Сатира қоғамның кемшілігін әшкерелеуші құрал ретінде аса пәрменді болатын. Тіпті «әдебиеттегі оппозициялық жанр» айдарын да еншілеген ерекше жанр еді. Оның уытты тілінің өзі көркем кестеленгенде үлкен бір мәдениеттің бөлшегін құрайтын. Сатира сонысымен де құнды, сонысымен де көпшілікке етене жақын еді. Бірақ соңғы жылдардың сатирасы осы үдеден сусып, қарабайыр кейіппен салмағын сұйылтты. Сахналық сатиралық қойылымдарға өздері автор, өздері режиссер болуға әуес әзіл-сықақ театры иелері «орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаңға» бой алдырып кеткендей. Сатира театрларының әртістері қазір қисалаңдап, қисынсыз әртүрлі әрекеттер жасап, бір сөзге көрермен күліп қалса, соны қайта-қайта қайталап, айтайын деген ойдың мәні мен мағынасын кетіреді. Қазіргі таңда әзіл-сықақ театрлары баршылық, алайда олардың барлығының да көтеретін тақырыбы мен көрерменге жеткізу мәнері өте төмен дәрежеде. Осындай келеңсіздіктерден соң қазақтың сатирасында салмақ қалмады деуге бола ма? Бұл пікірмен келісесіз бе?
Алмат САҚАТ, әртіс:
иә
– Сатираның салмағын ешкім өлшемеген шығар. Сондықтан оны салмақты, салмақсыз дегенге келісе алмаймын. Бірақ бізде сатира жоқ екені рас. Мысалы, мен қазір «журналистер әншілерді, әртістерді жазбаса, күн көре алмайды» десем, ол – сатира. Сатира – біреудің кемшілігін айту, мемлекеттің, тіпті мемлекет басшыларының, министр мен парламенттегілердің, тіпті журналистердің өздерінің кемшілігін ащы әзілмен жеткізу, айту. Бірақ қазір ол бізде жоқ. Демек, бізде сатира да жоқ. Сатира театры әртістерінің негізгі міндеті сахнаға шыққаннан кейін елді қыран-топан күлкіге батыру емес, сатира үшін түпкі мақсат – ойландыру, оның бір ауыз сөзі адамды ойға салса немесе сыналған кейіпкер өзін-өзі танып, ұялса, болды.
Бірақ қазір сахнаға шығып жүргендердің бәрі тек қана әзіл, юморлар ғана. Бір кездегі «Тамашаның» тарландары Құдайберген, Тоқсын, Мейірман ағалардың сахналағандары нағыз сатира еді. Олар сол кездің буынын сол ащы әзілдері арқылы тәрбиеледі. Яғни сол кезеңнің сатириктері мықты болды. Өз ісінің нағыз мамандары. Бізде ондай шындықты шымбайын батырып жазатын шебер авторлар жоқ қазір. Біз оларды іздеумен жүрміз. Әртіс сатира жаза алмайды. Ол тек орындаушы ғана. Мысалы, мен сатира жаза алмаймын. Жазсам, ол сатира емес, жала жабу ғана болып шығады. Химия өнімдерін жасайтын, ойлап табатын профессордың жұмысын барып мен жасасам, мен онда бүкіл адамзатты улап тастауым мүмкін. Себебі мен ол саланың маманы емеспін. Ол қабілет менде жоқ. Сол сияқты қазіргі таңдағы сатира да өз профессорларын, өз академиктерін күтуде. Бар академигіміздің бәрі өліп қалған, таланттысы әлі тумай жатыр, туса да шықпай жатыр. Мықты сатираны журналистер де жазған кезінде. Сондықтан бізге мықты сатираны сіздер жазуларыңыз керек. Қазір бізде Оспанхан, Шона, Асқарлар жоқ. Бүгін кешегі Олжастар да жоқ. Бүгін Мұқағали жоқ. Кешегі Ілияс, Сәкендер де жоқ арамызда. Менің әкем, мысалы, сатира жазды. Және өте мықты дүниелер жазды. Бірақ «әкеге ұқсап ұл тумас», «әкенің малы балаға мұра болмайды» деген, менің қолымнан сатира жазу келмейді. Сондықтан – ол да Құдайдан берілетін қабілет. Сатирада жандалбасалаған болмайды. Әркім қолынан келетін іске ұмтылуға тиіс.
Уәлибек ӘБДІРАЙЫМ, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының жетекшісі:
жоқ
– Салмағы ауыр сатираны табуға болады. Оны мүлдем жеңілдеп кетті деуге болмайды. Рас, салмағы жеңілдегені рас. Бірақ ол түпкілікті сатира қалмады деген сөз емес. Бұл әңгімені қозғағанда біз, ең алдымен, оның себеп-салдарына үңілгеніміз жөн. Қазір сатира неге жеңілдеп кетті? Біле білсеңіз, әзіл деген тіл дамыған жерде жүреді. Тіл дамымағаннан кейін әзіл өледі. Оған сатириктерді болмаса басқаларды кінәлай берудің қажеті жоқ. Ол бейшаралар жазар еді жақсылап, бірақ қазір оны оқитын адам жоқ. Қазір баяғыдағыдай ешкім кітап оқымайды, жеңіл-желпі сатираға әуес. Өзі тіл білмеген адам тілдің ауырлау әзілдерін түсінеді дейсің бе?! Көпшіліктің айтуы бойынша, сатирада салмақ қалмады, әзіл жеңілдеп кетті.
«Біздің сатира қазір әрі кетсе ауылдың әңгімесінен аспайтын болды» дейді. Бұлай деп бер жағынан айта салу оңай, оны зерттеу – бір басқа. Біз үнемі «орыстардың сатирасы көп, керемет дамыған» дейміз. Әрине, көп болады, өйткені орыста тіл проблемасы деген жоқ. Орыстың тілінің дамуына орыстың өзі ғана емес, біздің қазақстандықтар да өте көп еңбек сіңіріп отыр. Кім қазақ тілінде сөйлеп жатыр, айтыңызшы? Тіл де – бір ғылым. Тіл қоғаммен бірге дамып отырады. Ал көшке ілесе алмаған тіл өшеді, өледі. Біздің тіліміз қазір көштен қалып барады, ал көштен қалып бара жатқан тілге «әзілің қайда, сатираң не болды?» деп сұрау артық. Қазір бірінші сыныптың баласына қандай әзіл айтасың? Қазір КВН деген нәрсе шықты. Бәрі соны барып көреді. Жастар Толымбекті, Көпенді оқымайды. Оларға «Комедия клаб» пен «Наша кз-ша» қызық. «Наша кз-ша» жобасы тағы да қайтадан бастағалы жатыр екен. Оның бастықтары оның тілін онша түсінбесе де, рейтингісіне қарайды. Ол жоба Тұрсынбек Кәкішевке, Көпен Әмірбекке қызықсыз болуы мүмкін. Бірақ соны мектепті әзер бітіріп, жекеменшік университетті ақшамен оқып жатқан, ойы таяз, түсінігі төмен жастар жаппай көреді. Соларға қарайды да, басшылығы «ойпырым-ай, мынау бір керемет екен» дейді. Осының бәрі тілге келіп тіреледі. Тілге тіреліп қалғаннан кейін бітті, осылай кете береді. Министрлердің, премьердің қазақ тілінде сөйлеп кетуі бізге қазір тек қиял-ғажайып ертегісі сияқты. Мен бұл ертегіге ешқашан сенбеймін. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», тілге құрмет басшылардан басталуы керек. Сонда сатирада өлмейді.
Түйін
Сатираның түбі – парасат, ақыл-ой, тауып сөз сөйлеу. Астарлап сөйлеу, ыммен түсіндіру, ойнап отырып ойдағыны жеткізу – қазаққа тән сөз өнері. «Сатираны қай қоғамда да әлсірету бар шығар, бірақ оны өлтіру мүмкін емес. Өйткені сатира – қоғамның дәрісі. Ғаламда бар нәрсе жоғалып кетпейтін теория бар. Сатира да сол сияқты жоғалып кеткен жоқ. Себебі сатира – қоғамның иммунитеті», – деген сатирик Толымбек Әлімбектің сөзінің салтанат құратын кезі дәл бүгінгі кезең сияқты.