Шаруаларға мал басына қарай берілетін субсидия талаптарын жеңілдету керек пе?
Қойды отарлап, сиырды табынымен, жылқыны үйірімен алдына салған бабаларымыздың ата кәсібін жаңғырту бүгін қазаққа оңайға соқпай отыр. Бұлай дейтін себебіміз, мәселен, еліміздегі ірі қара малдың 4 пайызы ғана ірі шаруашылық болып табылса, қалған 96 пайызы орта және шағынына тиесілі екен. Сондықтан соңғы кездері мемлекетіміз мал шаруашылығындағы ірілердің қатарын арттыру мақсатына басымдық беріп, соған сәйкес субсидиялау тетігін құрған. Алдыңғы жылдары ірі қарасы 300-ден асқандарға қаржылай қолдау жасалады делінсе, былтырдан бастап бұл көлем тағы ұлғайтылып, мал басы 400-ден асқандарға ғана субсидия берілетін болған. Салдарынан, жоғарыда аталғандай, мал шаруашылығының 96 пайызы, яғни еліміздегі шаруаның басты бөлігі субсидиядан қағылған. Таяуда Парламент Сенаты қабырғасында осы мәселені көтерген Ақылбай Серік мырза ірі қара етіне субсидия алу үшін сатылатын мал басын – 100-ге, аналық қойдың санын –300-ге, бие санын 50-ге дейін азайтылса деген ұсынысын білдірді. Жалпы, шаруаларға мал басына қарай берілетін субсидия талаптарын жеңілдету мүмкін бе?
Ақжол Әбдуқалимов, «Қазақстан фермерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті:
иә
– Бізде мал шаруашылығындағы шағын бизнесті субсидиялаудың алғышарттары әділетсіз жасалған. Ешқандай ғылыми негізі жоқ нормативтердің салдарынан бүгіндері ірі қара мал өсірумен айналысатын 16 мың шаруа қожалықтары субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Жалпылай алғанда, мемлекеттен бөлінген субсидияның барлығын қолында бар-жоғы 100 мыңдай ғана сиыры бар (еліміздегі ірі қараның 4 пайызына ғана иелік ететіндер) 200-300 ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының иелері еншілейді. Мысалы, Ресей ірі-ұсақ деп бөлмей, барлық мал басына бірдей мемлекеттік деңгейде жағдай жасайды. Ал бізде мұндай бөліп-жару бар.
Салдарынан мемлекеттің көмегіне зәру ұсақ мал шаруашылықтарына жағдай жасалмауда. Демек, «өз күніңді өзің көр болмаса ақырындап жойыла беріңдер» деген сөз бе бұл. Көптеген шаруа қолындағы малдың табысына тәуелді екені шындық. Олардың табысы азайған соң, шаруасын ары қарай дамытуға деген ынтасы да болмайды. Ақыры ірі шаруашылықтарды қолдаймыз деп, шағын шаруалардың кеңейіп, ірі шаруаларға ұласу үрдісіне тосқауыл қойылуда. Кез келген дамыған мемлекетті қараңыз, нарықты ауыл шаруашылығы тауарымен қамтамасыз етуші, негізінен, шағын және орта кәсіпкерлер. Сол үшін оларға билігі барлық жағдайды жасайды.
Жалпы, бұл мәселені үш жыл бойына ауық-ауық көтеріп келеміз. Нәтиже жоқ емес. Бүгінгі таңда құзырлы ведомствомен ұсақ шаруа қожалықтарының жаңа техникамен қамтамасыз етілу жайын қарастырып жатырмыз. Бұл арадағы шығынның жартысын мемлекет мойнына алсын дейміз. Сол секілді ірі мал шаруашылықтарына берілгендей, ұсағына да мемлекет субсидия бөлуі керек. Ұдайы демейміз, мал бағуға ебі бар 96 пайыз жекеменшіктің іріленгеніне дейін. Әрине, ұсақ мал шаруашылықтары ауқымдалуы қажет. Бірақ мұның өзге де ұтымды жолдары бар. Соның тиімдісін қабылдауға мемлекет мүдделі болуы тиіс. Ірісінен бастап ұсақ мал шаруашылықтарына дейін жаппай жан-жақты қолдау көрсетудің әртүрлі жолдары анықталған кезде, бұл салада қандай да бір дамуға қол жеткіземіз деп ойлаймын. Сонда мемлекетімізге ірі шаруашылыққа қолдау көрсеткеннен осы көлемді топқа (шағын және орта шаруашылықтарға) жағдай жасаған әлдеқайда тиімді екендігі өздігінен белгілі болады.
Атамұрат Шәменов, экономика ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Мал шаруашылығын өркендету, оны реттеу мәселелері сындарлы саясатты қажет етеді. Өйткені ірі шаруашылықтарда кешенді технологиялық үрдістер жүзеге асады, сондықтан оларды интенсивті жолға өткізуге мүмкіндік бар. Мал басы көп болғаннан кейін ол жерде жүргізілетін жұмыс та ауқымды болады. Ал ауқымды жұмыстардан тиісінше толағай табыстарға кенеле аламыз. Сондықтан ірі шаруашылықтарды дамытуға қарай бет бұрғанымыз – замана талабы. Бұл – дұрыс саясат. Жалпы, қойды отарлап, ірі қараны табындап бағу дұрыс екенін ата-бабамыз білген, малды осылайша бағу ең тиімді тәсіл екендігін бізге үйретіп кетті.
Міне, осы үрдісті жаңғыртуымыз керек. Дегенмен кеңестік заманда қосалқы шаруашылық пайда болды, яғни үй шаруашылығында бірлі-жарым малды ұстау дегендей. Бүгіндері осы жағы өзіндік шешімін табуы күрделі мәселеге айналып отыр. Өйткені малдың 90 пайызы жекеменшіктің қолында.
Жалпы, шетелде қосалқы шаруашылық деген атымен жоқ. Мал өсірем десе, онда бірден шаруашылық құрылады: нақты жайылымы, қора-жайы және жемшөппен қамтамасыз етілуі ескерілген. Ал бізде мал ұстайды, бірақ жайылымы жоқ, жемшөп мәселесі шешілмеген. Жеке төрт түлікті ауылдың сыртына зираттан ары асырып бағады. Бүгіндері бұл жердің әбден тозығы жеткен, тұяқкестілік салдарынан. Бұл – өз кезегінде мал өнімі сапасына кері әсер ететін фактор. Міне, осындай күрмеуі күрделі бұл мәселе шешімі кешенді шараларды қарастыруды қажет етеді. Осы жағынан алғанда, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру маңызды әрі өзекті екенін аңғаруға болады. Сондықтан соңғы кездері қоғамда оларды біріктіру жайы жиі қозғалды. Мүмкін субсидия алу мақсатында біреулер бірігетін шығар деген үміт те болды. Бірақ одан бері қаншама уақыт өтті, өздігінен бірігіп жатқан шаруа қожалықтарын көрген жоқпыз. Демек, бұл мәселені еңсерудің өзге жолдарын қарастыру керек. Негізінен, төрт түліктен сапалы өнім алу басты мақсат екені белгілі. Ендеше, бұл арада асылтұқымды мал ұстайтындарға жеңілдікті көбейту керек шығар.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бейтарап пікір
Жанәбіл Әкімбеков, шаруа қожалығының иесі:
– Субсидия берілсін-берілмесін, бәрібір ірі шаруашылықтар ешқашан өз ісін тастап кетпейді. Олардың мақсаты – мал басын көбейте беру. Мұны мемлекеттің көмегінсіз де ірілер жүзеге асыра алады. Өйткені оған мүмкіндіктері де, қолдарында артық қаражаттары да бар. Ал нақты көмекті зәру ететіндер – ұсақ шаруашылықтар. Жойылу қаупі осыларға келіп тіреліп тұр. Ал мал бағушылар жаңадан қосылып жатқан жоқ. Сондықтан мемлекет қолда бар осы кәсіптің ыстық пен суығына төзіп, қиыншылыққа мойымай жүрген, адал еңбек азаматтарының ынтасын жойып алмауға тырысуы қажет. Қандай да бір қолдау тетіктеріне ие болған бұл азаматтар одан кейін іріленуге ұмтылады. Тоқсандап қымбаттайтын жанар-жағармай, электр энергиясы, жемшөп тапшылығы салдарынан жылдан-жылға әрең ілінетін ұсақ шаруашылықтардың бүгінгі жайы қандай да бір дамуға мүмкіндік бермей отыр. Осы жағынан алғанда, шаруаларға берілетін субсидия талаптарын жеңілдету туралы ұсыныс құптарлық-ақ. Мұндай өзгеріс болатын болса, осы саладағы теңсіз саясаттан жапа шеккен шаруалардың билікке деген көзқарасы да жақсарып, олар да дамуға мейлінше ұмтылар еді.