Балалар үйіндегі балдырғандардың шекара асып кетуі, шетелдік ата-ананың қамқорлығына өтуі – елімізде көптен бері дау тудырып келе жатқан мәселе. Басқа елдер шетелдіктердің бала асырап алуына тыйым салу туралы заң жобасын үлкен мінберлерде талқылап, өз азаматтары бала асырып алған жағдайда салықтық жеңілдіктер қарастырып, асырап алу құжаттарын да жеңілдетіп, тіпті мемлекет тарапынан балаға төленетін жәрдемақы мөлшерін де ұлғайту туралы ұсыныстар айтып жатса, біздің елімізде әзірге шетелдік ата-аналарға қатысты тыйым жоқ. Шетелдіктер мен бала асырап алғысы келетін өз ата-аналарымызға қарастырылар мүмкіндіктер мен құқықтар да бірдей, ата-аналарымызды ынталандыратын ешқандай артықшылық та берілмеген. Әйтсе де осы мәселеге қатысты көрші елдерде жасалып жатқан өзгерістерді қолдап, «бізге де шетелдіктердің елімізден бала асырап алуына тыйым салу керек» дейтін мамандар жетерлік. Мәселенің екінші жағына сақтықпен қарап, қарсы дау айтушылар да табылуда.
Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ, ҚР мәдениет қайраткері, «Айгөлек» балалар журналының бас редакторы:
иә
– Міндетті түрде шетелдіктердің елімізден бала асырап алуына тыйым салуымыз керек. Біздің ата-бабамыз ешқашан да жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған. Ел ретінде жетімдерімізді қамқорлығымызға алып, қанатымыздың астына саялата алмасақ, елдігіміз қайсы?! Қазір егемен елміз, жеріміз де, жерасты байлығымыз да жетеді. Әлем танып келе жатыр деп бөркімізді аспанға атып қуанудамыз. Ендеше, осындай бір істерде де бүкіл әлемге үлгі болып, жетімдерімізге қамқорлық жасау жағынан барлық ел тамсанатындай істер жасай білсек қой, шіркін! Әншейінде адам құқын қорғауға келгенде алдымызға жан салмаймыз, халықаралық дәрежеде құқық сақтау құндылықтарын өз тәжірибемізге енгізудеміз.
Ендеше, неге жетімдерімізді қорғамаймыз, есін білмейтін баланы бөтеннің етегінен жетектетіп жібергенше, құқын қорғап, ержеткенше неге бағып-қақпаймыз?! Әр жеміс өз топырағында өсуі керек. Қаңғытып жетімін жылату – сүйегімізге таңба, біз ең алдымен осыны түсінуіміз керек.
Өзім балалар үйіне жиі барып тұрамын. Сонда көзімнің жеткені – балалар үйінде жетімнен гөрі тірі жетімдер көп. Балалар үйінде тумай жатып тағдырдың тәлкегіне түскен, ата-анасы ішіп кеткен, ата-ана болу құқынан айырылған жандардың балалары өте көп. Тасмаңдай болып, тағдыры аямаған балаға мемлекеттің де жанының ашымауы дұрыс емес. Егер өзіміз өсіріп, өзіміз тәрбиелесек, олар ертеңгі күні елінің қамқорлығын көргендіктен елін сүйер ұрпақ болып, өсіп жетілер еді. Мен балалар үйіне қай уақытта барсам да, көзімнің жасын көрсетпейін десем де, сол балаларды құшақтап тұрып еріксіз жылаймын. Ал шетелдіктер күліп тұрып асырап алады. Күліп тұрған шетелдік ертеңгі күні тағдыры жылап тұрған балаға жанашырлық таныта ала ма?! Ата-ананың қамқорлығын көрсін десек, шетелдіктерге бермей, өз елімізде балаларды асырап алғысы келетін ата-аналарға түрлі ынталандыру шараларын жасауымыз керек. Өсімсіз несие берейік, салықтық жеңілдіктер жасайық, асырап алу құжаттарын жеңілдетейік, жәрдемақы мөлшерін көбейтіп төлейік. Айта берсек, ата-аналарды ынталандырудың жолдары өте көп. Қит етсе мемлекеттің ақшасын шашып, шетелден әнші шақыртқысы келіп тұратын шенеуніктер осыны түсінсе екен.
Қазір елімізді әлемге танытамыз деп жанығып жатырмыз. Жетіміне қамқорлық жасай алмайтын, жетімін қаңғыртқан ел туралы кім-кімнің де жақсы нәрсе ойламасы белгілі. Ертеңгі күні сол азаматтар өсіп жетілсе, небір жақсы мамандар мен таланттылар шығуы мүмкін. Бұл – ел демографиясына да қосылған үлес. Сондықтан қай жағынан алғанда да, шетелдіктердің бала асырап алуына тыйым салып, өз жетімімізді өзіміз асырауымыз қажет.
Бақыт ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрайымының орынбасары:
жоқ
– Менің ойымша, шетелдіктердің елімізден бала асырап алуына тыйым салудың қажеті жоқ. Дәл қазір біз ол тыйымды жасай да алмаймыз. Өйткені 2010 жылдың наурыз айында Гаага конвенциясына қол қойдық. Мемлекет аталмыш конвенцияға қол қоя отырып, өзіне міндет алды. Енді сол міндетімізді орындауымыз керек. Яғни шетелдіктердің бала асырап алуына тыйым сала алмаймыз. Керісінше, бала асырап алуына рұқсатымызды бере отырып, баланың құқықтарын қамтамасыз етуіміз керек. 2011-2012 жылдары еліміздегі бірқатар заң жобаларына өзгерістер енгізіліп, Гаага конвенциясына сәйкестендірілгенге дейін елімізде шетелдіктердің бала асырап алуына қатысты ешқандай да процестер жүрген жоқ. Енді аталмыш заң жобалары толығымен күшіне енгеннен кейін шетелдіктердің бала асырап алуына қатысты жұмыстар жанданады.
Айта кетер жайт, соңғы кездері еліміздегі балалар үйіндегі балалардың саны жыл өткен сайын азайып келеді. Өткен жылы 14 жетім балалар үйі қысқартылды. Сондай-ақ балалар үйіндегі балалардың саны бұрынғыдан екі мыңға төмендеді. Әрине, бұдан кейін алдағы уақытта шетелдік ата-аналардың асырауына балалар топ-тобымен кете береді деген түсінік тумауы тиіс. Өйткені қазақстандық ата-аналардың ішінде де бала асырап алуға ынталылар көбейіп келеді. Әйтсе де олар көбінесе өздеріне түр жағынан ұқсайтын, дені сау, 1 жасқа толмаған сәбилерді алғысы келеді. Ал шетелдіктердің 85 пайызы денсаулығында кінәраты бар, ауру балаларды асырап алуға ниет танытады. Сондай-ақ олар үшін сәби болуы міндетті емес. 5-6 немесе 12 жастағы есін біліп қалған балаларды да асырап ала береді. Ал балалар үйіндегі балалардың көбісі – ересек, есін біліп қалған балалар. Рас, қазір оларға мемлекет керегінше жағдай жасап отыр. Бірақ өз басым қандай бала болмасын ата-ананың жылуын, жанұя бақытын сезінуі тиіс деп санаймын. Сондықтан шетелдіктердің бала асырап алуына қарсы емеспін. Ауру баланы емдеп, ата-ананың аялы алақанын сездіре алса, балаға бақыт сыйлаймын деп отырғандарға неге біз қарсылық танытуымыз керек?!
Рас, қазір бала асырап алғысы келетін ата-аналарға баланың жәрдемақысын көбірек төлеп, ынталандыру туралы ұсыныстар айтылуда. Алайда жәрдемақыға бола баланы асырап алып, балаға қамқорлық жасамайтын ата-аналар да кездесуі мүмкін. Сондықтан мұндай мәселеде бәріне сақтықпен қарау керек. Ата-аналарды ақшамен қызықтырмай, баланы өз қалауымен асырап алса дұрыс болар еді.
Бейтарап пікір
Ерболат МҰСАБЕКОВ, ҚР Статистика агенттігінің Әлеуметтік және демографиялық статистика департаменті директорының орынбасары:
– Меніңше, бұл жерде барлығы ата-ананың адами мінез-құлқына байланысты. Мәселен, өз ата-анасынан теперіш көріп, көше қаңғып кетіп жатқан балалар да бар. Немесе баланы жәрдемақы алу үшін дүниеге әкелетін ата-аналар да кездеседі. Сол секілді шетелдіктердің асырауына тыйым салып тастасақ, бала қамқорлықсыз қалады. Шетелдік ата-ананың ішінде де ата-анаға лайық қамқорлық жасайтындар да, жаттық танытатындар да болуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде шетелдік мейлі, қазақстандық ата-ана болсын, баланы қамқорлығына ала алатынын жан жақты тексеріп барып, рұқсат беруіміз керек. Бала үшін шетелдік, мейлі қазақстандық болсын ол – ата-ана! Сондықтан бала мүддесі тұрғысынан қарап ата-ананы алаламай, балаға мейірімін төге алатындардың ғана бала асырауына рұқсат беруіміз керек.