Семейде еркін экономикалық аймақ құру полигон зардаптарымен күрес мәселесін шеше ала ма?

Жасыратыны жоқ, біздің елде экологиялық зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Рас, бағдарламалар жасалып, қаржы бөлінеді. Алайда одан не пайда, еш нәтижесін көре алмасақ? Алғашқы кезде жауаптылар іске құлшына кіріскен кейіп танытып, кейін кежегелері кері тартады. Шынын айту керек, болары болғанда, істің іргесін сөгіткеннің ізін таппай да қаласың. Осының барлығы, бәлкім, жүйесіздіктің салдарынан болар? Осы тұрғыда қазір мамандар арасында «әлеуметтік, болмаса экологиялық зардап шеккен аймақтарда экономикалық аймақ құру» туралы әңгіме жүр. Осыған байланысты «қайғы-қасіреті тарихта жазылып, мұң-мұқтаждан мұқалып біткен Семейді бірінші кезекке қойып, осы өңірде экономикалық аймақ құрса қайтеді» деген сауал туындап отыр. Ал бұл сауалымызға төмендегі азаматтар былай дейді.

Азат ҚОНЫСБЕК, кәсіпкер:

Иә
– Әлбетте. Мен сіздерге «экономикалық аймақ құру арқылы полигон зардаптарымен күрес мәселесін шеше аламыз ба» деп емес, керісінше «полигон зардаптарын жоюды экономикалық аймақ құрудан бастау керек» деп өзгертуді ұсынған болар едім. Өйткені ең басты мақсат – полигон зардаптарын жою. Ал экономикалық аймақ құру – полигон зардаптарын жоюдың бір жолы ғана.
Мен өзім сол бұрынғы Семей облысында туып-өскенмін. Жұт әкелген полигонның не екенін жақсы білемін. Зардабын талай шеккенмін де. Сондықтан да полигон зардаптарын жою мәселесіне бейжай қарай алмаймын. Менің жаныма қатты бататыны – бұл проблема әлі де бәз-баяғы қалпында. Айтуын айтамыз, іске келгенде іркіліп қаламыз.
Экономикалық аймақ құру керек, әрине. Алайда оның екі жағы бар.

Ең алдымен, соның аражігін ажыратып алайық. Қандай бағытта және қандай жағдайда? Жалпы, Қазақстанда қабылданған және қазір қолданыстағы заңнаманың негізінде ме, әлде жаңа бір заңнама аясында ма?
Экономикалық аймақ құрылса, сол өңірдегі кәсіпкерлерге жеңілдіктер берілген болар еді деп ойлаймын. Осы тұста айта кетейін, полигон зардабынан жапа шеккендерге, өзгелерге қарағанда, көбірек жеңілдіктер көрсетілсе, жаман болмас еді. Сонымен қатар ауылдағы ағайынға да айрықша жағдай жасамаса болмайды. Былайша айтқанда, ауылды жерлерде тұратын кәсіпкерлерді барлық міндеттемелерден босату керек шығар. Бұл ретте мен дифференциалды әдісті меңзеп отырмын. Сонда кәсіпкерлік барлық аймақтар бойынша кең дамиды. Егер жеңілдік бәріне бірдей көрсетілсе, барлығы бір жерге, яғни орталықтарға тығындалып қалады.
Тақырыптан ауытқып кетті деп ойламаңыздар, егер белгілі бір мәртебесі бар аймақ құрылса, ол да полигон зардабын жоюға ықпал етпей қоймайды. Мәселен, ауыл шарушылығы еңсе көтерген болар еді. Ауыл шарушылығы дамыса, жұмыс орындары көбейіп, халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы жақсарады деген сөз. Ауылдарды қалпына келтіру арқылы Семей өңірін өркендетуге жол ашамыз.
 «Аталған аймақтың полигон зардабын жоюдағы ықпалы қандай?» деген сауал туындайды. Былай деп жауап берген болар едім: Аймақ құру науқанында ашылған кәсіпорындар бірқатар жеңілдіктерге ие болмақ. Ал сол кәсіпкерлер – Семей өңірінің тұрғындары. Осылай да олар біраз мәселесін шешіп алады. Екіншіден, бос жүрген халық жұмыспен қамтамсыз етіледі. Ал ауылда қолынан іс келетін жастар қаншама?!
Реті келіп отырғанда айта кетейін, егер экономикалық аймақ құрылса, әлбетте қыруар қаржы бөлінеді. Сондықтан сол қаржының талан-таражға түспеуін қадағалау керек. Өз басым тіпті заң органдарының бәрінің бірдей таза екендігіне күмәнім бар. Сондықтан да бақылап-қадағалау барысын мемлекеттік тұрғыда қолға алу керек.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, мәжіліс депутаты:

Жоқ
– Өз басым экономикалық аймақ құрудың еш қажеттілігі жоқ деп санаймын. Себебі Семей өңірін дамыту стратегиясының бір бағытына ғана үстемдік берудің пайдасынан гөрі, зиянды жақтары басым секілді. Нақтырақ айтқанда, кәсіпкерлер экономикалық аймақ құруда өз мүддесіндегі мәселелерді, яғни «салық болмаса», «несие жеңілдікпен берілсе» деген ойларын күн тәртібіне қойып, ал елдің тұрмыстық-әлеуметтік жағы соның қалтарысында қалып қоя ма деп қорқамын. Ал Семей өңіріндегі полигон зардабына қатысты мәселені енді кейінге шегере беруге болмайды. Меніңше, дәл қазір Семейде экономикалық аймақ құруға тым ерте. Оған мүмкіндік те жоқ. Жалпы, осыған дейінгі Семей өңірін дамытудағы бағыт-бағдарымыз дұрыс, яғни ол мемлекетіміздің стратегиясына сай қарқын алып келеді дер едім.

Демек, бізге дәл қазір экономикалық аймақ құрудың қажеті де шамалы. Оның орнына мына мәселелерге айрықша мән берген дұрыс:
Біріншіден, Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдауды арттыра түсудің жолын қарастырған жөн. Семей жеріне бара қалсаң, халықтың бірінші кезекте сұрайтыны – әлеуметтік жеңілдіктер ауқымын кеңейту. Мәселен, зейнеткерлікке шығудың жасын азайту, тегін медициналық көмек көрсетудің көлемін арттыру, экологиялық жағдайды түзеу және т.с.с. Әрине, мұның бәріне қаражат керек. Ол үшін қазіргі қолданыстағы бағдарламаларды толықтыра түсу керек деп ойлаймын.
Екіншіден, егер экономикалық аймақ құрылып жатса, онда мәселелерді қарастыруда, ең алдымен, экономикаға басымдық береді, ал елдің әлеуметтік және рухани-мәдени жағы тасада қалып қоюы ықтимал. Семей – қасиетті жер. Былайша айтқанда, қазақтың мәдени орталығы болған. Мұны да ұмытпағанымыз абзал.
Үшіншіден, әкімшілік аумақтарды дамытудағы атқарылуы тиіс шаруалар шаш етектен. Шекара маңындағы аймақтарды қалпына келтірудегі жұмыстар да қыруар. Сондай-ақ шекара аумағы толық қоршалмаған. Мәселен, Мақаншы, Марқакөл, бұрынғы Тарбағатай аудандарының тұрмыстық-әлеуметтік ахуалы жақсартуды қажет етеді. Шекара маңындағы аймақтардың тұрақтылығын халыққа жағдай жасау арқылы ғана қамтамасыз етуге болады.
Төртіншіден, Семейде аурудың түрлері өте көп. Бүгіндері оны зерттеп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан осы жұмысқа қаржы бөліп, ғылыми-зерттеу әдістемелерін жандандыра түсу керек.
Бесіншіден, керісінше «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы секілді экономикалық ірі ұйымдар аймақтың әлеуметтік және мәдени жағына қолдау көрсеткендері дұрыс болар еді. Семей жеріндегі кәсіпкерлер ешкімнен кем емес. Көмекке зәру деп айта алмаймын.
Ал Семейде экономикалық аймақ құру арқылы полигон зардаптарымен күрес мәселесін шешеміз дегеніміз – қателік.

Түйін
Біздің пікірімізше, экономикалық аймақ құрудың еш артықтығы жоқ. Алайда сөз болып отырғандай, аймақ құрмас бұрын тиімді-тиімсіз жақтарын жан-жақты, егжей-тегжейлі зерттеп шығып, «жеті рет өлшеп, бір рет кессе» дейміз, яғни арнайы заңнама қабылдау керек сияқты. Ал заңнамада тың үлгімен даму жолына түскен аймақтың тек экономикасының ғана емес, әлеуметтік және мәдени жақтарымен тұтастай дамуы қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар экономикалық саладағылардың елдің әлеуметтік әлеуетін көтерудегі жауапкершілігін арттыруды заңмен міндеттесе тіптен жақсы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста