Тәуелсіз ел атанғанымызға да 19 жылдың жүзі болды. Осынша уақыт ішінде қазақ санасы Тәуелсіздікке қол жеткізді деп айта аламыз ба? Бұл тұрғыда «құлдық сана басым, қоғамның өзекті мәселелерін шешуде жалтақтыққа жол береміз, қоғамдағы тіл, діл, заң қабылдаудағы және жер-су, көше, қала атаулары төңірегіндегі мәселелердің шешілмей отыруы тәуелсіз сананың қалыптаспауынан» дейтіндер де, «сана тәуелсіздігі күн өткен сайын айқындалып келеді, тәуелсіз сананың жемісін толықтай сезінуге біршама уақыт керек» деп бүгінгі күні атқарылып жатқан шараларды тәуелсіз сананың арқасы деушілер де баршылық. Тараптардың пікірін таразының табағына салып көрген едік...
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
Иә
– Иә, осы уақыт ішінде қоғамымызда тәуелсіз сана қалыптасты. Еліміздің Тәуелсіздік алып, оны басқа елдердің мойындауының өзі санамызға үлкен серпіліс алып келді. Өз тәуелсіз мемлекетіміз, мемлекеттік рәміздеріміз, өз ана тіліміз, өз жеріміз, өз Президентіміз болып тәуелсіз ел атануымыз санамызға да тәуелсіздік сыйлады. Осы жылдар ішінде еліміз өзге елдерге елдігімізді танытатындай талай жетістіктерге жетті. Егер тәуелсіз санамыз болмаса, елдігімізді танытар ондай жетістіктерге жете алар ма едік?! Мұндай жетістіктердің санамызға сілкініс әкелгені сөзсіз.
Кешегі ЕҚЫҰ-ға төраға болып, әлем елдері басшыларының басын елорданың төрінде қосуымыздың өзі – біздің тәуелсіз мемлекетіміздің бар екенінің, тәуелсіз санамыздың бар екенінің айғағы.
Айта кетер жайт – тәуелсіз сана бір-екі жылда қалыптаса қоймайды. Қоғам дегеніміз барлық адамдардан құралады. Ал барлық адамдардың санасын бір мезетте өзгерте салу мүмкін емес. Сананың тәуелсіздігі – уақыттың ағымына қарай қалыптасатын дүние. Алайда Тәуелсіздік алған 19 жылдың ішінде уақыт ағымына сай сана тәуелсіздігін айқындай алатын дүниелерді жасай алдық деп ойлаймын.
Қоғамда кез келген келелі мәселелердің шешімін тауып, жүзеге асып жатқанынан-ақ санада тәуелсіздіктің қалыптасып келе жатқанын байқаймыз. Тіл, діл, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтардың дәріптелуі мен насихатталуынан да санадағы тәуелсіздіктің көрінісін аңғарамыз. «Кешесіз бүгін жоқ» дегендей, ұлтымыздың ұлт ретінде қалыптасуына ықпал еткен бабаларымыз, билеріміз бен хандарымыздың да есімдері мен істеген еңбектері еленіп, тарих беттерінен орын табуда. Кеңес заманынан қалған көшелер мен қалалардың аттары да жаңа тәуелсіз елдің ұстанымына сай біртіндеп өзгертілуде. Мектеп бағдарламасындағы оқулықтарға да бір кездері есімі еленбей қалған көптеген ардақтыларымыздың аттары еніп, оқушыларға оқытыла бастады. Мұның өзі – санадағы серпілістің әсері, ел Тәуелсіздігімен бірге санамызда да тәуелсіздіктің біртіндеп қалыптасып келе жатқанының айғағы. Сондықтан бүгінгі күні қоғамда тәуелсіз сана қалыптасты деп айтуға толықтай негіз бар. Алайда тәуелсіз сананың жеңісі мен жемісінің толықтай қоғам игілігіне айналуы біршама уақытты қажет етеді.
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:
Жоқ
– Тәуелсіздік алғанымызға қанша уақыт өтсе де, қоғамда тәуелсіз сана қалыптасқан жоқ. Оны күнделікті қоғамымызда барлық әрекеттерден байқауға болады. Мәселен, ана тілімізді алар болсақ, әлі күнге дейін ана тіліміздің қоғамдағы басымдылығы байқалмайды. Азаматтардың бойында да «тәуелсіз елдің тәуелсіз өз ана тілі болуы керек» дегеннен гөрі «қоғамда бәрібір орыс тілінің ықпалы басым болады-ау» деп әлі де болса немере, шөберелеріне шейін орыс мектебіне сүйрелеп жүргенін байқаймыз. Содан келіп, қоғамда да қазақ тілінің жағдайы тәуелсіз елдің тілінен гөрі өгей баланың күйін кешіп отыр. Бұған қарап тіліміз тәуелсіз дей аламыз ба?
Жалпы, еліміз Тәуелсіздік алса да, санамыздағы тәуелсіздіктің қалыптаспағанын қоғамдағы осындай барлық іс-әрекеттерден байқауға болады.
Тәуелсіздік алғанымызға 20 шақты жыл болса да әлі күнге кеңес заманын еске түсіретін қалалар мен көшелердің атауы көп-ақ. Ал оны өзгертуге не кедергі? Дәріптелмей жатқан бабаларымыз бен батырларымыздың атын шығарып, бір-бір көшенің атына беріп, ұрпақ санасына олардың кім екенін ұқтырар болсақ, ұлттық тарихымызды жаңғыртып, қалаларымызға жер-су аттарын қайтарар болсақ, бізге кім не дер еді?! Әйтсе де өз мүддеміз үшін ондай әрекетке бара алмай отырмыз. Ал мұндай қадамға баруға әлі күнге болса да санамыздың өзгермеуі, санамыздың тәуелсіздікке жете алмауы кедергі болып отыр. Яғни бізде сана тәуелсіздігі әлі күнге қалыптасқан жоқ. Ал оны қалыптастыруға Кеңес Одағы кезінде дүниеге келген, сол кезден бастап қызмет еткен азаматтар санының қоғамда басым болуы себеп болып отыр.
Сондықтан 90-жылдардан бастап өмірге келген ұрпақтар санының көбеюімен ғана қоғамда тәуелсіз сананың қалыптасуы басталады деп ойлаймын. Кеңес заманында өмірге келген ұрпақ бүгінгі тәуелсіз еліміздің жүйесіне толық үйренісе алмай отыр. Ал Тәуелсіздік алғаннан бастап өмірге келген ұрпағымыз бұрынғы кеңес заманын көрмегеннен кейін, тәуелсіз елдің қалыптасуына да, тәуелсіз сананың орнығуына да тез үйреніседі деп үміттенемін. Өйткені олар көзін ашқаннан бері тәуелсіз елі бар екенін көріп өсіп келеді. Сондықтан бар үмітті бүгінгі 20 жастағы жастардың тезірек қоғамға етене араласуынан күтіп отырмыз.
Бейтарап пікір
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург:
– Тәуелсіз сана мәселесі – қиын үдеріс. Мен еліміз Тәуелсіздік алған сәттен бастап, сана тәуелсіздігі де қалыптаса бастайды деп ойлайтынмын. Алайда ғасырлар бойы жалтақтап қалған сана атадан балаға өтеді екен. Десек те, қоғамда санамыздың тәуелсіздігін айқындайтын іс-әрекеттер жоқ емес. Өкінішке қарай, мұндай үдерістер өте баяу жүріп жатыр. Қоғамдағы талай нәрсеге сын айтылуда. Көңіл толмаушылық басым. Әйтсе де мұның бәрі ұлттың ұлт ретінде қалыптасуына әсер етеді деп ойлаймын. Бұрын «Мәскеу асырайды» деп, сонда қарап аузымызды ашып отыра бергенбіз. Сол әдет халқымыздың бойында әлі де бар. Бүгінде экономикамыз бен отандық өндірісіміз енді-енді дамып келеді. Ұлтарақтан бастап, космосқа шейін өзіміз жасай бастаған кезден бастап қана сана толық қалыптасты деп баға беруге болады. Сондықтан алдағы уақытта санамыздағы тәуелсіздік ісімізбен қабысып, еліміздің талай жетістіктерге жетуіне мұрындық болады деп ойлаймын.