Жақында ауа райын болжаушылар биылғы жаздың ерекше ыстық болатындығын, өрт қаупінің жоғарылап тұрғанын ескертті. Бұл мәлімет әсіресе орманшылар мен шаруаларға төбеден жай түскендей әсер етті. Онсыз да бейнеті мен азабы мол мал бағушыларға да қиын болайын деп тұр. Өйткені бүгіндері мал азығы удай қымбат. Бір теңгеден екі теңгені әрең құрап отырған олар үшін қуаңшылық жағадан алған Жәбірейілмен бірдей болары хақ. Сондықтан мамандар бұл салаға мемлекет тарапынан қандай да бір көмек қажеттігін айтады. Бұл ретте «Қуаңшылыққа байланысты мемлекеттік мал азығы қорын құру керек пе?» деген сауал да туындайды. Бұл пікірге қатысты мамандардың көзқарасы төмендегідей...
Бақтияр Садықов, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
иә
– Табиғаттың мінезді болуы біздің еліміз үшін тосын жайт емес. Егер бажайлап қарап отырсақ, бізде 10 жылдың ішінде қуаңшылық 3-4 рет қайталанып отырады. Сондықтан етті мал потенциалын арттыру бойынша алдына мақсат қойып отырған біздің елімізге мемлекеттік мал азығы қорын құру керек деп білемін.
Соңғы жылдары етті мал шаруашылығын дамыту бойынша бағдарлама қабылданып, аталған салаға республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп жатыр. Қанша жерден даулы болғанымен, сырттан асылтұқымды мал әкелінді.
Оны сатып алғысы келгендер де табылды. Яғни мал тұқымын жақсартуға жергілікті шаруа қожалықтары ниетті болып шықты. Енді сол бар малды мал ету үшін бізге тұрақты азық қоры қажет болып отыр. Әрине, қуаңшылық орын алды деп агроөнеркәсіп кешенін қайта жандандырып жатқан мемлекетімізге қысылып қарап отырған жараспайды.
Естеріңізде болса, астық жеткіліксіз кезде, өңір-өңірде тұрақтандыру қорлары бой көтерген болатын. Ол істің қандай да бір шалалығы болған шығар, дегенмен соның арқасында нарықтағы бағаны тұрақтандырып, жоқ жерге қажетті азық-түлікті жеткізіп, халықты үздіксіз ауыл шаруашылығы тауарларымен қамтамасыз етіп отырдық. Бұл – жақсы көрсеткіш. Міне, осы қордың сызбасын үлгіге ала отырып, мал азығы қорын да құру қажет. Яғни мал өсіріп отырған халықта қуаңшылықтың салдарынан малынан айырылып қаламын ба деген қорқыныш болмауы керек. Мал азығына сенімді мемлекеттің мал шаруашылығы қарқынды дамиды. Ал біздің күйттеп отырғанымыз да осы нәрсе емес пе?..
Бүгіндері Ауыл шаруашылығы министрлігінде мал азығы қорын нығайту жөнінде бағдарлама әзірленіп жатыр. Меніңше, мемлекеттік мал азығы қорын құруды сол бағдарламаға бір шара ретінде кіргізіп, қаражат бөлгізуге болатын секілді. Ал ол қордың қандай жағдайда тиімді болатындығы бойынша отандық ғалымдар кез келген уақытта ғылыми-зерттеу жұмысы мен жобасын әзірлеп бере алады деп ойлаймын. Тек жоғарыдан қолдау табылса болғаны.
Ақжол Әбдуқалимов, «Қазақстан фермерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті:
жоқ
– Біз социалистік елде өмір сүріп жатқанымыз жоқ, мәселені мемлекет шешсін дейтіндей. Қазір нарық заманы. Ал нарықтық қарым-қатынаста мемлекеттің қатысуы азайған сайын сыбайлас жемқорлықты жоюға соншалықты мүмкіндік туындайды. Сондықтан мемлекеттік дегеннен аяқ тартып жүрген дұрыс сияқты. Мысалы, кеше астық бойынша әр облыста құрылған Тұрақтандыру қорын алыңыз. Желінген ақша, бүлінген көкөніс мәселесі әр деңгейде талқыланып жатты. Осындай күйге түсетін тағы бір қор құру деген, әрине, ақылға сыймайтын нәрсе.
Шөп деген екі-үш жылға шыдай береді. Сондықтан малы көп адам жем-шөп қорын қазір өзі жасап алады. «Сақтанғанды құдай сақтайды» деп. Ал мал ұстап, оған дайындала алмайтындар ақырындап бұл шаруашылық түрінен бас тартып жатыр. Нарықтың өзі осындай реттеу жүргізуде, бұл – қалыпты құбылыс.
Табиғи апат айтып келмейді. Әсіресе мұндайда жекеменшіктен маза кетеді.
Жалпы, бізде төтенше жағдайлар орын алғанда мемлекеттік қолдау көрсету қоры деген бар. 2010 жылы осы қор мал азығын субсидиялау бойынша ірі кәсіпорындарға қаражат бөлген-тұғын. Бұл қаржы тікелей Үкіметтің өкімімен ғана бөлінеді. Міне, осы тұрғыда Қазақстан фермерлер одағы тек ірі кәсіпорындарды ғана емес, мал ұстап отырған жекеменшікті де субсидиялауды сұрап отыр. Осындай ұсынысы бар құжатты таяуда Үкіметке жолдадық та.
Жемшөп әрқашан да болады. Қуаңшылықта да. Тек оның бағасы шарықтап кетеді. Сондай сәтте, Үкімет төтенше жағдайлар орын алғанда мемлекеттік қолдау көрсету қоры арқылы еліміздегі мал бағып отырған барлық халықтың тұтынатын мал азығын субсидияласа дейміз. Яғни бүгіндері бір арба шөп 20 мың теңге десек, шаруа оның 10 мың теңгесін өзі төлеп, қалғанын мемлекет қаржысымен жапса, бұл үлкен көмек болар еді.
Түйін
Нарық заңдылығы бойынша кез келген адам күмән келтіретін бүкіл затын сақтандыруы тиіс. Соның ішінде малын да. Ал қуаңшылық орын алып, сақтандырылған мал арам қатса, ол адам сақтандыру компаниясынан өтемақы алып, басқа бас сатып ала алады. Міне, осындай жүйе нарық заманы адамын еш нәрсеге алаңдатпайды. Соның ішінде табиғи апатқа да. Алайда біздің елімізде сақтандыру нарығы жеткілікті деңгейде дамымаған, аталған нарықтың айналымындағы қаражаты да көп емес. Бұл – біріншіден. Екіншіден, мал шаруашылығы қарасты құзырлы ведомство да сақтандыру ісіне нысандарын бейімдемеген. Мәселен, малға төлқұжат беру процесі бізде енді-енді қолға алынып жатыр дегендей. Сондықтан бұл арада мемлекеттің көмегіне жүгінуден басқа амал жоқ секілді. Ал ол көмек түрі арнайы мал азығы қорын құру бола ма, әлде мал ұстайтын халықтың тұтынатын мал азығын субсидиялау бола ма, әйтеуір, осының бір тиімді тәсілін таңдау – биліктің еншісіндегі дүние.