасымалында тозығы жеткен вагон паркін жаңалау, вагондарды күрделі жөндеуден өткізу, техникалық ақауларды реттеу, рельстердегі қар тазалағыш техникаларды жаңарту мәселелері – қазірде уақыт күттірмейтін жағдай. Сондықтан осындай түсіністікпен қарайтын себептерді алға тарта отырып, бұл жаңалыққа оң көзбен қараған жөн.
Өз басым «бұл үрдіс теміржолдағы қызмет сапасын арттырады деп сенемін. Қайткенмен де, салаға осы арқылы белгілі бір қаржылық түсім түседі. Сондықтан ұлттық акционерлік компания мұны тәжірибеге енгізу арқылы қызметтерінің сапасын жетілдірмек. Егер эксплуатациялық шығындарды осы арқылы көтеруді дұрыс жолға қоя алсақ, мәселе сәл де болса жеңілдер еді. Жалпы, есебіне жүгінсек, бір вагонды күрделі жөндеуден өткізуге шамамен 35 млн теңге кетеді екен. Ал аталмыш тасымалдаушы мекеме өткен жылы – 34 вагон, ал биыл 182 жаңа вагон сатып алыпты. Жаңа вагондар күн жылына салысымен қолданысқа жіберіледі деп отыр. Мойындау керек, осыдан үш-төрт жыл бұрынғыдай емес, теміржол қызметінің сапасы жақсарып келеді. Вагондардың күрделі жөндеуден өткенін, тазалықтың жолға қойыла бастағанын қазірде біз байқап жүрміз. Әрине, болашақта қызмет түрлерінің сапасын өсіру қажет. Стандартқа сай ету үшін әлі де сапа мәселесінде ізденістер керек. Техникалық реттеу жұмыстарына мән берілгені жөн. Осының барлығы қаражатты қажет ететіндіктен, жолаушылар билетін 10 пайызға көтеру – сәл де болса көмек. Мұндай әдіс-тәсілдерді көптеген өркениетті ел қолданысқа енгізген. Көршілес елдер де тиісінше бұл тәсілге жүгініп отыр. Негізінде тарифті аталмыш компания өзінен-өзі түс көргендей тосын шешім қабылдап барып көтермейді. Мұның барлығы тиісті органдардың талқысынан өтеді. Монополияны реттеу агенттіктері зерттеулер жүргізеді. Бұдан соң барып сол органдар тарифті көтеру немесе көтермеу керектігі жөнінде қаулы шығарады. Сондықтан бұл жерде мәселе әбден зерттеліп, талқыланып, сүзгіден өтіп барып жүзеге асырылмақ деп ойлаймын. Демек, ешқандай дүрлігудің қажеті жоқ. Осының барлығы тұтынушылардың игілігі үшін, қызмет сапасын арттыру мақсатында жасалуда деп ұғынған абзал...
Аспан ҚАЖЫҒҰЛОВ, техника ғылымының докторы, құрметті теміржолшы:
жоқ
– Жоқ, мен мұнымен келіспеймін. Билеттің құнын өсіру мен қызмет көрсету сапасын көтеру екеуі – екі бөлек нәрсе. Екеуінің арасын тіптен байланыстыруға да, салыстыруға да келмейді. Өзіңіз білесіз, теміржол билетінің құны бұған дейін де бірнеше мәрте өсім берді. Бірақ саладағы қызмет көрсету сапасына жолаушылардың көңілі бір сәт те толған емес. Бір ғана қарапайым мысал: жолсерік пен жолаушы арасындағы мәдениеттілік, қызмет көрсету этикасы осы уақытқа дейін жетілген жоқ. Мейлі, теміржол билетінің құны 10 теңге бола ма, 10 пайызға көтеріле ме, жолаушыларға сапалы, мәдениетті қызмет көрсетілуі тиіс.
Әттеген-айы, бізде жыл сайын билеттің құны өсім бергенімен, сапаның құны жоғары көрсеткіш бермей тұр. Салада білікті маман тапшылығы, технологиялық даму үрдісі жетілмей отыр. Мен өзімнің бір сөзімде: теміржол саласын теміржолшы басқаруы керек деген едім. Осы сөзімді нықтай түсетін болсам, бүгінде бізде осы саладағы бөлім басшылары болсын немесе басқа да мамандарды мысал етсек, осылардың дені теміржол саласынан мүлде хабарсыз, сала мамандығын меңгермеген. Сондықтан егер салада қызмет сапасы, қозғалыс қауіпсіздігі мәселелері өз шешімін тапсын десек, алдымен маман біліктілігін арттырған абзал. Теміржол саласына қатысты дамыған елдердің технологиялық жетістіктерін, өндіріс жұмысын тиімді ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық жетістіктерін қабылдау, үйрену, өзімізде қолдану – уақыт талабы. Өйткені әлемді шарпыған жаһанданудан біз тысқары қала алмаймыз. Өркениетті ел болудың басты талабы, сол елді құрып отырған ұлттың негізімен және сол ұлттың білім деңгейі, қабілеттілігі және интеллектілік қорымен тығыз байланысты. Мұндай деңгейге рухани жұтаңдықпен, қарабайыр біліммен жете алмаймыз. Жанымызға бататыны сол, бүгінгі қоғамымызда (теміржолымызда да) терең білімді, интеллектісі жоғары, ұлтжанды мамандар тасада қалып (мәжбүр болып), олардың тапшылығы айқын көрініс беруде. Кадр тәрбиелеудегі қателіктер жастардың психологиясына кері әсерін тигізіп, өз дегеніне көндіріп жатыр. Елінің болашағына жаны ашитын, басы ауырып, балтыры сыздайтын маманды әлемдік тәлім-тәрбие берудің озық тәжірибелерін ұлттық тәрбие беруге сіңістіре отырып, толыққанды жүзеге асыруда әркімнің өз орнын, міндетін нақтылайтын кез келді. Соны бүгін бастамасақ, өкініштің орнын толтыру өте қиын. Сондықтан өз басым теміржол саласындағы қызмет түрін сапалы ету үшін алдымен маман біліктілігін жетілдіру қажет екенін бағамдаймын. Ал осы жайтқа мән бермей, «жыл сайын билеттің құнын арттырып, оған жаңа вагондар сатып аламыз немесе билеттің құнынан түскен түсімге вагондарды күрделі жөндеуден өткіземіз» деп алдаусыратудың еш қажеті жоқ. Отандық кәсіпорындар вагон жасау үрдісін тереңінен меңгерсе, бұл ретте жас мамандарымыздың білімі тереңдетіліп, олар өз ісін білетін шеберге айналса, бір сөзбен айтқанда салада маман кәсібилігі жетілсе, мәселе шешімін табар еді. Бұл салада біліктілік болса ғана біз сапа қызметінде бәсекеге сай қабілетті боламыз...
Бейтарап пікір
Болат Ибадуллаев, «Локомотив» АҚ атқарушы директоры:
– Теміржол билетінің бағасы 10 пайызға қымбаттай ма, билеттің құны, керісінше, арзандай ма, біздің міндетіміз – теміржолдағы қозғалыс қауіпсіздігін бақылау, қадағалау. Бұған қатысты айтарым, бізге билет құнының бағасын сөз етуден бұрын теміржолдағы қозғалыс қауіпсіздігін бақылауды нығайту қажет. Жалпы, еліміз бойынша жолаушылар тасымалының 57 пайыздық көрсеткіші теміржол саласы арқылы жүзеге асады. Бұл республика халқының жартысынан астамы теміржол қызметіне жүгінетінін көрсетеді. Ал көрсеткіш осындай болғанда неліктен қозғалыс қауіпсіздігін, теміржол қызметінің сапасын тұтынушы талабына сай етіп көрсетпеске?! Сондықтан өз басым теміржол қозғалысындағы қызмет түрі билет құнына байланысты өрбімеуі тиіс деп ойлаймын.