Қасиетті Құран бізге соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы араб тілінде жетті. Қаншама ғасыр өтсе де, Аллаға құлшылық еткен күллі мұсылман қауым Құранды сол түпнұсқа тілінде танып-біліп, оқып келеді. Осы уақытқа дейін ислам дінінен басқа діндер мың-сан құбылып, қаншама өзгеріске ұшырады! «Құдайдың жазуына адамның сөзі мен ісі араласқан жағдайда діннің тұтастығына сызат түседі» дейді ақ жолды ұстанғандар. Бірақ соңғы уақыттарда «Құранды неге қазақ тілінде оқымаймыз» деген пікірлер де айтылып жүр. Қоғамда бұған қатысты пікірлер кездесетіндіктен, осы төңіректегі сауалды ой көкпарына салып көрген едік.
Хайролла ҒАБЖАЛИЛОВ, тарихшы ғалым,«Алаш» тарихи- зерттеу орталығының директоры:
Иә
– Өкінішке қарай, бүгінгі жаһанданған дәуірде саясат дінді өз ырқына икемдеп, оны белгілі бір мақсаттарды жүзеге асырушы құрал ретінде пайдалана бастады. Әлемнің мықты философтары айтып кеткен «ғылым – нақты білімнен, дін жорамалдардан ғана тұрады» деген қағида бар. Мысалы, ғылымда сен бір нәрсені түсінбесең, белгілі бір дүниенің дәлдігіне көзің жетпей тұрса, пікір таластырып, түбінде оның нақты айғақ, дәлелін таба аласың. Ал дінде имамдар айтқан уағыздарды талқыға салуға болмайды. Белгілі бір сауал төңірегінде күмәнің болса да, үндемей тұра бересің. Кейбір ұғымдарға дәлел-дәйек іздеп, күмәндансаң, дінбұзар болып саналасың. Мысалы, Құранды тек қана араб тілінде оқу керек дейді... Мұны да ешкім дұрыс емес деп айта алмайды. Арабтың тілін түсінбесе де, көпшілік қауым Құранды тыңдап, артынша бетін сипап жүре береді.
Ал арабша түсінбей, қазақша мағынасын оқып, білем дегендерге тосқауыл жоқ. Құран – о бастан арабтар үшін емес, күллі әлемге түсірілген қасиетті кітап. Дей тұрғанмен де, өз басым Құранды қазақша оқуды қолдаймын. Алайда қазақпын деп, өзін мұсылман баласына жатқызатындар Құран аяттарын қазақша оқып, өз ана тілінде иман келтіріп жатса, оның несі харам? Әйтсе де бұл қасиетті кітаптың әлі күнге дейін сауатты да мағыналы аудармасы жасала қойған жоқ. Ендігі кезекте қасиетті кітаптың мазмұнын небір білімдарлар бас біріктіріп, барынша түпнұсқаға жақындатып аудару қажет. Десек те, қазіргі уақытта «Алаш» тарихи-зерттеу орталығын осы бағытта біраз ізденіп жүр. Қалай болған күнде де дін жолын ұстанған адамдар менің ойларымды қабылдай алмайтын сияқты. Иншалла, мен де мұсылман баласымын. Дінімізді белгілі парыздарын шама-шарқымша орындауға тырысамын. Осы уақытқа дейін екі мешіт салдырдым. Ойымда бір Алла, жүрегімде иманым бар деп айта аламын. Меніңше, Құранды өз ана тіліңде оқуға талпыну – Құранның мағынасын түсінуге деген құлшыныстан туып отырған әрекет. Бұған үрке қарап, адасушылықтың сипатын іздеудің қажеті жоқ. Егер де алдағы кезеңдерде Құранның жақсы аудармасы жасалып, оны қазақ тілінде дауыстап оқитын болсақ, бұған басқалардың да құлағы үйреніп кетер еді. Бұған алдымен психологиялық дайындық керек. Әншейінде «қазақ тілі – әлемдегі ең бай әрі шұрайлы тіл» деп тамсанғанда алдымызға жан салмаймыз. Сонда ана тілінде Құран оқығысы келетіндерді діннен қуып шықпақпыз ба? Қалай десек те, «мен Құранды жақсы білем, сен дінсізсің» деген күпірліктен ада болғанымыз жөн. Айналып келгенде, Құранды жатқа білетін қари мен ислам діні шарттарын толық орындайтын молданың дұғасынан гөрі Құранды білмесе де, шын пейілімен айдалада жападан-жалғыз Аллаға жалбарынып, медет сұрап отырған қарапайым пенденің тілегі қабыл болуы мүмкін. Ең бастысы, жүрек таза болу керек.
Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, «АнАрыс» баспасы бас редакторының орынбасары:
Жоқ
– Құран Кәрім – Алла тағаладан адамзат баласына пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы түсірілген бірден-бір қасиетті кітабымыз. Бұл кітап арабқа, түрікке, қазаққа деп ұлт пен ұлысқа жіктеліп түсірілген жоқ. Құран – Адам Ата, Хауа Анадан тараған күллі адамзатқа ортақ мұғжиза. Ал Құранға дейін басқа пайғамбарлар арқылы түсірілген кітаптар белгілі бір қауымға, тайпаларға, жамағатқа ғана бағытталған болатын. Негізі, адам баласы дүниеге келгенде мұсылман болып, Алланың құлы болып туады. Бірақ уақыт өте келе тәрбие, қоғам және басқа да дүнияуи құбылыстарға байланысты адам баласы түрлі бағыттарға ауытқып кетіп жатады. Міне, сол басқа бағытта ауытқып, адасып, азып жүрген адам ұрпақтары бір ғана кітаптың, бір ғана жолдың төңірегінде өмір сүрсін деп, дұрыс жолға салу негізінде Алла тағала осы Құран кітабын түсірген.
Өзге діндердегі кітаптарға келетін болсақ, сол діндерді ұстанғандар өздерінің дәстүр-салттарына, мәдениеттеріне, өмір сүру дағдыларына байланысты тағы басқа да қосымша түсініктеме сөздер енгізіп жіберген. Осыдан келіп олардың діни кітаптары кәдімгідей бұрмалаушылыққа ұшырады. Мысалы, әлемде екі мың ұлт бар десек, сол екі мың ұлт діни қағидаларына өз білгендерінше өзгертулер мен толықтырулар енгізе берсе, бұл жағдайда сөзсіз, дін бұзылады. Алла тағаламыздың исламды тура жол деп нұсқағаны сондықтан. Ал «неге біз Құранды араб тілінде оқимыз?» деген сауалға қатысты айтатын болсам, бұл әуел бастан Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың тілі арқылы адам баласына жеткізілгендіктен, біз сол түпнұсқа тілінде оқимыз. Құранның бір ғана тілде оқылуы – жоғарыда атап кеткен адасушылық пен бұрмалаушылықтың алдын алады. Құранды әртүрлі тілге аударуға әрекеттену оның мағынасы мен мән-мазмұнын жоғалтып алады. Қандай да бір аударма болсын, ол Құранның әуелде түсірілген түпнұсқадағы мазмұнын, қасиетін, әуезін бере алмайды. Ал баршамызға жақсы таныс, қазіргі қолданыста жүрген Құран кітаптарының қазақша нұсқасы ол тәпсір болып есептеледі, яғни түсініктеме түрінде ғана. Құранды әрбір ұлт өз тіліне икемдей бастаса, онда ислам діні бұзылады. Сондықтан да Құран бізге қалай жетті, жүрегімізге солай сіңіріп, қабылдауымыз керек.
Түйін
Мұхитдин ИСАҰЛЫ, Нұр Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің профессоры, теология ғылымының докторы:
– Құран – ешбір тілге аударуға келмейтін қасиетті кітап. Егер де оны өзге тілде айтатын болсақ, онда ол Құран болып есептелмейді. Осы уақытқа дейін ешбір мұсылман баласы Құранның түпнұсқасынан ауытқыған емес. Дегенмен тарихта мынадай дерек кездеседі. Кезінде Түркия мемлекеті заң жүзінде «азан шығару түрік тілінде айтылсын» дегенге саятын ереже қалыптастырмақ болған. Содан осы елдегі мешіттерде азан шақыру түрік тілінде айтыла бастаған. Арада жеті-сегіз жыл өткен соң жергілікті халық бұндай бұрмалаушылыққа төзбей, ақыры азан шақырудың түпнұсқасына қайта оралған. Ал сол аралықта қаншама адам діннен алыстап кетті?! Демек, бұл қасиетті кітапты қазақшалап, немесе басқа бір тілге аударуға әрекеттену ешқандай да оң нәтиже бермейді. Араб тіліндегі түпнұсқада оқылатын Құранның ғажайып бір сиқыры, тамаша ішкі әуезі, рухыңды көтеретін бір тылсым күші бар. Қалай айтсақ та, ешкім ешуақытта Құранды аудара алмайды.