Бүгінде сатириктер мен әртістердің бір-біріне өкпесі қара қазандай. Әртістер «сахнаға лайық сатиралық туынды жоқ» десе, сатириктер «шебер орындайтын актерлер жоқ» деген уәж айтады. Тіпті пародистерміздің өзі саясат сахнасындағы белгілі тұлғаларға пародия жасап, өнер сахнасына алып келуге құлықсыз. Сондықтан сахнамыз саяси сатираға «шөліркеп-ақ» тұр. Мұның сыры неде?! Елімізде саяси тұлғалардың танымалдылығының төмендігінен бе, әлде танымал тұлғаларға арнап саяси сатира жазатын сатириктердің жоқтығынан ба? Тақырыпты осы саланың қазанында қайнап жүрген өнерпаздардың талқысына салып көрген едік...
Олжас СЫДЫҚБЕК, пародист:
Иә
– Иә, бізде саяси сатираның жоқтығы соған лайық саяси тұлғалардың болмауынан туындап отыр. Мен бұл пікірді бұрыннан айтып жүрмін. Саяси сатираның өзі бірнеше жанрға бөлінеді ғой. Соның ішінде пародияға қатысты айтар болсам, біз пародия жасайтын танымал тұлғаларға өте зәруміз.
Пародия жанрының басты талабы – кейіпкер өте танымал болуы керек. Әртістің бейнелеп жатқан тұлғасын барша халық танитындай болуы қажет. Мәселен, елімізде 14 облыста 14 әкім болса, солардың ешқайсысы танымал емес. Халық олардың аты-жөнін естігенімен, түр-тұлғасы, сөйлеген сөзі, мінез-құлқы халық назарынан тыс. Сондықтан ол әкімді айнытпай салып тұрғаныңмен, халық «бұл кім өзі?» деп танымай қалуы бек мүмкін.
Сондай-ақ елімізде Мәжілісте – 107, Сенатта 47 депутат болғанымен, олардың ішінде халыққа кеңінен танымалы саусақпен санарлық. Халық қалаулыларын түгелдей тани бермейді. Халықпен етене араласып, ел алдына жиі шығып жүрген депутаттар аз болғандықтан, пародия жасағанда, халық олардың кез келгенін тани қоймайды. Тіпті елімізде бір-бір саланың құлағын ұстап отырған қаншама министрлер бар болғанымен, олардың халық алдында танымал бет-бейнесі жоқ. Одан кейін оларға пародия жасау да мүмкін емес. Саясат сахнасында белгілі тұлғалар болмағаннан кейін, амал жоқ, айналып келіп сол өнер адамдарына пародия жасауға мәжбүрміз. Халық кеңінен танитын бес-алты адамға айналып келіп қайта-қайта пародия жасай береміз.
Дегенмен саяси сатира тек қана саясаттағы тұлғалармен өлшенбейді ғой. Сондықтан саяси сатираның аяғына тұсау болып тұрған мұнан да басқа жайттардың болуы әбден мүмкін. Мен тек қана өзіме жақсы таныс пародия тұрғысынан айтып отырмын. Жалпы, бүгінде сахнада саяси сатираның жоқтығын үлкен сын деуге болады. Сондықтан сатириктеріміз осы олқылықтың орнын толтыруға тырысса, өте дұрыс болар еді.
Алмат САҚАТОВ, әзіл-сықақ әртісі:
Жоқ
– Жоқ, мен бұл пікірге қарсымын. Саяси сатираның жоқтығын қоғамда танымал тұлғалардың қалыптаспауынан іздеуге болмайды. Нағыз сатирик сахнаға лайық, кәсіби тұрғыдан жоғары туынды жазып, талантты әртіс оны сахнаға алып шықса, тасадағы тұлғаларды халық таныр еді. Заманымызға қарай қазір адамдар дүниеге жақын болып алды. Үлкен үйде тұрып, қымбат көлік мінгісі келеді. Жақсы тұрмысты аңсайды. Сондықтан адамдардың бойындағы рухани құндылықтан гөрі пенделік жағы басым түсіп жатады. Осыдан келіп көптеген адам еркін жазуға, еркін сөйлеуге қорқады. Бұл сатираға да қатысты.
Шын мәнінде, сатириктерге ешкім «саяси тақырыптарға жазба» деп жатқан жоқ.
Бірақ олардың бойында іштей бір қорқыныш қалыптасқан. «Басқа пәле – тілден» демекші, ертеңгі күні айтқан сөзім өзіме таяқ болып тимесін деп тайсалатын сыңайлы. Сатириктер саяси тұлғаларды сатиралауға, былайша айтқанда, «мазақтауға» жігерсіздік танытады. Қоғамымыздың қисық, қыңыр жерлерін де жазуға қорқады. Осылайша бүгінгі күні баяғының Оспанхан Әубәкіров, Асқар Тоқмағамбетовтері жетіспей отыр. Егер сатириктер жазатын болса, сахнаға алып шығатын дүние бізде өте көп. Мәселен, түйені түгімен жұтып, шетелге қашып кетіп, шалқасынан түсіп шырт түкіріп жатқан азаматтардың аты-жөніне қазір ел де, сатириктер де құлағдар. Ендеше, неге сахнада көрсетпеске?! Бірақ әзірге оны сатиралайтын адам табылмай тұр. Мұның соңы біздің қоғамда саяси сатираның қалыптаспауына да әкеліп соғып отыр.
Рас, бір кездері осы сатириктеріміздің сахнаға лайық шығармалар жазбауы салдарынан өзіміз бірдеңені шатып-бұтып жазып, сахнаға алып шыққан күндеріміз де болды. Яғни сахнаға лайық сатиралық туынды жоқ болғандықтан, әртістер өздері жазуға мәжбүр болатын. Бірақ саяси сатираны жазу үшін саяси сауатты болу керек. Сондықтан сатириктердің өздері қалам тартпаса, біз жеріне жеткізіп жаза алмаймыз. Осының салдарынан саяси сатираның жоқтығы бүгінгі күні сатириктерімізге де, әртістерімізге де өте үлкен сын болып отыр.
Бейтарап пікір
Нұржан ТҰТОВ, пародист:
– Өз басым көбінесе пародияны өнер адамдарына жасап жүрмін. Егер саяси тұлғаларға арнап сатириктердің біреуі кәсіби деңгейде сатира жазып берсе, мен оны сахнаға алып шығуға даярмын. Ал өз басым саяси тұлғаларға арнап сатира жаза алмайды екенмін. Ол үшін олардың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі мен істеген ісіне қанық кәсіби сатирик болу керек. Саясаткерлердің ішінде әзірге Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан мен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке ғана пародия жасалып жүр. Жалпы, бүгінде саяси сатираның жоқтығына осы тақырыпқа қалам жүгіртетін сатириктеріміздің жеткіліксіздігіне қоса, танымал тұлғаларымыздың тапшылығы да себеп болып тұрған секілді. Сатириктер мен әртістердің бірі «сатиралық туынды жоқ», енді бірі «шебер орындайтын актер жоқ» деп жататыны да шындық. Осы орайда екі шығармашылық топты бірлесе жұмыс істеуге шақыратын арнайы ұйым болса, мәселе шешілер ме еді деп ойлаймын.