Темекі мен алкоголь өнімдерін жарнамалауға тыйым салынғанына екі жыл болды. Мұндай өнімдерді шығару мен сатудың ережелері де күшейді. Халықаралық талаптар мен еліміздің заңдарына сәйкес, қазіргі уақытта компаниялардың түрлі мәдени-рухани, спорттық шараларға демеушілік етуіне шектеу қойылды. Ал олардың халықтың кейбір топтарына қайырымдылық жасауына рұқсат бар. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деп қарастырылады. Бірақ мұны қош көрмейтін денсаулық жанашырларының пікірінше, темекі мен алкоголь өндірушілердің қатысуымен болатын қайырымдылық шараларының барлығына бірдей ризашылықпен қарауға болмайды. Санаулы күндерден соң қазақстандықтар денсаулығын темекі мен алкогольдің әсерінен қорғауды «батыл қолға алған» жаңа заңнама күшіне енеді. Бұл кодекстің шылым мен арақ өндірушілердің әлеуметтік-корпоративтік жобаларға атсалысуына қатысты талабы қаншалықты қатал? Бүгінгі ой-пікір таласы осы тақырыпта.
Төрегелді Шарманов, академик, Қазақ тағамтану академиясының президенті:
Иә
– Сөз жоқ. Шет мемлекеттерде темекі өндіретін кәсіпорындардың жарнама жасауына мүлдем тыйым салынады, бұл – бір, екіншіден, олардың мәдени-қайырымдылық шараларға қатысуына да шектеу қойылады. Өйткені олар сол арқылы өз өнімдеріне жанама жарнама жасайды. Бұл жақсылық емес. Мәдени шара деген адамгершілікті ғана насихаттауы қажет. Темекі шегу деген, барып тұрған зиян. Шылым өндірушілер керісінше, халық денсаулығына келтірген шығыны үшін медицина саласына үлкен ақша төлеуі қажет. Мемлекеттің заңы бойынша, мұндай айыппұлдың арнайы пайыздық көрсеткіштері бар. Менің пікірім біреу-ақ – елімізде болатын түрлі мәдени-көпшілік шараларға адам денсаулығына зиян келтірмей, кәдімгі дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқан, байып жатқан кәсіпорындар демеушілік ете берсін. Ал темекі өндіретін кәсіпорындардың мұндаймен айналысуына шектеу қою қажет.
Олар ешқандай шара ұйымдастырмауы керек. Егер қандай да бір шараға араласатын болса, алдын ала халық денсаулығына келтіретін зияны үшін шығынды тікелей төлеуі тиіс. Үкімет сондай айыппұл төлетуі керек. Мұндай компаниялардың өз өнімдерін жарнамалауына тыйым салынғаны өте дұрыс, алдағы уақытта да тыйым салына беретін болады. Ал олардың түрлі шараларға кірісуі де жарнаманың бір түрі болып табылады ғой. Сондықтан мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Бұл жақсылыққа апармайды. Біздің кейбір мемлекеттік органдар басшыларының темекі өндіретін кәсіпорындармен кездесуі мен келісімдер жасағанын да қаламаймын. Оларды қай тұрғыдан болсын қолдамау қажет. Өйткені оның бәрі – барып тұрған жарнама. Шетелдік компаниялардың да, отандық кәсіпорындардың да ойлайтыны – сол, оларды бір-бірінен ажыратып қарап, өзіміздің компаниялардың шаруашылығына қолдау көрсетудің қажеті жоқ. Оның орнына неге астық өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың жұмысын жақсартпасқа?! Немесе неге киім тігетін өндірістерді, басқа да адамға пайдасы бар салаларды дамытуды қолға алмасқа? Неге соларды жарнамаламасқа? Ал шылым өндіретін отандық компаниялардың несін қолдауға болады? Түкке пайдасы жоқ. Сонымен қатар темекі ғана емес, арақ шығаратын, тағысын тағы адам денсаулығына зиянды өнім өндіретін кәсіпорындардың барлығының әрекетіне шектеу қоюымыз қажет. Қазіргі уақытта бұл істі Ресей қатты қолға алып отыр. Тіпті сыраның өзін қолдану мен сатуға тыйым салып, енді жарнамалауды шектеу керек деп жатыр. Бұл өте дұрыс. Мен елімізде жаңа қабылданған Денсаулық туралы кодекс талаптарының да үлкен нәтиже беретініне сенемін.
Әміржан ҚАЛИЕВ, «ҚазАлко» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:
Жоқ
– Бізге, арақ-шарап өндірушілерге жарнама жасауға тыйым салынды. Бұл – дұрыс. Біз де сол азаматтарымыздың, жастарымыздың арақ ішу сияқты жағымсыз әдеттерден аулақ болғанын қалаймыз. Бірақ қазір көпшілік арақ-шарап не темекі өндірушілерді шетінен насихат жасаушылар деп қарайды. Көпшіліктің ойынша, біз ақша табуды ғана ойлап, зиянды өнімдер өндіру көлемін ұлғайтумен келеміз. Бұл – жаңсақ пікір. Біз бұлай ойламаймыз. Арақ өндірушілер де – Қазақстанның азаматтары. Олар да жастардың, азаматтарымыздың тәрбиелі болғанын қалайды. Арақ-шарапты мөлшерімен, орнымен ғана тұтынғанын ойлайды. Осы мақсатта қызмет етеміз. Қазір «азаматтарды жағымсыз әдеттерден арылту үшін заңды қатайтып, арақ ішуге, темекі тартуға тыйым салу қажет» деген әңгіме жиі айтылады. Бірақ тыйым салумен біз ештеңе шеше алмаймыз.
Мұның басқаша жолдарын қарастырған жөн. Мысалы, тәрбиені, арақ-шарапсыз өмір мен спортты, мәдениетті насихаттау жағына көңіл бөлу керек. Біз осындай бастамаларға үн қосуға дайынбыз. Қажет болса, ақшамызды да бөлуге әзірміз. Ал алкоголь мен темекі өндірушілердің түрлі шараларға демеушілік етуін арнайы органдар қадағалауы қажет. Егер құзырлы органдар заңды деп тапса, бұдан неге бас тартамыз? Бір айта кететін нәрсе, еліміздегі түрлі мәдени шараларға демеушілік еткенде не басқалай қолғабыс жасаған кезде, темекі мен арақ өндіруші кәсіпорындар өздерінің атауларын, өнімдерінің аттарын, тағы басқа белгілерін жария етпеуі қажет деп ойлаймын. Өйткені мұндай жағдайда ол бәрібір жарнама болып көрінуі мүмкін. Ал басқа жағдайларда компаниялар өз қаржыларын бөліп, кейбір шараларға араласып жатса, оның ешқандай әбестігі жоқ. Тағы бір айта кетер жайт, қазіргі кездері Қазақстан бойынша жалпы алкоголь өнімдерін тұтыну көлемі бұрынғыға қарағанда 20-30 пайызға дейін азайып келеді. Бұл азаматтарымыздың еңбек етіп, табыс табуға деген ынтасының артуына байланысты. Қазір кеңес үкіметі уақытындағыдай емес, тәртіп қатал. Егер маскүнемдікке салынатын болса, ол адам жұмыстан шығып қалады да, қайтадан жұмысқа орналасуы қиын болады. Сол сияқты біздің жастарымыз соңғы кездері дінге көп ден қойып жатыр. Арақ ішуге мүлдем тыйым салатын мұсылмандыққа шын берілген жастардың қатары жылдан-жылға көбеюде. Бұл – қуантарлық жағдай. Менің ойымша, осы үрдісті сақтауымыз керек, денсаулыққа зиянды арақ ішу мен темекі шегуді жылдан-жылға азайтуымыз керек.
Түйін
Олжас БИБАНОВ, JTI компаниясының коммуникация жөніндегі менеджері:
– Біз қолданатын жалғыз коммуникация құралы – тұтынушылармен тікелей қарым-қатынас, яғни темекі шегетін ересектермен ғана байланыс жасау. Түрлі шараларға демеушілік етерде алдын ала жүргізілетін сауалнама арқылы осындай орта таңдап алынады. Біз өзіміздің маркетингтік қызметімізді ешқашан балаларға бағыттамаймыз. Бұл – негізгі қағида. Қайырымдылық шараларына келсек, біз қаржымызды қарттар мен соғыс ардагерлеріне қамқорлыққа және ересектерге арналған сауаттылық курстарына жұмсаймыз. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Бірақ онда сауда белгісінің аты аталмайды. Табыс бізге жарнамасыз саудадан түседі. «Жарнама туралы» заңдағы тыйымдардан бөлек, еліміздегі төрт негізгі темекі өндіруші компания халықаралық маркетингтік стандарттарды ұстанады. Компаниялардың ішкі ережелері мен жұмыс істеу нормалары болып табылатын бұл стандарттар «Жарнама туралы» заңнан әлдеқайда қатты. Мәселен, онда бірде-бір спорттық шараның темекі өнімін насихаттау мақсатына пайдаланылмау керектігі, өнім материалдарында балаларға қатысты бейнелер көрініс таппауы тиіс екендігі нақты талап етілген.