Қазақшалағанда «жұмыс және саяхат» дегенді білдіретін АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен құрылған бағдарлама аясында елімізден жыл сайын жүздеген студент мұхит асады. Олардың жат елде саяхаттап қана қоймай, ақша да табуына жағдай жасалған. Студенттердің бағдарлама аясында мақсаттарын жүзеге асыруға елімізде 30 шақты жекеменшік агенттік қызмет көрсетеді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары аталмыш бағдарлама шеңберінде мұхит асқан студенттерге қатысты төтенше оқиғалар жиі тіркелуде. Бірде елімізден шетелге барған студенттер ешкімнің бақылауынсыз қаңғып қалса, енді бірде елімізден барған азаматтарға қарсы жат елде қылмыстық іс қозғалып, тіпті олардың белгісіз күйде қаза табатын жағдайлары да жиі кездесуде. Жыл сайын үш-төрт студент сол жақта қалып та қояды екен. Айта кетерлік жайт, жекеменшік агенттіктер студенттердің құжатын рәсімдеп, қызметіне сай ақысын алумен ғана шектеліп, студенттер төтенше жағдайға ұшырай қалған жағдайда жауапкершілігі мемлекет мойнына жүктеледі. Сондықтан «аталмыш бағдарламаны мемлекет өз қарауына алуы керек пе?» деген сауалды мамандарға қойып көрген едік. Әйтсе де қоғамымызда бұл пікірге қарсылық танытушылар да бар екен.
Құсайын РЫСАЛДЫ, Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымының докторы:
иә
– Өз басым студенттерді шетелге жіберумен айналысатын Work and Travel бағдарламасын мемлекет өз бақылауына алуы керек деп санаймын. Бағдарлама, сөз жоқ, жақсы бағдарлама. Бірақ соңғы кездері осы бағдарлама аясында шетелге кеткен жастар арасында төтенше жағдайлар жиілеп кетті. Оларды шетелге жіберуді ұйымдастыратын агенттіктер жекеменшік фирма болған соң, студенттердің ол жақтағы жағдайына жауап бермейді. Соның салдарынан өзге елге барған студенттердің жат жерде бақылаусыз қалуы, тіпті қаза табуы, қылмыстық іс қозғалуы секілді төтенше жағдайлардың көбеюі көпшіліктің бағдарламаға деген сенімін азайтты.
Тіпті биылғы жылы осы бағдарлама аясында қызмет көрсетуді мойнына алған бір агенттіктің студенттердің ақшасын қалтаға басып, із-түзсіз кетуі бағдарламаны ұйымдастырушыларға қатысты күдікті ұлғайтты.
Мәселен, осыдан үш жыл бұрын АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасы бойынша аттанып, АҚШ-тың Техас штатында өз-өзіне қол салған ақтөбелік Мақсат Айтбаев деген жігіттің мәйіті әлі күнге елге жеткізілген жоқ. Көп жағдайда агенттіктер студенттердің құжатын рәсімдеп, қаржысын қалталарына басқанымен, олардың сол елдегі қауіпсіздігін мойындарына алмайды. Студенттер төтенше жағдайға ұшырай қалса, барлық жауапкершілігі мемлекет мойнына жүктеледі. Ата-аналар да жауапкершілікті мемлекеттен талап етеді. Яғни студенттердің қаржысын алып, пайда көретін агенттіктер, ал жауапкершілігін көтеретін мемлекет. Демек, бағдарламаны да мемлекет толығымен өз бақылауына алуы керек.
Айта кетерлік жайт, біздің университетімізде студенттердің аталмыш бағдарламаға қатысуына тыйым салынған. Негізі, шетел асқан әрбір жастың тағдыры мемлекеттің бақылауында болуы керек. Себебі мамандардың айтуынша, жыл сайын осы бағдарлама арқылы шетелге барған студенттің бірнешеуі шетелде қалып кетеді екен. Жастарымызды шетелде қалдырып, кейбірінің белгісіз күйде қаза табуына жол бере бермеуіміз керек. Сондықтан бұл бағдарламаға мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарап, мемлекет толығымен өз мойнына алуы тиіс.
Азат ҚОНЫСБЕК, кәсіпкер:
жоқ
Мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Бұл – жеке агенттіктердің ұйымдастырып отырған кәсібі. Бірлі-жарым оқиғаға бола жекеменшік агенттіктердің кәсібін алып, мемлекеттің бақылауына беру бұл мәселені түбегейлі шеше алмайды. Елімізде туристік компаниялар да осы әдіспен жұмыс жасайды. Туристік агенттіктерге алданып жатқандар аз емес. Туристік сапармен барып, шетелде төтенше жағдайға кезігу фактілері де бар. Сонда енді туристік агенттіктерді де мемлекеттік етуіміз керек пе? Бүгін аталмыш бағдарламаны мемлекет бақылауына берсек, ертең туризмді ұйымдастырушы туристік компаниялардың да қызметін мемлекет мойнына алсын деген пікірлер қалыптасуы мүмкін.
Сондықтан Work and Travel бағдарламасын ұйымдастыратын агенттіктердің жұмысын мемлекеттің қарауына алғанша, олардың жауапкершілігін күшейтуіміз керек. Ал толығымен мемлекет қарамағына беру дұрыс емес.
Қайткен күнде әрбір азаматтың қауіпсіздігіне мемлекет жауап беруі тиіс. Сондықтан мемлекет агенттіктер жұмысын қадағалау арқылы студенттердің қауіпсіздігін бақылап отыруы қажет. Оның үстіне азаматтарымыз төтенше жағдайға ұшырай қалғанда бәрібір мемлекет араласады. Өйткені Сыртқы істер министрлігінің араласуынсыз жеке компаниялар ондай мәселені шеше алмайды. Агенттіктердің мұндай құзыреті жоқ. Демек, мемлекет шетелдегі азаматтарымыздың жауапкершілігін мойнына алуға міндетті. Негізі, бұл бағдарламадан шошудың қажеті жоқ. Жастар әрі жұмыс істеп, ақша тауып, шетел аралап келеді. Екінші жағынан, жергілікті халықпен тілдесу арқылы өзінің тілдік қабілетін де шыңдайды. Сондықтан бағдарламаның тиімді тұсын пайдаланып, мемлекеттік тұрғыдан осы бағдарламаны ұйымдастырушыларға деген жауапкершілікті күшейтсек болғаны. Қанша айтқанмен, басқа елдің заңы – басқа. Заңды білмеу салдарынан жастарымыз аяқастынан қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Осы жағдайлардың бәрінің алдын алып, агенттіктер алдын ала шетелге баратын студенттерді дайындауы керек. Сонда төтенше жағдайлар да азаяр еді. Негізінде, бағдарламаның ұйымдастырылуы барысында осындай олқылықтардың орнын толтырсақ болғаны.
Бейтарап пікір
Айдар ҚЫРЫҚБАЙ, Алматы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз хатшысы:
– Ең алдымен, біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін бірінші орынға қоюымыз керек. Кез келген жас жастық шағында ел көріп, қыдырғысы, тілдік білімін шыңдағысы келеді. Демек, бұл бағдарлама жастарымызға керек. Сондықтан жекеменшік агенттіктер мен мемлекетіміз бірлесе отырып осы бағдарлама аясындағы түйткілді шешуге тырысқаны жөн. Мейлі агенттіктер студенттердің өтінішін қабылдап, шетелге аттандырсын, бірақ әрбір жастың шетелдегі қауіпсіздігі Сыртқы істер министрлігі тарапынан бақылауға алынсын. Осылай біріге отырып екіжақты бақылау жүргізсе, студенттеріміздің қауіпсіздігі толығымен сақталар еді.