Қоғамдағы қордаланған мәселелерді әртүрлі көзқарастағы азаматтардың пікірімен саралайтын «Алаш айнасы» газеті мен СТВ арнасының бірлескен жобасы аясында жарық көрген бағдарламаның кезекті тақырыбы экология мәселесіне арналып отыр. Өйткені соңғы кездері дүниежүзі бойынша экология мәселесінің өзектілігі артып барады. Тұрғындардың тиісті деңгейде тазалық сақтамауы да экологияның нашарлауына елеулі үлес қосуда. Осы орайда мамандар «елімізде күн санап кері кетіп бара жатқан экология мәселесін шешудің бір жолы – экологиялық полиция құру» деген ұсыныс айтуда. Мамандардың бұл ұсынысын біз де өз тарапымыздан талқыға салып көрген едік.
Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы,саясаткер:
иә
– Менің ойымша, тазалық сақтауды қадағалайтын экологиялық полиция құру өте дұрыс шешім болар еді. Өйткені бүгінгі күні тазалық сақтауға, экологиялық мәселелерді шешуге ешкім дұрыс көңіл аударып отырған жоқ. Егер экологиялық полиция құрылса, қаланың іші де, сырты да таза болар еді. Мәселен, қазір Алматы қаласында қоқыстар кез келген жерде шашылып жатыр. Соның салдарынан суағар арықтар бітеліп, ағын су көшелерді бойлап ағып, төселген асфальттарды бүлдіріп, тұрғындардың үйіне кіріп жатыр. Тұрғындардың тазалық сақтауды әдетке айналдырмағанының салдарынан жерасты жолдары әжетханаға айналған.
Қаланың сырты да жетісіп тұрған жоқ. Жыл сайын көктемгі мезгілде қала сыртына демалуға шыққан жұртшылық неше түрлі қоқыстарды шашып, әсем табиғатты ластап, тіпті жаққан оттарын дұрыс өшірмеу салдарынан ормандар отқа оранып жатыр. Бүгінгі күні мұны қадағалауына алып отырған ешкім жоқ. Осы бетімен кете берсе, әсем қаламыз ажарынан айырылып, табиғатымыз орны толмас апатқа ұрынады. Қазір еліміздің барлық өңірінде экологиялық ахуал өте күрделі. Сондықтан елімізге осының бәрін қалыпқа келтіретін экологиялық полиция құру қажет.
Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы:
жоқ
– Мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Экологиялық тазалықты сақтау – әр азаматтың міндеті. Тазалық сақтауды қадағалайтын арнайы мекемені ойлап табудың да қажеті жоқ. Өйткені жауапкершілік жоқ жерде бәрібір тәртіп болмайды. Әркім өз міндетін дұрыс орындамағандықтан, заңнамалар іске аспайтындықтан, біз жаңа нәрсе ойлап табуға тырысамыз. Ал ойлап тапқан нәрсеміздің іске асатынына өзіміз де сенімді емеспіз. Сондықтан экологиялық полиция құруды ойламастан бұрын жергілікті әкімдіктердің жауапкершілігін оятып, қала тазалығына жауапты орындардың міндетін естеріне салуға тырысуымыз керек.
Негізі, қала тазалығына жауапты арнайы орындар бар. Ендеше, солар өз міндетін дұрыс атқарсын. Олардың жауапкершілігін күшейту арқылы біз бұл мақсатқа жете аламыз. Айта кетер жайт, экологиялық полиция құру қосымша қаржы көзін керек ететіні де рас. Дәл осы тұрғыдан келгенде полиция құрудан гөрі әлдеқайда оңай жолмен экология мәселесін шешуге болар еді. Ал кез келген нәрсеге полиция құра беру артық дүние. Осы тұрғыдан келгенде мен экологиялық полиция құруға қарсымын.
тартыс бөлімі
Жүргізуші:
– Бағдарлама қонақтарының ұстанымы айқындалды. Енді бағдарламамыздың «Тартыс» бөліміне өтіп, ойымызды тарқатып айтсақ. Мэлс мырза, сіз тазалық сақтауды қадағалайтын экологиялық полиция керек деген ұстанымдасыз. Ендеше, экологиялық полицияның құзырына қандай міндеттер кіруі керек деп санайсыз?
Мэлс Елеусізов:
– Рас, қазір полицияның түрі көп. Мәселен, патрульдік полиция. Қала тыныштығын бақылайтын олар ішкен адам көрсе, көліктеріне салып айықтырғышқа жеткізгенше асығады. Тіпті олардың таныстарымның қалтасына наша салып, артынан босатуға пара сұрағандарының да куәсі болғанмын. Осы орайда мен патрульдік полицияның орнына экологиялық полиция құрылса әлдеқайда пайдалы болар еді деп ойлаймын. Немесе болмайтын тірліктермен айналысып жүрген патрульдік полицияға тұрғындардың тазалық сақтауын да бақылауды міндеттесек, дұрыс болар еді. Немесе Жол полициясының да аңдығаны мас жүргізуші, патрульдік полицияның да қызметі сол. Шын мәнінде қоғамдық тәртіпті қадағалауға бір полиция ғана жетеді. Егер мемлекеттің әлеуеті жаңа бір мекеме құруға жетпейді десек, патрульдік полицияға экологиялық полицияның міндетін жүктейік. Әйтпесе Алматыда қазір ағаштар оңды-солды кесіліп, көшеде қоқыстар шашылып жатыр. Оның сұрауын кімнен сұрарымызды да білмей отырмыз. Менің қарсыласым тиісті орындар бар дейді. Әйтсе де тазалық мәселесі олардың тікелей құзыретіне кірмегеннен кейін олар экология мәселесіне қырын қарайды. Шын мәнінде экология мәселесімен қоғам болып, полиция құрып айналыссақ та артық емес.
Мақсат Жақау:
– Бізде полицияның негізгі құзыреті қылмыскер ұстау деп түсінеді. Оның үстіне, тазалыққа қатысты кейбір дүниелер олардың әрқайсысына бөлініп берілген. Мәселен, көлікте келе жатып терезеден сыртқа қоқыс тастасаңыз, белгілі бір дәрежеде әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз. Әйтсе де жемқорлықтың салдарынан мұндай тәртіп бұзушылар жазаланар емес. Тіпті айыппұл төлеп жатқандар да сирек. Осы секілді ертеңгі күні арнайы құрған экологиялық полициямыз жемқорлықтың салдарынан экологиялық мәселелерді шешуге атүсті қараса қайтеміз? Көліктерден шығатын улы түтін, қаланың төменгі бөлігіндегі үйлерден шыққан көк түтін қаланың экологиясының бұзылуына аз кесірін тигізіп жатқан жоқ. Бұл мәселелердің неден туындап жатқанын да біліп отырмыз. Алдағы жылдары тез арада жер үйлерді жаппай газдандырып, улы түтін шығаратын көліктерді, сапасыз бензиндерді жоюымыз керек. Бұл – арнайы экологиялық полиция құрмай-ақ күрмеуі шешілетін мәселе. Еуропада бұл мәселе шешілген. Өйткені онда мемлекет пен қоғам бірге жұмыс істейді. Керек десеңіз, жекелеген азаматтар үкіметтік емес ұйым құрып алу арқылы өзінің, баласының таза ауа жұтуы үшін күреседі. Яғни оларда тазалыққа, қаланың экологиясына халықтың барлығы мүдделі. Бізде шын мәнінде экологиялық полиция құрмай-ақ бұл мәселені шешуге болар еді. Мәселен қоғамымыз мүдделі болса, экологиялық ұйымдардың жұмысына қолдау көрсетер еді. Өкінішке қарай, өз бетінше мәселені шешуге қоғамдық ұйымдардың мүмкіндігі аз. Қаланың экологиялық мәселесін шешуге арналған мемлекеттік тапсырыстар да жоқтың қасы. Осы бағытта халықпен де жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп жатқан жоқ.
Мэлс Елеусізов:
– Бір ғана мысал келтірейін, «жолайрық саламыз» деп Сайын көшесінің бойындағы ағаштардың бәрін қырықты. Сол ағаштардың ешқандай жоқтаушысы болмады. Мен осы жөнінде Қаржы полициясына, прокуратураға арыз жаздым. Ешқандай қозғалыс болмады. Егер экологиялық полиция құрылса, тікелей құзыретіне кіретіндіктен, кесілген ағаштардың сұрауын солардан сұрар едік.
Жүргізуші:
– Мақсат мырза тиісті орындар өз жұмысын тиісті деңгейде орындаса, ешқандай экологиялық полиция құрудың қажеттілігі болмас еді дейді. Жаңылмасам, бізде бірнеше рет «Жасылдар» партиясын құруға талпыныс болды. Осындай партиялар құру арқылы мәселені шеше алар ма едік?
Мэлс Елеусізов:
– Егер мемлекеттік тапсырыстар беріліп, мемлекет тарапынан көңіл бөлінсе, мәселені шешуге тырысар едік. Бірақ оны ешкім қажетсініп отырған жоқ. Менің экология мәселесін көтеріп жүргеніме талай уақыт өтті. Сол кезде қауіп етіп айтқан нәрселерімнің бәрі бүгінде дәлелденді. Жақында үш дүниежүзілік саммитке қатыстым. Онда ауа райының өзгерісі ерекше сөз болды. Қазір дүниежүзілік ауа райы жарты градусқа жоғарылаған. Бұл – үлкен апаттарға әкелетін өзгеріс. Қазір елімізде шөлейтті аймақтар көбейіп, құрғақшылық артып келеді. Мұздықтарымыздың 40 пайызы еріп кетті. Ертеңгі күні ауызсусыз қалу қаупі артуда. Жеті жылдай болды, патент алдық, қоқыстарды іріктеу арқылы оларды жою әрі пайдалы іске асыруға тырысып жатырмыз. Осының өзіне қолдау білдірушілер жоқ. Қазір қоқыс полигондары көбейіп бара жатыр. Оларды іріктеу арқылы жоюға болады. Осы секілді экологиялық мәселелерді тиімді шешу туралы талай ұсыныстар айттым.
Жүргізуші:
– Жалпы, экологиялық полиция құру бұрыннан тәжірибеде бар көрінеді. Мәселен, Ресейдің кейбір облыстарында экологиялық полиция бар екен. Бәлкім, бұл тәжірибені ішінара енгізіп көру керек шығар?
Мақсат Жақау:
– Мұны әр аймақтың экологиялық ерекшеліктеріне қарап анықтауға болады. Мәселен, елімізде экологиялық аймақ деп танылған аймақтар бар. Сондай ақ Алматы қаласының экологиялық жағдайы да Арал ауданының экологиялық ахуалымен салыстыруға келмейді. Олардың экологиялық ерекшеліктерін анықтасақ, мәселенің механизмдерін анықтауымызға болар еді. Айта кетер жайт, біз экологияның алдын алуға көңіл бөлуіміз керек. Экология мәселесі кешенді түрде шешілуі қажет нәрсе. Мен тағы да қайталап айтамын, осы мәселемен күресетін полиция ойлап табудан гөрі жаппай халықтың санасын өзгертуге тырыссақ, әлдеқайда пайдалы болар еді.
сайыс бөлімі
Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың үшінші бөлімі «Сайыс» деп аталады. Осы тақырып аясында қарсыластар өзара сұрақ жауап алмасады.
Мэлс Елеусізов:
– Тазалық сақтауды қадағалайтын экологиялық полиция міндетін патрульдік полицияға міндеттеуге қалай қарайсыз?
Мақсат Жақау:
– Бәрі жауапкершілікке байланысты. Егер жоғарыдан тиісті деңгейде бақылау болмаса, патрульдік полиция да бұл мәселені шеше алмауы әбден мүмкін. Ал менің сізге қояр сұрағым, жол полициялары қаланың кіре берісінде көлікті тоқтатып, көліктен шығатын түтін құрамындағы улы заттардың деңгейін тексеріп жатады. Айыппұлды төлегенмен, ол мәселе жуық арада шешіле қоятын емес. Осы орайда мұның жауапкершілігін кімнен сұрауымыз керек? Экологиялық полициядан ба, әлде ...
Мэлс Елеусізов:
– Бұл – барлығына қатысты шаруа.
Дегенмен экологиялық полиция құрылса көптеген мәселенің шешілуіне мұрындық болар еді.
ойтүйін
Жүргізуші:
– Соңғы бөлім «Ойтүйін» деп аталады. Бұл бөлімде екеуіңізге де қойылар сұрақ ортақ. Қарсыласыңыздың ойынан не түйдіңіз және оның ұстанымына өтіп кеткен жоқсыз ба?
Мақсат Жақау:
– Біз мәселені нақты шешу жолдарымен айналысуымыз қажет. Мәселен, тіл мәселесін айтып келе жатқанымызға талай уақыт болды. Бірақ мәселе шешілер емес. Осы орайда Алматы каналының «Тіл сақшысы» бағдарламасы жарық көрді. Камераларын көтеріп алып, заңды кім қалай бұзды, оны жөндеуге не кедергі деген мәселелерді оқиға орнында анықтады. Нәтижесінде талай мекемелердің сақау тілі дұрысталып, көшелердегі қазақша қате жазулар түзетілді. Біз дәл осылай экология мәселесін шешуімізге болар еді. Оған көп қаржының да, погон таққандардың да қажеті жоқ. Тек бір камераны алып, нақты мәселені ашып көрсету арқылы тиісті мекемелердің жауапкершілігін талап ету қажет.
Мэлс Елеусізов:
– Дүниежүзілік ауа райының жарты градусқа жылынуы жер бетінде көптеген табиғи апаттардың орын алуына әсер етті. Вулкандар оянып, жер сілкіністері, су тасқындары тоқтаусыз жүріп жатыр. Экологиялық мәселенің алдын алмасақ, жер бетіндегі адамдар қырыла бастайды. Біз осыны түсінуіміз керек. Табиғаттың тілін таба білуді үйренуіміз керек. Мәселен, адамзат қанша дамыса да, ауадағы көмірқышқыл газын азайтатын әдіс таба алмады. Тек табиғат қана көмірқышқыл газын жойып, оттегі бөліп шығара алады. Сондықтан тал-теректеріміздің санын көбейтіп, табиғаттың тепе-теңдігін бұзып алмауға тырысуымыз керек. Және табиғатты сақтау үшін экологиялық полиция құру секілді ұсыныстарды тез арада іске асыруымыз қажет.
Жүргізуші:
– Бүгінгі бағдарламамыз да өз мәресіне жетті. Экологиялық мәселе – қай уақытта да күйіп тұрған өзекті мәселе. Ендеше, қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастыру – біздің міндет, ал шешім қабылдау тиісті органдардың еншісінде.