Соңғы кездерi қоғамдық ұйымдар саны көбейiп барады. Түрлi iс-шаралардың басы-қасында бiр-бiр қоғамдық ұйымдар жүредi. Дiни экстремистiк бағыттағы бiрлестiктер де жетерлiк. Алматы қаласы бойынша 15 ұйым IIД бақылауында тұр. Сенiм бостандығына шектеу болмаудың салдарынан осындай дiни бiрлестiктер қатары да көбейiп бара жатыр. Осы орайда, қаптаған «қоғамдық ұйымдардың қоғамға берерi не» деген сауалды ортаға тастаған едiк.
Айдар ЕСЕНБЕКОВ, Алматы қалалық iшкi саясат басқармасының Үкiметтiк емес ұйымдар және дiни бiрлестiктермен жұмыс iстеу бөлiмiнiң бастығы:
ИӘ
— Әрине, пайда бар. Жалпы, республикада кейбiр дерек көздерi бойынша, 5500-7500 әртүрлi қоғамдық ұйымдар бар. Соның 3000-нан астамы Алматы қаласында. Республикалық деңгейдегi қоғамдық ұйымдар Әдiлет министрлiгiне тiркелсе, қалалық деңгейдегi қоғамдық ұйымдар қалалық әдiлет департаментiнде тiркеледi. Әр қоғамдық ұйымның жарғысы заңдық тұлға ретiнде тiркелгендiктен, өз мiндеттерi болады. Мемлекеттiк тұрғыдан маңызына тоқталсақ, олар халық ортасында жүргеннен кейiн, мемлекет назарынан тыс қалып жатқан нәрселердi билiк назарына ұсынып отырады. Яғни халық пен билiк арасындағы көпiр iспеттi. Өзiмiзбен қарым-қатынаста жұмыс iстеп жатқан қоғамдық бiрлестiктер тарапынан қоғамға келiп жатқан пайда болмаса, зиянын көргем жоқ.
Кей сәттерде мемлекеттiк маңызы бар мәселелердiң шешiм табуына да олардың көзқарастары ескерiлiп жатады. Бұл – олардың маңызды орны бар екенiнiң көрсеткiшi.
Тiлдiк ортаны қалыптастырып дамытатын да, мемлекеттiк билiк жүйесiне белгiлi бiр деңгейде ықпал жасайтын да, мемлекеттiк идеологияның бағыт-бағдарын айқындап жүргiзетiн де – осы қоғамдық ұйымдар. Бұл орайда оларға кез келген мемлекеттiк ұйым әлеуметтiк маңызы бар жобаларды ұйымдастыруға мемлекеттiк тапсырыстар бере алады. Қарапайым тiлмен айтқанда тендер секiлдi. Оған бюджеттен арнайы ақша бөлiнедi. Осылайша олар түрлi салалардағы қордаланған мәселелерге байланысты iс-шаралар ұйымдастырады. 2008 жыл бойынша бiз 43 әлеуметтiк жоба жарияладық. Оның аясында ана тiлдi дамыту, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, оралмандардың өзектi мәселелерi, әлеуметтiк қорғалмаған отбасыларға құқықтық кеңес беру секiлдi жобалар ұйымдастырылды. Бiз мұндай жобаларды iске асырар алдында қоғамдық ұйымдардың мақсаттары мен жарғыларына мұқият назар аударамыз. Осылайша ақшаның басқа мақсаттарға жұмсалып кетпеуiн қадағалаймыз. Елiмiзде басқа ұлттың өкiлдерi ұйым атын қазақша тiркетiп жатады. Бұған қуануымыз керек. Бұл – бiздiң елiмiз бен жерiмiздi, кiшкене болса да, сыйлағаны. Басты мәселе – олардың қоғамға пайдасы бар iс-әрекеттер жасауы.
Рас, кей жағдайларда қоғамдық ұйым болып тiркелiп алып, дiни насихат жүргiзiп жататындар да бар. Олардың мұндай iс-әрекетiне құқық қорғау орындары бақылау жасап отыруы тиiс. Алматы қаласы бойынша 3000-нан астам қоғамдық ұйымның шамамен 30 пайызы iс-шараларын қазақ тiлiнде өткiзсе, 70 пайызы орыс тiлiнде ұйымдастырады. Оған бiз шектеу қоя алмаймыз.
Марат БӨТЕЕВ, «Аллажар-қолдау» қоғамдық ұйымының төрағасы:
ЖОҚ
– Аты бар, заты жоқ, немен айналысып жатқаны белгiсiз қоғамдық ұйымдардың көбеюiне қарсымын. Қазiргi таңда оларға шектеу қойылмай отырғанына байланысты, олар жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптады. Былтырғы жыл бойынша, мемлекет тарапынан әлеуметтiк маңызы бар жобаларды iске асыруға 839 миллион теңге бөлiнген. Бiр ғана Алматы қаласы iшкi саясат департаментi 70 миллион теңге бөлген. Алайда олардың бiрен-сараны ғана өз дәрежесiнде қызмет атқарып жатыр. Ақшаны алып алған соң, олардың қай мақсатта жұмсап жатқанын бақылай алмайсыз. Қанша ақша, қандай қоғамдық ұйымға, қандай мақсатқа берiлгенiн жауапты органдар БАҚ-та неге ашып айтып отырмайды? Сонда кiмнiң кiм екенiн бiлер едiк. Былтыр «Аллажар-қолдау» қоғамдық ұйымы мемлекеттiк сатып алу байқауына қатысып, қоғамдық ұйымдарға зерттеу жүргiздi.
Көзiмiздiң жеткенi елiмiзде күмәндi қоғамдық ұйымдар өте көп. Заң бойынша нәсiлдiк, рулық, ұлттық бағытта бөлiнуге қадам жасайтын қоғамдық ұйым құруға болмайды. Алматыда орыстардың – 9, кәрiстердiң – 9, еврейлердiң – 8, ұйғырлардың – 12, тағы басқа да ұлттардың орталықтары бар екен. Олардың бәрi өз ұлтының күйiн күйттейдi. Бiр ұлттың бiр қоғамдық ұйымы болса болмас па?!
«Овцы мои слушаются голоса Моего» деген де қоғамдық бiрлестiк бар екен. Ал бұл библияның сөзi екен. «Менiң дауысымды менiң қойларым тыңдайды» деген қоғамдық ұйым қоғамымызға не бере алады деп ойлайсыз? Яғни қоғамдық ұйым атын жамылып алып, дiни үгiт жүргiзедi. Баса айта кетерлiгi, олар Қазақстанда тiркелген заңды тұлға болғандықтан, мемлекет тарапынан бюджеттен арнайы ақша бөлiнiп ұйымдастырылатын әлеуметтiк жобаларға (тендер) қатыса алады. Ал тендердi ұтып алған жағдайда мемлекеттiң саясатына кереғар шараларға жұмсамасына кiм кепiл? Сонда өзiмiзге қауiп төндiретiн нәрселердi өзiмiз қаржыландырып отырғанымыз ғой.
Жақында ғана Талғар аудандық әкiмшiлiгi тарапынан ұйымдастырылған жобаға қатысуға өтiнiш бiлдiрдiм. Бiрақ «қазақ тiлiнде сөйлейтiңдер қатыстырылмайды» деп қайтарып тастады. Ал заң талабы бойынша елiмiздегi барлық қоғамдық бiрлестiктер жұмысы мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуге мiндеттi. Ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдер қолданылады, бiрақ қазақ тiлiне аударылып берiлiп отыруға тиiстi. Өкiнiшке қарай, қазiр қоғамдық ұйымдардың көбi тек қана орыс тiлiнде жұмыс жүргiзедi. Тағы бiр мысал, жақында бiр жағдайлармен Еңбекшiқазақ ауданы Шелек ауылына барғанымызда тек қана ұйғыр балаларына ағылшын тiлiн үйретiп, компьютерлiк бағдарламаларға баулитын екi ағылшын азаматын кездестiрдiк. Кейiн анықталғандай, олар «Оазис Илим» гуманитарлық ұйымының өкiлдерi екен. Бiрақ жергiлiктi билiк те, құқық қорғау органдары да олардың осында көптен берi жұмыс iстеп жатқаны жөнiнен бейхабар болып шықты.
БЕЙТАРАП ПIКIР:
Амангелдi АЙТАЛЫ, қоғам қайраткерi:
Қазiргi кезде азаматтық қоғам құрудың бiр көрiнiсi оның азаматтық белсендiлiгiн арттыратын осы қоғамдық ұйымдар құру болып отыр. Рас, қазiр олардың саны көбейiп кеттi. Кейбiрi өз дәрежесiнде жұмыстар атқарып жатыр, ал кейбiрi «бiр күндiк» iс-шараға ғана қатысып, жоқ болып та кетiп жатыр. Қоғамға қауiп төндiрiп, көлеңкелi iстермен айналысып, шетелден грант алып, солардың тапсырмасын орындап отырғандары да бар. Мысалы, протестанттық бағыттағы ұйымдар. Олардың жұмысын қатаң бақылауға алу керек. Ал, жалпы, қоғамдық ұйым көбейгенiне келер болсақ, мәселе – олардың көбейгенiнде емес, iс-әрекетiнiң мақсаттарында. Олар санымен өлшенбейдi, атқарып жатқан iсiмен өлшенедi. Елiмiзге қатер төндiрмесе құрыла берсiн. Алайда қазiр елiмiздегi құқық қорғау орындары олардың жұмысын қадағалай алмай отыр. Құқық қорғау органдары тек бiрдеңе бүлiнген кезде ғана iске кiрiседi. Тағы бiр айта кетер жайт, атының өзi күмәндi ұйымдардың құрылуын Әдiлет басқармасының кемшiлiгi деп бiлемiн.