Театр саласындағы келеңсіздіктерді болдырмас үшін репертуар саясатын жүргізетін арнайы орталық ашу керек пе?
Театрды әрдайым халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы деп қабылдаған күннің өзінде, бұл саланың да төңірегіндегі келеңсіздіктердің санында шек жоқ. Мәселен, балалар мен жасөспірімдерге арналған деген атауға ие болып жүрген өнер ордаларының қойылымдары бүлдіршіндер мен жас жеткіншектер санасына жат дүниені сіңіретін тақырыптарға әуестігімен таңғалдырады. Еліміздегі киелі сахналарда шетелдік аудармалардың жиі берілетіні де жасырын емес. Талайлардың көкейінде жүрген бұл мәселе төңірегіндегі әңгімені осы саланың мамандарымен өрбітіп, «Театр саласындағы келеңсіздіктерді болдырмас үшін репертуар саясатын жүргізетін арнайы орталық ашу керек пе?» деген сауал қоюды жөн көрдік.
Дариға ТҰРАНҚҰЛОВА, өнертану профессоры, сахна тілінің маманы, академик:
иә
– Қазақстандағы театр саласындағы мәселелер тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде бар. Демек, театрдағы келеңсіздік жаһандық проблема сияқты. Сондықтан репертуар саясатын жүргізетін орталықты ашу мен оны қадағалауды өз басым қолдаймын. Әрине, мұндай орталық бізге керек, тіпті оны баяғыда-ақ ашсақ дұрыс болар ма еді. Неге? Себебі өнерсүйер қауым, біздің балалар, жас жеткіншектер, өскелең ұрпақ – барлығы да рухани азықты, өнерге деген сүйіспеншілікті театр сынды ордадан тауып, санасына сіңіреді. Өкінішке қарай, еліміздегі театрлар сол дәрежеге жете алмай отыр.
Ал орын алып жатқан олқылықтар мәселе ретінде қаралмай, әдеттегі жағдай сынды қабылданатын күйге жеттік. Театр саласындағы келеңсіздіктер дегенде бірден актерлердің шеберліктері, сахна тілі мәдениеті, репертуардың сапасы ойға оралады. Репертуар – ол, ең алдымен, тіл. Режиссер спектакльді қойып жатқан кезде оның сахналық қойылымдардағы көп актердің образын ашып, ішіндегі сөздің характеріне жіті мән беріп, жағымды болмаса жағымсыз образдардың қаншалықты дұрыс сомдалуына назар салып, қадағалап отыруына мүмкіндігі болмауы мүмкін. Бұл да – театр саласындағы бір мәселе. Қазақстанда режиссура саласы дамып, көтеріліп келеді, бірақ театрдағы орындалатын туындылар тіл жағынан ақсап тұр. Өз аттарына лайықсыз тақырыптардағы қойылымдарды беру былай тұрсын, орындалып қойған спектакльдердің сапасы сын көтермейді. Мысалы, ұлы тұлғаларға қатысты қойылымдардағы актерлердің сөздерін айтқызу үшін арнайы дайындық қажет. Театр десе қойылымға жауапты режиссерге барлық жүкті артып, сынап, жаманатты қылудың қажеті шамалы. Ол мәселені шешудің басқа да жолы бар, бізде театрдағы ең басты келеңсіздіктерге ұрындырып отырған – репертуарлардағы тілді қадағалайтын мамандардың тапшылығы. Өз басым сахна төрінде анайы сөздердің қолданылуымен өткен бірнеше көріністің куәсі болдым. Ал оған кінәлі – репертуарларды қадағайтын көздердің жоқтығы. Айта берсек, бұл саланың проблемасы да, осал тұстары да, күнделікті жіберіліп жатқан қателіктері де жетерлік. Актердің үстіне киіп шығатын қарапайым киімінің өзі театрда өте маңызды рөл атқарады. Себебі ол жүздеген адамның алдына шығады, өнер көрсетеді. Негізінен, театр саласын дамыту жолында қолға алынған әлемде түрлі фестивальдар бар. Бірақ біз олардан тыс қалып, еңбекке араластыруға үстірт қараймыз. Драматургтеріміздің де еңбектері ақталмай жатады. Сондықтан біз театр саласындағы келеңсіздіктерді одан әрі болдырмас үшін репертуар саясатын жүргізетін арнайы орталықты ашуымыз керек деп есептеймін. Және ол орталық тек репертуарды қадағаламай, актердің шеберлігінен бастап, репертуарларды таңдау, оның сол театрда орындалуы тиіс пе, жоқ па, талдап, тіл мәдениетін сақтауға қатаң бақылау орнатса, бұл саланың бірсыпыра сұрақтарына жауап табар едік. Қазіргі заманда бүкіл әлемнің мәдениеті дамып, динамикалық қимыл-әрекетпен жұмыс жасап жатқан кезде сырттай еліктеп жүргеніміз мүлдем жарамайды.
Жанат ХАДЖИЕВ, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
жоқ
– Жоқ, мен театр саласына мұндай орталық қажет деп ойламаймын. Себебі «репертуар саясатын жүргізеді екен» деп, ол орталықтың мамандарын театрдың ана бұрышынан бір, мына бұрышынан бір бас сұққызып, орынсыз жерден шикілік іздетіп қоюды дұрыс деп есептемеймін. Оның үстіне, шығармашылық саласында жүрген адамдардың жаңа туындыларды өмірге алып келулеріне кедергі болып, шығармашылықтарына шектеу қойыла бастайды. Театр саласында келеңсіздіктер қашан орын алып еді? Атауына лайықты жұмыс істемейді деген пікірмен қалай келісуге болады? Егер белгілі бір театрда қатып қалған бір тақырып, бір бағыт, сол бір өзгермейтін қойылымдар қайталана берсе, ол жерге кім барады?
Қазақ драматургтері де мың-мыңдап туындылар шығарып жатпағаны айтпаса да белгілі. Шетел спектакльдері ана тілімізге аударылып, жиі берілетіні рас. Бірақ ол бізге артық болып жатқан жоқ. Сапасы жақсы, оларды аудару ісіне қатысты мамандарымыз да жеткілікті, тәжірибелі деп санаймын. Мәдениет саласы еш уақытта даму жолын тоқтатпайды. Керісінше күн санап өсіп, жаңарып, заман ағысымен ілгері қарай жылжып келеді. Демек, біздің елдегі театрларда уақыт өте келе бірізге түсіп, бір жүйеге қалыптасады. Оған бола министрлік жанынан жеке орталық ашып, оған адамдарды жиып, мемлекетке қаншама шығын келтірудің қажеті жоқ деген ойдамын. Оның үстіне, репертуар саясатын жүргізуші орталық ашыла қалған күннің өзінде оның қаншалықты дұрыс іс атқарарына ешкім де жауап бере алмайды. Себебі жыл сайын ол орталықтың жұмысына қыруар қаржының бөлінетіні белгілі. Егер біз асығыстық жасап, пайдасыз іске ақша шығарып, шығармашылыққа шектеу қойып жатсақ, ешкімге де пайдамыздың тимесі анық. Тіпті бұл сала да сыбайлас жемқорлықтың тырнағына ілігіп, өршіп кете ме, кім білсін?!
Бейтарап пікір
Дулат Исабеков, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
– Репертуар саясатын жүргізетін арнайы орталық дегеніміздің өзі – министрліктің құрамындағы баяғы коллегияны қалпына келтіру деген сөз. Бұл мәселені депутат Дариға Назарбаеваның өзі бастап көтерген болатын. Бірақ шешімнің қандай себеппен қабылданбай жатқаны белгісіз. Орталықты тез арада ашып, театрлардың репертуарларын жөнге келтірмесек, жергілікті драматург, жергілікті автор, жергілікті тақырыптардың тоқталар түрі жоқ.