Ғылым мен пәлсапаның зерттеу әдістері мен тәжірибесі белгілі бір тарихи құбылысқа қатысты қаншалықты әрқилы көзқарас қалыптасса, оны танып-білудің де соншалықты бір жүйеге түсетінін әлдеқашан дәлелдеп берген. Тарихтың қойнауына енген біздің Тәуелсіздігіміз де осындай таразыға түсуі тиіс. Кеңестік империя құрамынан азаттық алған 20 жыл ішінде бұған қатысты көзқарас та қалыптасты, баға да берілді. Бірақ бұл тарихты дұрыс әрі толық танып болдық па? Бүгінгі пікірлер таласы – осы сұрақ төңірегінде.
Бүркітбай Аяған, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Әрине, Тәуелсіздіктің тарихы әлі де болса зерттелуі керек. Бірақ «бұл тарихқа жеткілікті деңгейде баға берілген жоқ» деу – қате пікір. Егемендік жылдарындағы тарихи-саяси оқиғаларға, реформаларға әділ бағасы беріліп жатыр. Ол тіпті көзге көрініп тұр. Бұл жылдары халқымыздың жерінен айырылып қалған немесе басқа да келеңсіздіктерге ұшыраған кезі жоқ, ел реформалардың нәтижесін көріп отыр, шекарамызды дұрыстадық. Кеңестік жүйеден қалған экономикалық құрылымдарды таратып, өз жүйемізді жасадық. Осының өзі тарих емес пе?! Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болдық, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік, яғни, шынымен де, көптеген жетістік бар. Ол айтылып та, бағаланып та жатыр.
Бірақ Тәуелсіздікке жеткізген оқиғалар мен егемендік жылдарының өзі әлі де жан-жақты зерттеле түсуі тиіс. Бұл орайда бір нәрсені айтып кету керек, бізде бір қырсық көзқарасты ұстанушылар бар. Олардың айтуынша, Тәуелсіздікке қатысты шынайы тарихи баға кейін беріле жатады. Мен мұнымен келіспеймін. Кешегі күні болған оқиға – бүгін тарих. Тәуелсіздікке қатысты кереғар пікірлер айтқан адамдардың өзі неге сол тарихты зерттеп, түсіндіріп бермеске?! Егемендіктің тарихы әлі де зерттелетін болады. Біз қазір «Алтын Орда дәуірін зерттеп болдық» дейміз. Бірақ оның өзін де тереңдете зерттеп, тани беруге болады, оның хандары, экономикасы, басқасы туралы көптеген еңбек шыға береді әлі. Ал біздің Тәуелсіздігімізге – бар болғаны 20-ақ жыл. Мемлекет тарихы институты, басқа да зерттеу институттары осы Тәуелсіздік тарихын зерттеумен айналысып жатыр. Сондықтан бәрі алда, дегенмен бұл тарих өзінің лайықты, әділ бағасын алып отыр.
Алтай Тайжанов, философия ғылымының докторы, профессор:
Жоқ
– Біздің тарихымызда әлі ашылмаған көптеген ақтаңдақ беттер бар. Халық оларды біле бермейді. Себебі өз тарихымызды әлі жүйелі өлшеп келе жатқан жоқпыз. Біз бұған кешенді көзқарас қалыптастыруымыз қажет. Тәуелсіздік тарихына қатысты мамандардың ортақ ұстанымы болуы тиіс. Ұлт тарихының ақтаңдақ тұстары анықталып, зерттеліп, мектеп оқулықтарына енгізілуі керек. Жас ұрпақ соны білгені жөн. Ал біздің оқулықтарымыз әлі де сол ескіше жүйемен келе жатыр. Көбіне былай жазылады: елдің азаттығы үшін 250-300-дей соғыс болған, бабаларымыз шетінен батыр болған деген сияқты. Тарих оқулықтарында біз әйтеуір, соғыса берген халықпыз. Ал «не үшін соғыстық», «қалай соғыстық» деген сұрақтардың жауабы әлі зерттеуді қажет етеді.
Кезінде Кеңес одағы ұстанған саясат бойынша Алаш қозғалысына, ашаршылыққа, 30-50 жылдардағы нәубетке қалай баға берілсе, бүгін де сол, сәл өзгергені болмаса, әлі тереңдей қойған жоқпыз. Оның үстіне биыл Желтоқсан оқиғасының 25 жылдығы болғалы жатыр. Бұл біз үшін үлкен мереке болуы тиіс. Бірақ бұл оқиғаның да себеп-салдары ашылған жоқ. Тәуелсіздік деген кезде біз ұлттың рухани болмысы, ұлттың санасы туралы айтуымыз қажет. Тарихи ұлттық санасы қалыптаспаған халықтар өз тағдырына үстірт қарайды. Әлихан Бөкейхановтың «Егер бір халық өз тарихын білмесе, бір ел өз тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады. Дүниеде өзге ұлттардың қатарында қор болмай, тұқымы құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежеде ұғып-білуі тиіс» деген сөзі бар. Міне, сондықтан тарихты танып-білуде шынайылыққа ден қою керек. Әйтпесе, «анау айтты, мынау айтты» деген көзқараспен тарих жасалмайды. Біз содан аса алмай жүрген сияқтымыз. Егемендік жылдарының өзіне де қазір жалпы баға беріліп жүр. Тарихи сананың қалыптаспауы жастарды шатастырып, жалтақтыққа, кіріптарлыққа, жалпақшешейлікке ұрындыруы мүмкін. Мұндай жайт біздің кеңестік тарих ғылымында болған. Бірақ алдағы кезеңде заман өзгерер, адам өзгерер, жастардың ұлттық санасы қалыптасар деген үміт бар.
Бейтарап пікір
Нұржамал Алдабек, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бірінші проректоры, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Тәуелсіздікті бағалау үшін оның қантөгіспен келуі міндетті емес. Одан мұның бояуы да қоюланбайды. Тәуелсіздік тарихы, менің ойымша, жеткілікті деңгейде бағаланып жатыр. 20 жылдағы жетістіктеріміздің сол Тәуелсіздіктің арқасы екенін зиялы қауым ғана емес, ауылдағы қарапайым тұрғындар да біліп отыр. Әлемнің өзге елдері біздің қандай мемлекет екенімізді түсініп жатыр. Бұл тарихи оқиғаны бұдан артық шынайы бағалау мүмкін емес.