Тәжікстан мен Өзбекстанның геосаяси ұстанымдарының өзгеру тенденциясы АҚШ-тың аймақтағы ықпалын күшейтіп жібермей ме?
Жуырда Өзбекстанның ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтатуы көптеген баспасөзде, әсіресе ресейлік БАҚ-та кеңінен талқыланған еді. Өзбек билігі АҚШ-тың әскери техникасын алып қалу мақсатында Ресеймен ара қатынасын бұзды. Көп ұзамай Тәжікстан да өз территориясында АҚШ әскери базасын қабылдап алуға дайын екендігін жеткізді. Ол аз болғандай, Тәжікстандағы Ресей әскери базасының жалға төленетін ақысын көтеріп жіберді. Әрине, бұған Ресейдің өкпесі қара қазандай болатыны анық. Сарапшылар қауымы Өзбекстан мен Тәжікстанның АҚШ-қа қарай бұрылуы аймақтағы бүтіндей ойын ережесін өзгерте алады дегенді айтады. Дегенмен мұндай сценарийге күмәнмен қарайтындар да бар...
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
иә
– АҚШ-тың Ауғанстаннан шығатыны анық болып отыр. Есесіне, ол өзінің Орталық Азияға ықпалын күшейтпек ойда. Әрине, АҚШ-тың аймаққа ықпалының артуына Ресей барынша қарсы болып жатыр, қарсы бола береді де. Сондықтан Ресей елі Өзбекстан мен Тәжікстан сияқты елдермен ара қатынасын толық үзуден де тайсалмайтынын байқатты. Жалпы айтқанда, Өзбекстанның АҚШ-тың әскери техникаларын иеленуі аймақ елдері үшін жағымды құбылыс дер едім. Кейбір сарапшылар айтқандай, бұл жағдай Қазақстанға қауіп төндіреді деген пікірмен келісе алмаймын.
Себебі дәл қазір Өзбекстанның өзге елдермен соғысатындай қауқары жоқ. Ал АҚШ-тан алынған қару-жарақтар әскери мақсаттан гөрі, полицейлік қызметті көп үйлестіруі ықтимал. Яғни олар бұл техникаларды өзгелерге шабуылдау үшін емес, әскери мақсатта емес, оңтүстік шекарасын күшейтуге, ішкі жағдайды тиянақтауға, есірткі айналымына тосқауыл қоюға жұмсауы мүмкін. Бұл – Қазақстан үшін жағымды құбылыс. Енді Тәжікстан тарапы Ресейге жалға берген әскери базасының ақысын көтеріп жатыр. Тәжікстан әкімшілігінің бұл қадамын түсінуге болады. Себебі ешкім ештеңені тегін бергісі келмейді. Мысалы, Қазақстан да ел территориясына құлайтын зымыран бөлшектері үшін ақша төлетуде.
АҚШ пен Қазақстан арасында екіжақты қарым-қатынас баяғыдан бар. Біздің саясатымыз – көпвекторлы. Алдағы уақытта Қазақстан көпвекторлы саясатты теңвекторлы саясатқа қарай ойыстыруы мүмкін. Яғни Ресеймен де, АҚШ-пен де, Қытаймен де тең дәрежеде қарым-қатынас орнатады. Ешкімге бүйрегі бұрмайды, ақысын лайықты деңгейде төлейтін тиімді тарапқа басымдық береді. Қазіргі жағдайда Қазақстан өзінің әуе кеңістігін жүк тасымалдау мақсатында пайдалануға берді. Енді оның ақысын көтеруді талап етуі мүмкін. Енді Иран компаниясына байланысты Францияның зымырандарын Маңғыстауға орнатуға келісім берді. Яғни Қазақстан да толыққанды Ресей ықпалына көніп отырған жоқ. Қазақстанның НАТО-мен «Бейбітшілік үшін» серіктестігі бар. Алдағы уақытта да АҚШ-пен арадағы қарым-қатынас күшейе береді. АҚШ-пен Қытай Ресейдің Орталық Азияға ықпал етуін қаламайды. Қазақстан бұл принципті қатаң сақтауы мүмкін. Путиннің қоқан-лоқысына қарамай, Ресейдің ықпалын әлсірете бастайды.
АҚШ-тың Орталық Азияға ықпалы артады және оны жағымды қабылдау керек. Қазір Ресей АҚШ-пен қатты жанжалдасуда. Қырғиқабақ соғыс басталды десем, артық болмайды. Мұндай жағдайда Ресеймен қатты жақын байланысты болу Қазақстан үшін де, орталық азиялық елдердің қай қайсысы үшін де қауіпті. Өйткені Ресейге қарсы пайдаланылған шаралар оның серіктесі ретінде бізге де тиіп кетуі мүмкін.
Марат ШИБҰТОВ, Шекаралық әріптестік қауымдастығының сарапшысы:
жоқ
– Орталық Азияның бір бөлігі АҚШ-тың ықпалында қалды деген сияқты пікірлер айтылып жүр. Меніңше, мұндай тұжырым жасауға әлі ерте. Пәкістан мемлекеті өзінің территориясы арқылы техникаларды тасымалдауға қайта рұқсат беріп отыр. Енді АҚШ үшін солтүстік бағыттағы жол маңыздылығын жоғалта бастады. АҚШ үшін Пәкістанмен қарым-қатынас жасау әлдеқайда оңай әрі тиімді. Себебі бұрындары бұл елдердің арасында ортақ жобалар болған. Әрине, АҚШ тарапы Өзбекстан мен Тәжікстанды қосалқы мүмкіндік ретінде ұстап отырады. Дегенмен олардың көмегіне Пәкістанмен арада қайтадан түсініспеушіліктер пайда болған жағдайда ғана жүгінеді.
Ал Өзбекстан мен Тәжікстан өз территориясында АҚШ-тың әскери базасын орнатуға мүдделі екені анық. Алайда әзірге бұл жағдай түсініксіз құбылыс болып тұр. Оның қандай формада боларын ешкім білмейді. Әскери база орнатылатын болса, ол екіжақты келісім арқылы ма, әлде НАТО-мен арадағы келісім бола ма, болған күннің өзінде оның статусы қандай болады деген сияқты мәселелер әлі шешілмеген.
Пәкістан қайтадан бас тарта қалған жағдайдың өзінде Өзбекстан мен Тәжікстанның екеуінде де әскери база орнатылмайды. Екеуінің арасынан біреуі ғана таңдалады. Сондықтан екі бірдей ел АҚШ-тың ықпалында кетпейді. Оның үстіне, Тәжікстан мен Өзбекстанның арасында саяси қайшылық бар. Мұндай жағдайда АҚШ сол екеуінің біріне ғана басымдық бере алады.
Өзбекстан мен Тәжікстанның Америкаға ұмтылып отырғанының саяси мәселелерден гөрі экономикалық себептері көп. Мысалы, Өзбекстан АҚШ-тың одақтасы болса, оған экономикалық демеу көрсетіледі. Инвестиция құйылып, шикізатын сатып алар еді. Дегенмен жағдай бұған жетпейді. Қазірдің өзінде АҚШ Өзбекстан мен Тәжікстанды қойып, Пәкістанмен келіссөздер жасауға кірісіп жатыр.
Бейтарап пікір
Нұрлан СЕЙДІН, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім меңгерушісі, саясаттанушы:
– АҚШ-тың Орталық Азиямен байланысы Өзбекстанның ҰҚШҰ-дан шығуынан басталды деп айта алмаймыз. 2011 жылдан бері АҚШ-тың мүддесіне келетін талай оқиғалар болды. Бір кездері АҚШ ықпалы әлсіреп отырса, бір кездері, керісінше күшейді. Сол сияқты қазір АҚШ-тың Өзбекстан мен Тәжікстанға әсері қайта көрініс бергенімен, ол ұзақмерзімге сақталмауы да мүмкін. Дегенмен Өзбекстан мемлекеті АҚШ-тың техникаларын иеленіп, әскерін күшейтіп, шекарасын күшейтіп жатса, ол біз үшін жаман деп те айтуға болмайды. Себебі Ауғанстандағы түрлі радикалды күштер, заңсыз есірткі айналымы бізге осы Өзбекстан арқылы келеді. Ал оны ауыздықтауға Өзбекстан әкімшілігінің шамасы жете бермейді. Қысқасы, АҚШ ықпалының артуынан қатты шошына беруге болмайды. Себебі одан Өзбекстан мен Тәжікстан елдері экономикалық көмек алуы мүмкін. Олардың әлеуметтік жағдайының көтерілуі біз үшін жаман емес.