Аты шулы Мавроди секілді ғасыр алаяқтары ел азаматтарының қалтасын қағып, тақырға отырғызып кетіп жатыр. Мәселен, қазір Ресейде үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқан МММ қаржылық пирамидасына тартылған қазақстандықтардың саны, ресми деректердің мәліметінше, 40 мыңға жуық екен. Жаман әдет жұқпалы келеді демекші, соңғы кездері қазекем де бұл «істі» шебер игере бастаған. Елімізде атауы «табысқа кенелтемін» деп алыстан мен мұндалап, қол бұлғап шақыратын ұсақ қаржылық пирамидалар қатары көбейе бастаған. Бәрінен сорақысы, байшыкештерді былай қойғанда, қарапайым жұрттың жалғыз баспанасын саттырып, уәде еткен көп ақшадан көк тиын да ұстатпай, жалт беретін мұндай алаяқтық ұйымның ісі заңсыз екенін көзбен көріп, қолмен басқандай сезіп тұрсаңыз да оларды жауапкершілікке тарта алмайсыз. Өйткені бізде қаржылық пирамида құруға тыйым салатын, олардың ісін заңсыз дейтін заңнама жоқ. Осы жағынан алғанда, Қылмыстық кодекске қаржылық пирамиданы құруға тыйым салатын бап енгізудің уақыты жеткен секілді. Бұған мамандар қалай қарайды?
Меруерт Қазыбекова, Мәжіліс депутаты:
иә
– Осы көктемде елімізде қаржылық пирамида қағидаты бойынша жұмыс істейтін ұйымдардың қауырт жұмысы, ал заңнамамыз мұндай алаяқтарды жауапкершілікке тарта алмайтындығы бізді алаңдатып отырғанын айтып Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Мәселен, Сергей Мавроди халықтан салымдарды негізсіз жоғары пайызбен электронды ақша және виртуалдық билеттер түрінде қабылдады. Интернет қызметі пайдаланған мұндағы ақша ағынын қадағалауды, заңды түрде жауапкершілікке тартуды айтарлықтай қиындатады және ақшаны кері қайтару жағдайын жоққа шығарады.
Бәрінен бұрын, пирамиданы ұйымдастырушылар оның кез келген сәтте банкротқа ұшырауы мүмкін екенін жасырмайды. Еліміздің барлық қаласында осыған ұқсас ұйымдардың кеңселері бар, оған күн өткен сайын аңқау жұрт көптеп тартылып жатыр. «Шағын несие» атауын жамылатын қаржылық пирамидалар да бар.
Қазақстандық заңда қаржы пирамидасының анықтамасы жоқ. «Электронды ақшаның заңсыз айналымы» түсінігі де болмай отыр.
Ұлттық банктің Қаржылық қадағалау комитеті «МММ» ұйымы жұмысын бақылауда ел азаматтарына тек қаржыны жоғалту тәуекелінің барлығы мен қырағылық таныту туралы ескерту жасаумен ғана шектелді. Өзінің әрекетсіздігін уәкілетті орган тиісті құқықтық базаның жоқтығына негіздеп отыр. ҚР Азаматтық және Қылмыстық заңнамада қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларды жауапқа тартудың арнайы нормалары көрсетілмеген. Қолданыстағы құқықтық шектемеде алаяқтық үшін жауапқа тарту тек заңды тұлғаға қатысты мүмкін.
Қаржы пирамидалары туралы арнайы заң дайындау олармен күрестегі ең тиімді жалғыз тәсіл болып табылады. Бұл – әлемдік тәжірибемен дәлелденген нәрсе. АҚШ-та қаржы пирамидаларын құруға тыйым салу туралы арнайы заң бар, Ресей мен Украинада құқықтық құжатта оның барлық анықтамасы берілген.
Қанат Берентаев, экономикалық сарапшы:
жоқ
– МММ секілді қаржылық пирамидамен тыйым емес, түсініктеме жұмыс жүргізу арқылы күресу керек. Ал оларды жабудың жолын іздеу деген сыбайлас жемқорлыққа сүрлеу салуды білдіреді.
Адамдар тәуекелі жоғары қаржылық ұйымға неге ақшасын салады?.. Осыны тереңнен түйсініп алалық. Мәселен, бұл арада құмарлық ойынға бейім адамдарды есепке алмайық. Меніңше, қаржылық пирамидаға бас тігушілер ертеңгі күніне сеніммен қарай алмайтын үлкен әлеуметтік топты қамтиды.
Ақшасын банк депозитіне салып көбейтейін десе, ондағы сыйақы мөлшерлемесі жылдық инфляция көрсеткішін де жаппайды. Яғни, еліміздің қаржы нарығында қолдағы жинақ ақшаны көбейтудің тиімді жолы жоқ.
Кез келген қаржылық пирамиданың ғұмыры көпке созылмайды. Жұмыс істейтін жұрттың 20-30 пайызы оған тартылды делік. Бұл – шамамен 1,5-2 миллион адам. Одан кейін тартатын адам да қалмай қалады. Жалп етіп, одан ең бірінші ірі ойыншылар кете бастайды, одан хабардар болған басқа жұрт да аяқ тартады. Дұрыс насихат жұмысы болса, көзі қарақты қауым оған көп те жоламайды.
Қалай дегенмен де, жұртқа қаржылық пирамиданың қосымша табысы жоқ екенін, олардың бонусты жаңадан келіп жатқан адамдардан жинақталған ақшасы есебінен беру арқылы түзетін тетігі барын ашық түсіндіру керек.
Ал заңға норма енгізетін болсақ, ол тек бір қаржылық пирамидаға қатысты болмауы керек. Әрі ол тыйым тұрғысында сипатталмауы тиіс.
«Барлық қаржылық ұйымдар, соның ішінде қаржылық пирамидалар да өз тұтынушыларын алдап соғып, көзбояушылыққа жол бермес үшін өзіне қатысты барлық тәуекелдерді, жасырын пайыздарды ашып, сыйақы мөлшерлемесінің таза көлемін нақты көрсетуі керек» десе, меніңше, бұл дұрыс заңнама болады.
Бейтарап пікір
Ерлік Кененбаев, Ішкі істер вице-министрі:
– Арнайы бап енгізсек, ол құқық қорғау органдарының мұндай істі ауыздықтау бойынша жұмысын тиімді етер еді. Яғни, адамдар сан соғып, соңғы тиын-тебенінен айырылып, құқық қорғау органына шағымданған кезде емес, сол қаржылық пирамида құрылғалы жатқанда оны тырп еткізбей ұстасақ, бұл қылмыстық топтың бастапқы мүддесі ақталмас еді. Көптеген мемлекетте осындай құйтырқы, алаяқтық іспен шұғылданатын компанияларға, нақтырақ айтқанда, қаржылық пирамиданы құратындарға заңмен тыйым салынған. Мәселен, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Германия, Қытай, Жапония дегендей. Ал біздің заңнамамызда қаржылық пирамида деген сөздің өзіне түсініктеме берілмейді. Осыған байланысты Ұлттық банктің Қаржылық қадағалау комитеті халықты қаржылық пирамидаға қатыспау туралы ескертіп, одан алданып қалуларыңыз мүмкін деуден ары аса алмай отыр.