Қоғамдағы қордаланған мәселелерді әртүрлі азаматтардың пікірімен саралайтын «Ой-көкпар» айдары бүгінде СТВ арнасымен бірге телевизиялық жобаға айналып, бағдарламаның жазбаша нұсқасы апта сайын «Алаш айнасы» газетінде жариялануда. Бағдарламаның кезекті көрсетілімі «Шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды Қазақстан азаматтығынан айыру керек пе?» деген тақырыпқа арналып отыр. Премьер-министрдің жеке блогіне дейін көтерілген бұл мәселе біздің де бағдарламамызға арқау болды. Өйткені елімізде 2010 жылы қиылған 144 мың некенің 8300-і аралас неке болған. Ал аралас некенің ішінде шетелдік күйеу балалар санының айтарлықтай өсе түскені байқалады. Осы орайда қоғамымызда «азаматтығымызды иеленудің оңай жолы күйеу бала атану деп ұққан шетелдік азаматтардың ниеті мүлдем басқа» деген пікір де бар. Ендеше, шетелдікке тұрмысқа шыққан қыздарды еліміздің азаматтығынан айыру керек пе? Тақырыпты мамандар талқысына салып көрген едік.
Кәрібай Тасшабанов, заңгер:
иә
– Иә, шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды Қазақстан азаматтығынан айыру керек. Бұл қай жағынан болсын тиімді шешім болмақ. Өзге елдің азаматтары түрлі жолдармен елімізге келіп, азаматтық иеленуге ұмтылуда. Әсіресе олар қазақстандық бойжеткендермен некеге тұру азаматтық алудың ең оңай әдісі екенін білгендіктен, күйеу бала болуға ұмтылуда. Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша мыңдаған шетелдік азамат осындай жолмен азаматтығымызды иеленіп отыр. Сондықтан шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақстандық бойжеткендерді азаматтығынан айыру керек. Сонда күйеу балалық жолмен еліміздің азаматтығын иеленгісі келген шетелдіктердің де жымысқы әрекетіне тосқауыл қоямыз.
Бұл мәселенің Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің жеке блогына дейін көтеріліп, талқыға түсуі тақырыптың маңыздылығынан болса керек. Сондықтан қыздарымыздың бойындағы патриоттықты күшейте отырып, шетелдіктерге тұрмысқа шығудан сақтандыру керек. Бұл – әрбір қазақ отбасынан, мектептен бастау алатын тәрбие. 2011 жылы 26 желтоқсанда «Неке және отбасы туралы» Заң қайта қабылданды. Онда азаматшаларымыздың шетелдіктерге тұрмысқа шыққан жағдайдағы құқықтары толық көрсетілген. Дегенмен қыздарымыз шетелдіктерге тұрмысқа шығып, ел аумағынан кеткен жағдайда немесе шетелдік күйеу балалар қыздарымыз арқылы азаматтығымызды иеленген жағдайда олардың мәселелеріне жеке-жеке тоқтала отырып, талқыға салу аса қажет секілді.
Расул Жұмалы, саясаттанушы
жоқ
– Шетелдікке тұрмысқа шыққан қыздарды Қазақстан азаматтығынан айырудың қажеті жоқ. Мұның көптеген дәйектемесі бар. Мен 15 жылдай Сыртқы істер министрлігінде қызмет істедім. Соның ішінде жеті-сегіз жылдай Араб Әмірлігінде консулдық істермен айналыстым. Сол кезеңдерде жиі ұшырасқан мәселелердің бірі – қазақтың қыз-келіншектерінің сол елдегі жағдайы. Олар жастықпен шетелдікке тұрмысқа шығып, артынан опық жеп жатады. Шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыз-келіншектеріміздің ондай қиын кезде жалғыз көмек сұрайтын жері – Қазақстанның елшіліктері. Егер азаматтығы болмаса, олар мұндай жағдайда кімнен пана сұрай алады?
Сондықтан шетелден бағын іздеген азаматшаларымызды азаматтығынан айыру адами тұрғыдан да, заңды тұрғыдан да дұрыс емес деп ойлаймын. Екіншіден, мемлекет өзінің әрбір азаматына ерекше көңіл бөлуі керек. Мейлі, ол шетелге тұрмысқа шықса да, оқуға барса да, бәрібір мемлекет әрбір азаматының тағдырын бақылауда ұстауы тиіс. Себебі мемлекеттің басты байлығы – адам. Үшіншіден, халқымыздың саны онсыз да өте аз. Елімізде демография мәселесі бар. Осы орайда онсыз да аз халқымызды азаматтығынан айырып, бөле-жарудың қажеті жоқ секілді. Сондықтан қандай жағдай болсын, азаматтықтан айыру дегенді мүлдем қолдамаймын.
«Алаш айнасы» газеті мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы
«Алаш айнасы» – «Ой-көкпар» бағдарламасының жазбаша нұсқасы.
Жүргізуші: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.
Бағдарлама ұзақтығы: 27 минут.
Эфирдегі уақыты: жұма күні сағат 22:30.
Хабар қонақтары:
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы.
тартыс бөлімі
Жүргізуші:
– Қонақтарымыздың пікірі айқындалды. Енді бағдарламамыздың «Тартыс» бөліміне өтіп, ойымызды тарқатып айтсақ. Расул мырза, басқа елдердің тәжірибесіне қарасақ, қыздарының шетелдіктерге шығуына не түбегейлі тыйым салады, не шетелдік күйеу балаға айыппұл салады екен. Бізге де осындай қадамдар қажет емес пе?
Расул Жұмалы:
– Бұл жерде мәселенің екі жағы бар. Ата Заңымыз бойынша, азаматтарымыздың қалаған жерде тұруға, тұрмысқа шығуына, шетелге баруына немесе басқа елде жұмыс істеуіне еш тыйым салынбаған. Бұған, шын мәнінде, ешкім де тосқауыл қоя алмайды. Тосқауыл қойып, азаматтығынан айыруға ешкімнің де қақысы жоқ. Екіншіден, қыз-келіншектеріміз шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатса, жетіскеннен шығып жатқан жоқ. Бұл – қазіргі заманның ақиқаты. Елімізден өздеріне сыңар таппаса, амалының жоқтығынан шекара асып, өз жартысын тауып жатса, біз оларға үкім кесіп, азаматтығынан айырудан бұрын түсіністікпен қарауға тырысуымыз қажет. Мейлі, жастықпен шалыс басып, шетелдікке тұрмысқа шыққан күннің өзінде мемлекет одан сырт айналмай, қолдау білдіруі қажет. Мәселенің екінші жағын қарар болсақ, шетелдік күйеу баланың айыппұл ретінде мемлекетке қаржы құюын қолдаймын. Мәселен, түрікмендерде шетелдік күйеу бала қыздарын алғаны үшін ел қазынасына қаржы құяды. Өйткені мемлекет ол қызды оқытты, білім берді, өсірді. Ендеше, қазақ қызын аларда шетелдік күйеу бала да осыны ойлауы керек. Мен мұны қолдаймын. Егер некенің шынымен күйеу баланың азаматтық алуы үшін құрылып жатқаны байқалса, заңды тұрғыдан оған жол бермеуіміз керек. Ал, жалпы, шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздардың бәрін бірдей азаматтықтан айыру дұрыс емес.
Жүргізуші:
– Кәрібай мырза, егер шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды азаматтықтан айырмасақ, азаматтық саудаға түскен жалған некелерге қалай тосқауыл қоюға болады?
Кәрібай Тасшабаев:
– Егер біз әр нәрсені сылтауратып, қыздарымыз арқылы азаматтығымызды таратып отыра берер болсақ, ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіреміз. Осы тұрғыдан келгенде, азаматтықтан айыру шетелдікке тұрмысқа шыққысы келетін қыздарымызға ой салатындай жазаның үлкені болар еді. Біз дәл қазіргі таңда қызымызды шетелдікке тұрмысқа бергенімізбен қоймай, азаматтығымызды да сыйлап отырмыз. Мұншалықты жалпақшешей болудың қажеті қанша?!
Жүргізуші:
– Жазаның үлкені деп жатырсыз ғой, бәлкім, шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды еліміздің азаматтығынан айыруды уақытша эксперимент ретінде енгізу керек шығар? Өйткені көршіміз Қытайда «бір үйге – бір бала» саясаты жүріп жатыр. Артында ұрпақ қалдырғысы келетін қытайлықтар мейлінше өмірге ұл бала әкелуге тырысуда. Ал бізде керісінше, қыз-келіншектердің саны көп. Сондықтан жеріміздің кеңдігіне қызығып, азаматтық алу үшін жалған неке құрып жатқан қытайлықтарға уақытша эксперимент ретінде енгізуге бола ма?
Расул Жұмалы:
– Рас, бұл жерде үлкен бір саясат жатыр. Сондықтан біз жалған некелерден абай болуымыз керек. Әсіресе қытайлық күйеу балалардың азаматтық иеленбеуін, үйленген соң елімізде тұрмауын қадағалауымыз қажет. Дегенмен өз қызымызды азаматтығынан айыруға біздің қақымыз жоқ. Тіпті оны эксперимент ретінде де енгізбеуіміз керек. Бұл – Ата Заңымызда кепілденген әрқайсымыздың азаматтық құқымыз. Егер еліміздің азаматы өз еркімен азаматтығынан бас тартып жатса, ештеңе емес. Ал мемлекеттің азаматтықтан айыруға құқы жоқ.
Жүргізуші:
– Өткен жылы шетелге оқуға кеткен қыздарымыздың бірі шетелдік күйеу баланың қолынан қаза тауып, тіпті артында қалған баласын елге қайтарудың өзі үлкен қиындық тудырды. Мұндай қиын жағдайда қалатын қыздарымыз жетерлік. Ендеше, кез келген сәтте өз елінің қолдауына зәру болып қалуы мүмкін қыздарымызды азаматтықтан айыру тым қатал шешім емес пе?
Кәрібай Тасшабаев:
– Біз шетелдіктермен неке қидырушылардың жауапкершілігін күшейтуіміз керек. Әйтпесе дәл қазіргі таңда мәселе ушығып барады. Жыл сайын осы қарқынмен шетелдіктермен некеге отырушылардың саны арта беретін болса, қаншама қызымыздан тірідей айырылып, қаншама шетелдікке азаматтығымызды үлестіріп отырғанымызды бағамдай беруге болады. Қай жағынан болсын, қызды да беріп, азаматтықты қоса сыйлап, біз ұтылып отырмыз. Біз ғана емес, қазіргі таңда көптеген ел аралас некеге қатысты тыйымдар енгізуде. Олар осылайша қыздарын шетелдіктерден сақтандыруда. Шыны керек, елімізде қыздардың саны көбірек десек те, сүр бойдақ жігіттердің саны да жетерлік. Ендеше, шетелдіктерге қазақ қызына қоса, Қазақстан азаматтығын да жөнсіз сыйлай беруді тоқтату қажет.
Жүргізуші:
– Америкада көші-қонға жауапты орган аралас некелерді зерттеп, егер оның жалған неке екенін анықтаса, ажыратып жібереді екен. Бәлкім, бізге де осындай бақылаушы органның жұмысы қажет шығар?
Расул Жұмалы:
– Біз әрқашан өз азаматтарымыздың заңды құқықтарын жоғары қоюға тиіспіз. Ал шетелдік азамат еліміздің азаматтығына қол жеткізу үшін жалған некеге ұмтылды екен деп өз азаматшаларымызды азаматтығынан айыру мүлдем дұрыс емес. Өз басым шетелдіктердің қыздарымыз арқылы еліміздің азаматтығына ұмтылуы жалпылама сипат алып бара жатыр деп те айта алмаймын. Ал бірен-саран мысал үшін жалпыға ортақ тыйым салу дұрыс емес. Ертеңгі күні олар ажырасып кетіп жатса да, бұл әрекет қызымызды сыртқа теуіп, отқа тастағанымызбен бірдей болады.
сайыс бөлімі
Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың үшінші бөлімі «Сайыс» деп аталады. Осы тақырып бойынша студия қонақтары өзара сұрақ-жауап алмасады. Ендеше, Расул мырза, қарсыласыңызға көкейіңізге ұялаған сұрағыңызды қойсаңыз...
Расул Жұмалы:
– Мен, қалай болғанда да, бұл ұсынысқа түбегейлі қарсы шығып отырмын. Ал сіз шетелдікке тұрмысқа шыққан қыздарымызды азаматтығынан айыруды қолдап отырсыз. Осы орайда, мәселен, өз қызыңыз шетелдікке тұрмысқа шығатын болса, азаматтығынан айыруға келісер ме едіңіз?
Кәрібай Тасшабаев:
– Жоқ, келіспеймін. Бірақ, айта кетер жайт, мен мұндай жағдайдың алдын алуға тырысар едім. Осылайша, қызымның шетелдіктің етегінен ұстауына жол бермес едім. Өйткені бұл мәселе отбасы, ошақ қасында алған тәрбиеге тікелей байланысты. Тәрбиесі мықты қазақ қызы мұндай жағдайдың орын алуына жол бермейді. Ал қарсыласыма қояр сұрағым: өзіңіз біраз жыл бойы елшілікте жұмыс істедіңіз. Сонда шетел азаматына тұрмысқа шығып алып, артынан елге қайтқысы келіп елшіліктен көмек сұрап келетін қыз-келіншектер көп болды ма?
Расул Жұмалы:
– Рас, ондай азаматшалар болды. Оларға қолымыздан келгенше көмек жасадық. Әсіресе балаларын шетелдік әкесінен тартып алу кезінде құжат жағынан көптеген қиындыққа кездестік. Бірақ жастықпен аяғын шалыс басқан қыздарымыз көбінесе кейін қателігін түсініп, елге қайтуға асығады. Міне, шетелдікке тұрмысқа шыққан соң осындай қиын жағдайда қалатын қыздарымызды азаматтығынан айыру мүлдем дұрыс емес. Азаматтығы болмаса, олар еліне кері қайту кезінде көптеген қиындыққа кездеседі. Біз осыны ойлауымыз керек. Олардың тағдырына біздің мемлекетіміз алаңдамаса, олар мүлдем қорғансыз қалады.
ойтүйін
Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың соңғы бөлімі «Ойтүйін» деп аталады. Бағдарламада көтерілген тақырыптан не түйдіңіздер, қандай ұсыныстарыңыз бар?
Кәрібай Тасшабаев:
– Ойды ой қозғайды. Елімізде адам құқы жөніндегі арнайы бюро бар. Алдағы уақытта шетелдіктердің жалған неке туралы арам пиғылдарын жүзеге асырмауына осындай органдар ықпал етсе, дұрыс болар еді.
Расул Жұмалы:
– 2004 жылы Израиль елі Ливанға ашық соғыс жариялады. Бұл соғыстың бірден-бір себебі ливандық ұйымның Израиль армиясының бір жауынгерін тұтқынға алуы еді. Нәтижесінде Израиль бір адамы үшін Ливанға соғыс ашты. Мемлекет үшін бір адамынан асқан байлық, құндылық болмауы тиіс. Өзін өркениетті санайтын, намысы бар мемлекет әрбір азаматының құқы үшін қолдан келгенін аямауы керек. Азаматтарға шет мемлекетте жүргенде де көмектесетін ең алдымен өз мемлекеті болуы керек. Осы орайда мен еліміздің бір азаматы үшін соғыс жағдайына дейін баратындай мемлекет болғанын қалаймын.
Жүргізуші:
– Бүгінгі бағдарламамыз да өз мәресіне жетті. Қоғамдық мәселелерді көтеріп, оларды халық арасында ашық талқылау, сол арқылы қоғамдық пікір қалыптастыру – біздің міндет, ал шешім қабылдау – ресми органдардың еншісінде.