Сапасыз жол салып, мемлекет қаржысын шашқан мекемелерді қадағалай алмаған министрлік кінәлі ме?

Осыған дейін еліміз бойынша мемлекет қаржысына төселіп жатқан жолдардың салыну заңдылығын тексерген Бас прокуратура талай былықтың бетін ашқан еді. Мәселен, Қостанайда Ахмет Байтұрсынов атындағы көшені қайта салу жобасы ешқандай сараптамасыз 100 млн теңгеге бағаланған. Ал тексеру кезінде атқарылған жұмыстың құны 54 млн теңгеден әрең асатыны әшкере болған. Мұндай жайттар Тараз, Ақтау, Ақтөбе қалаларында да тіркелген. Жол сапасының мұндай жайы жақында Мәжілістің кезекті отырысында да сөз болды. Мәселен, Тараздағы 58 шақырым жолдың бір шақырымына 1 миллион доллар жұмсалған көрінеді. Ал депутат Жақыповтың есептеуінше, қарызға алынған ақшаға салынып жатқан жол бағасының пайыздық қайтарымын қоса есептегенде жолдың бір шақырымына 3 миллион доллар кетеді екен. Жолдар сапасыз жасала беретін болса, мұнша ақшаның желге ұшқаны емес пе?! Ал көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың тегіс емес жолдарды «жүргізушінің ұйықтап қалмауына жақсы» деп бағалауы аталмыш сала басшысының жол сапасына немқұрайды қарауының көрсеткіші емес пе?! Ендеше, сапасыз салынған жол, беталды жұмсалған ақшаны кімнен сұраймыз? Сондықтан бұл салаға немқұрайды қараған министрді орнынан алу керек пе?

Елеубаев ҰЗАҚҚАЛИ, Мәжіліс депутаты:

Иә
– Еліміздің қай өңірінде болсын, жол жағдайы мәселесін жақсы білемін. Сапасы сын көтермейді. Жол сапасы сөз болған Парламент Мәжілісінің отырысында осы мәселе көлік және коммуникация министрінің назарына ұсынылғанмен, министр бұл мәселені айналып кетті. Шындығында, жол мәселесі – айналып өтетін немесе қалжыңға айналдыратын нәрсе емес. Өйткені осы кедір-бұдыр жолдардың кесірінен жүргізушілер ұйықтамақ түгілі, қайғылы қазаға ұшырап жатыр. Қазіргі таңда тас жолдарда орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары да бұрынғыдан өсіп кетті. Олардың осы сапасыз жолдардың салдарынан орын алмағандығына кім кепіл?! Бұған тікелей көлік және коммуникация министрі жауапты болуы керек. Осы саланы басқарып отырған соң, жолдың сапасына да ол тікелей жауапты.

Жұмыс дұрыс жүрмесе де, алдымен осы сала басшылығы жауап беруі тиіс.

Жолдардың салыну сапасын бақылайтын жергілікті жерлердегі атқарушы орындар, әр қалаларда департаменттері бар. Министрлік солармен бірлесе отырып, жолдардың берік, әрі мықты болуын жіті бақылауы керек. Олардың жұмысты қаншалықты дұрыс жүргізіп жатқанын министрлік өз бақылауына алғаны жөн.

Жолға жер жағдайына байланысты «холодный», «горячий» асфальт төселеді. Жол салу кезінде мұндай ерекшеліктерді ескеріп, қадағалау керек. Қай аудандарға қандай құрамдағы, қандай сападағы жолдардың қажет екені алдын ала тексеріліп алынуы қажет. Мәселен батпақты жолдарға төселетін асфальт пен жері қасаң жерге төселетін асфальт құрамының ерекшелігі назарға алынбауда. Батпақты жердің ерекшелігі ескерілмесе, ол жерге төселген асфальт көпке ұзамай жер қатпарының әлсіздігінен ыдырап кетеді. Бірақ жол салушы компаниялар көбіне мұндай жағдайларға көз жұма қарайды. Өйткені бөлінген ақшадан пайда табу үшін жол салуға арналған жол-құрылыс материалдарын үнемдейді. Оның соңы сапасыз жолдардың пайда болып, уақытына жетпей жолдардың бұзылуына әкеліп соғады. Ал жолды жыл сайын жаңарту артық шығындарға әкеліп отыр.

Бұрын Кеңес Одағы кезінде салынған жолдар 30 жылға дейін шыдайтын. Қазір де осы заңдылыққа жолдар сай болуы тиіс. Алайда біздің жолдарымыз белгіленген мерзімнің жартысын өтемей жатып, тоз-тозы шығады. Жол халықтың ақшасына салынып жатыр. Сондықтан халықтың ақшасының текке шашылмауын қадағалау керек. Министр бұл салаға жаңадан келген жоқ. Бұған дейін де осы саланың вице-министрі болып қызмет атқарды. Бұл салада талай тәжірибе жинап алатын уақыты да болды. Жол салу – әлеуметтік маңызы өте зор сала. Сол себепті, бүгінде көтеріліп отырған бұл саладағы мәселелерді қалжыңға айналдыруға болмайды. Керісінше, кемшілігін ашық айта отырып, оңалту жағын көздеген жөн.
Қазір Үкіметіміз жол салу саласынан ақшаны аяп жатқан жоқ. Сондықтан сапалы жол салуға толық мүмкіндік бар. Қазіргі жағдайда осы салада ақшаның дұрыс пайдаланылмай жатқаны сырт көзге де көрініп тұр. Сондықтан қаперге алатын кез жетті.

Ілияс ИСАЕВ, экономист:

Жоқ
– Жұмысты нақты кім атқарса, сол кінәлі. Министр – тек жоғарыдан бақылап отыратын ғана тұлға. Сондықтан бұл жерде министрден бұрын жұмысты атқарған адамдардан жауап талап етіп, соларды жауапқа тарту керек. Жолды салу, ол жердің алдын ала жағдайын тексеріп алу, төселетін асфальттың құрамын анықтау үшін белгіленген төменде көптеген мамандар, арнайы құрылған жол сапасына байланысты мекемелер бар. Жолдың сапасыз болуы ең алдымен, солардың дұрыс жұмыс істемей отырғанын немесе солардың жемқорлыққа жол беріп отырғанын көрсетеді. Кейбір жағдайда олар жоғарыға өтірік ақпар беріп те жатады, ал біткен істің әншейін бетін ғана жылтыратып қояды. Мұны көрген министр шынымен жолға қатысты мәселелерді оң шешімін тауып жатыр деп ойлап қалуы әбден мүмкін.

Неге жол сапасыз болады? Жұмысты атқарып жатқан адамдар өзара келісімге келіп, бөлінген ақшадан пайда көру мақсатында жолға жеткілікті түрде тас төсемейді. Оның орнына тасты себелеп қана шығады. Ал бұған жоғарыда отырған министрдің не қатысы бар?

Егер ақша бөлінбесе, сөз басқа. Ал қаржы жете тұра жұмысты дұрыс атқармаса, онда ол – қылмыс. Осыған жол берген адамдар жазалануы керек.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы орындар тендерді дұрыс өткізуі қажет. Жергілікті атқарушы орындар тарапынан көбінесе тамыр-таныстыққа жол беріліп, бірде-бір құрал-сайманы жоқ құрылыс компаниялары тендерді ұтып алып жатады. Ал ол құрылыс компаниялары не тәжірибесі жоқ, не құрал-сайманы түгел болмаған соң, жұмысты да сапалы атқармайды. Өз басым дұрыс атқарылмаған жұмыстың жауапкершілігін жергілікті атқарушы билік орындарынан көремін.

Жоғарыдан нұсқау дұрыс беріледі, бұл салаға бөлініп жатқан ақша да аз емес. Көбінесе төмендегі нұсқауды орындаушы мекемелер, жергілікті атқарушы билік өкілдері бөлінген ақшаның берекетін қашырып, талан-таражға салады, берілген нұсқауды да дұрыс орындамайды. Сондықтан жол сапасына қатысты жауапкершілікті ең алдымен төмендегі атқарушы орындардан сұраған жөн.

Түйін
Көлік жолдарының тегіс, сапалы болуы – басты мәселе. Бұлай болмаған жағдайда халықтың ақшасы босқа шашылды деген сөз. Ал бүгінгі тақырыпқа байланысты сөз додасына түскен екі азаматтың өзіндік пікірлері, ұстанымдары дәлелді көрінеді. Алайда бұл мәселеде біржақты пікір айту жөн болмас. Өйткені бұл тұста кінәлі жалғыз емес. Сондықтан сапасыз жол салған мекеме бастығына да, жергілікті, тиісті билік өкіліне де, бақылау жасай алмаған министрге де тиісті шара қолданған жөн-ау.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста