Өткенде Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығы және Қазақстанның сауда мен қызмет көрсету кәсіпорындарының кәсіби одағы Қаржы министрлігіне 4 мыңнан астам кәсіпкер қол қойған петиция жолдады. Бұл «Темекі өнімдері өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасын қабылдауға ұсынылған тұжырымдамаға қатысты орта және шағын бизнес өкілдерінің ұжымдық қарсылық пікірі еді.
Қауымдастық президенті Нұрсадық Әбішұлының айтуынша, заң жобасына енгізілетін шектеулер кәсіпорындардың қызметіне орны толмас зиян келтіреді. Негізінен, біз сөз етіп отырған заң жобасына сәйкес, темекі өнімдерін азық-түлік тауарлары сатылатын дүңгіршектерде, шатырлар астында, сыртқа шығарып сату орындарында, автолавкаларда сатуға, сондай-ақ түнде және демалыс күндері сатуға тыйым салынбақ. Осыған орай келешекте темекі өнімдерін арнайы дүкендерде және арнайы бөлімдер желісі арқылы ғана сатуға рұқсат етілетін болады. Сондай-ақ темекі өнімдерін бөлшек және көтерме бағамен сату үшін міндетті түрде лицензия алу қажет болады. Бұған қоса 21 жасқа толмаған азаматтар темекі өнімдерін сатуға тартылмайтын болады. Міне, заң жобасындағы осындай міндеттемелерге бірқатар кәсіпкер мін тағып отыр. Айтуларынша, мұндай заң қабылдау керісінше, елде көлеңкелі сауданың көбеюіне жол ашпақ. Біз осыны ескере отырып, арнайы мамандардың пікірін талқыға салдық...
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист сарапшы:
иә
– Иә, мен бұл пікірмен келісемін. Егер болашақта темекі өнімдерін сатуға арнайы лицензия беріліп, темекі тек арнайы дүкендер мен арнайы бөлімдер желісінде ғана сатылатын болса, бұдан шағын және орта бизнеске келер нұқсан зор болады. Бұл, сөз жоқ, орта және шағын кәсіпкерлік саласында жемқорлықтың өршуіне әкеліп соқтырады. Себебі күні ертең өнімді лицензия алмай-ақ саудаға шығару мақсатында бірқатар кәсіпкерлердің бармақ басты, көз қысты әрекетке барары даусыз. Жалпы, кәсіпкер лицензия алу үшін көп ақша төлеуге тиіс, қосымша бірталай қағазды ресімдеуге міндетті.
Бұл –дүкендер мен сауда шатырларының иелері үшін, әсіресе ауылды жерлерде қосымша қиындықтар туғызатын жайт. Сондықтан да бұл жаңашылдықтар сыбайластықтың артуына ықпал етеді және заңсыз сауданың дамуына, жол аша түспек. Темекінің айналымы туралы тұжырымдаманың қабылдануы жаппай банкроттыққа ұшырауға, тіпті жұмыссыздыққа әкеліп соғуы ықтимал. Бұлай деп отырған себебім: 21 жасқа толмаған тұлғаларға темекі сатуға тыйым салу жұмыс берушілерді студенттердің басым бөлігін жұмыстан босатуға итермелемек. Байыптап қарайтын болсақ, бұл жаңаша заң жобасы осыдан бір жыл бұрын ғана қол қойған заңға қайшы. Өйткені нақ қазіргі қолданыстағы заңда лицензия-рұқсат алу саласындағы нормаларды оңтайландыру және сол арқылы кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайту көзделген болатын. Ал жаңа заң жобасы бұған қарама-қайшы әрекет етпек... Жалпы, темекі өніміне қатысты баға мен салық саясаты Қазақстанда алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Меніңше, темекі сататын арнайы дүңгіршектер ашып, оларды арнайы лицензиялау ісінен гөрі, темекі өніміне салынатын салық көлемін өсірген жөн. Кейбір шетелдерде темекіге салық көлемі 70 пайызға дейін көтерілген. Мәселен, Таиланд елі темекіге салықты көбейтумен қатар, оның зияндығын ескеріп, арнайы денсаулық қорын да құрған. Бір қызығы, 55 млн халқы бар Таиланд елінде шылымқорлар саны 4 миллионға азайып, 10 млн адам зиянды әдеттен арылған. Ал 15 млн халқы бар Қазақстанда шылымқорлар саны 4 миллионнан асып отыр. Сондықтан бұл ретте темекі өнімінің бағасын қымбаттатып, оған салынатын салықты еселеген жөн. Ал темекі сататын арнайы бөлімдер желісін ашып, кәсіпкерлерге лицензия алуды міндеттеп, құжатбастылыққа салынуды өз басым қажет деп санамаймын. Бұл – тек құжат жүзінде ғана іске асатын дүние. Айналып келгенде, бұл – көлеңкелі саудаға жол ашып, проблеманы еселей түсетін нәрсе. Бұлай етсек, күні ертең лицензия алмай-ақ саудаға шығару мақсатында біреу біреуге пара береді, пара берген жерде заңсыздық бой алады. Ал мұның арты тағы да сол түйткілдің екі еселенуіне апарып соқтырады. Сондықтан мұны өз басым қолдамаймын.
Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Жоқ, мен мұндай пікірлерге үзілді-кесілді қарсымын. Темекі шегу арқылы Қазақстан халқы денсаулығын құртып қана қойған жоқ. Бұдан ел экономикасы да айтарлықтай соққы алып жатыр. Бүгінде Қазақстан халқы темекі өнімдерін сатып алуға жыл сайын 1 млрд доллардан астам қаржы жұмсайды. Ал республика халқының тек қана темекі шегуден ағзасына түскен ауыртпалықты емдеуге жыл сайын 5 млрд доллар көлемінде қаржы кетеді. Елімізге енетін темекі өнімдерінің 90 пайызы сырттан келетіндіктен, бұл жерде пайданы тек шетелдік компаниялар ғана көріп отыр.
Пайдасын еселей түсуді көздейтін сол компаниялардың Қазақстанға шылым сатудан көретін жыл сайынғы пайдасы 2 миллион долларды құрайды. Бұл біздің шетел компанияларын молынан қаржыландырып отырғанымызды көрсетеді. Жалпы, болашақта темекі өнімінің шығарылуына, сатылымына, нарықтағы сұранысына қатысты түбегейлі мемлекеттік өзгерістер қажет. Сондықтан мұндай заң бізге қажет. Меніңше, темекіні арнайы лицензиямен ғана сатуды міндеттемей, біршама шараны қарастырған жөн. Біріншіден, темекі компанияларының елдегі іс-шараларға демеушілік көрсетуіне тыйым салған жөн. Олар қайырымдылық шараларға демеушілік жасау арқылы өздеріне ұпай жинап алуда. Екіншіден, темекі қораптарына шылымның зияндығын ескертетін графикалық суреттер бейнелеуге қол жеткізуіміз керек. Ол суреттер қораптың үстіңгі бөлігін және барлық қораптың кем дегенде 50 пайызын алып жатуы керек. Үшіншіден, темекі сататын орындар мен оның қолжетімділігін шектеу қажет. Негізінен, қайсыбір мамандардың пайымдауынша, бүгінде әсіресе 30-35 жастағы азаматтар темекінің құрбанына айналуда. Бұған қоса, ресми мәліметтер елімізде 13-15 жас аралығында 140 мыңнан астам жасөспірімнің темекіге тәуелді екенін айқындап отыр. Осы жайттарды ескерген жөн. Сондықтан темекіні сатуға белгілі бір шектеу қойған дұрыс. Мұны өз басым қолдаймын. Бұл ретте тек арнайы лицензиясы бар темекі сататын орындар ашқанымыз жөн. Әсіресе қалалық жерлерде бұл жүйені мықтап қолға алуға мүмкіндік мол. Ал ауылдық округтерде дүкендер онсыз да санаулы ғана. Ауылдық жерлерде бұл әдісті дүкен ішінен арнайы лицензиясы бар бұрыштама ашу арқылы жүзеге асыруға болады. Бұдан соң темекі бағасын күрт қымбаттатқан жөн. Темекінің бір қорапшасы 400 теңге болуы керек. Сонда ғана республика халқының үштен екісі темекі сатып алу қабілетінен айырылады. Бұл үрдіс елдегі темекіге тәуелділердің сапын азайтады. Сондай-ақ темекі өнімдерін сатушы компанияларға салынатын салық бес есеге көбейтілгені абзал. Өйткені жыл сайын Қазақстанның темекі нарығына 30 млрд дана шылым түседі. Қазіргі кезде Қазақстанда 4,2 млн адам темекіге әуес. Ал шетелдік компаниялардың төлеп жатқан салықтары мардымсыз, тапқан пайдалары шаш-етектен. Сондықтан, осыған орай, темекінің әр данасына салық салынғаны жөн. Сонда ел экономикасына түсетін кіріс еселене түседі. Міне, меніңше, темекі эпидемиясына қарсы тұратын басты үш тетік – осы. Мұны қолдау керек.
Бейтарап пікір
Азат ҚОНЫСБЕК, кәсіпкер:
– Жалпы, тізбелей берсек, темекіге тәуелділікті төмендету хақында айтылар ұсыныстар жетіп-артылады. Бір басымдық беріп айта кетерлігі, естеріңізде болса, 2009 жылы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі «қоғамдық орындарда, дәмхана, асханаларды былай қойып, түнгі клубтарда, университет, институт маңында шылым шегуге қатаң тыйым салынады, оларға әкімшілік айыппұл салынады» деген арнайы қаулы шығарған болатын. Өкініштісі, бұл қаулыға селт етіп, үріккен пенде көрмедік. Мүмкін, темекінің сатылым бағасын өсіру оған тәуелділердің ыждағатын өшіретін шығар... Лицензия арқылы сату да көмектесер. Бірақ өз басым бұған күмәнмен қараймын. Салауатты өмір салтын ұстану орталығы мамандарының мәліметінше, тек темекіге тәуелділіктің салдарынан Қазақстанда жылына 3 мың адам өкпе ісігімен науқастанып, жыл сайын 30-ға жуық адам көз жұмады. Темекі түтіні автокөліктер шығаратын зиянды заттардан төрт есе көп болады. Бір куб миллиметр темекі түтіні 3 млн ыстың мөлшерін құрайды. Ғалымдардың зерттеуінше, бір сигарет адам өмірін 18 минутқа кемітеді. Адам күніне бір сигареттің түтінінен 580-1100 есе лас ауамен дем алады. Міне, осыны біле тұра, біздің елде шылымқорлардың көрсеткіші жыл сайын еселенуде. Сондықтан айтарым, бұл салаға қатысты мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Сонда ғана мәселе шешіле бастайды...