Қазіргі қазақ журналистикасы ақпараттық бәсекеге қабілетті ме?
Бүгін – Баспасөз күні. Демек, бар уақытын қолына қалам, микрофон ұстап, елінің мұң-мұқтажын қағаз бен таспаға түсіру жолында табанынан тозған журналист қауымының бір дамылдап, еңбегінің алғысын алатын күні. Сондай-ақ өзінің жүріп өткен, жүріп келе жатқан жолында кімдермен қатар, кімнен ілгері, кімнен кейін қалғанын межелейтін де шақ. Осы тұрғыдан келгенде, «Дәл қазір қазақ баспасөзі қандай халде, ақпараттық бәсекеде қандай да бір сынға төтеп бере ала ма?» деген сауал туындайды. Біз осыны бүгінгі ой-көкпарда таразылап көруді жөн санадық.
Ахмет Аляз, «Қазақстан-Zaman» ЖШС бас директоры:
Иә
– Мен 1992 жылы Түркиядан келіп, осында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен кезбен салыстырғанда, Құдайға шүкір, қазіргі қазақ баспасөзі әлдеқайда күшті, тіпті бәсекеге қабілетті дер едім. Себебі мен сол кезден бастап қазақ баспасөзінің тарихына үңіліп, оның қоғамда алар орнына, тегеурініне зор қызығушылықпен қарап келемін. Қазақ баспасөзінің қилы кезеңдеріне қарап салыстырып отырсам, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында, әсіресе, Алаш арыстарының тұсында кәдімгідей үлкен биікке көтеріліп, зор беделге ие болыпты. Бірақ, өкінішке қарай, кеңес үкіметінің келуімен ұлт зиялыларын қырып-жою басталды да, сонымен бірге халық бассыз, баспасөз үнсіз қалды. 70 жыл бойы тек биліктің айтуына құлдық ұрумен, партияны, көсемдерін мақтап-мадақтаудан арыға аса алмаған.
Солайша қазақ журналистикасы белгілі бір кезеңге дейін, яғни Тәуелсіздігімізді алғанша тоқырауды бастан өткерді. Әрине, бұл кезеңде де сондай бір қысымға, құрсаулы қоғамның ішінде үнсіз отыра бермей, ұлттың іштегі зарын ышқына айтушы Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сейдахмет Құттықадам сынды қаламы қарымды публицистер болды. Егемендік ала салған кезде де қазақ баспасөзі бірден күш-қуат алып кетті десем, өтірік болар, есін жия алмай біраз дамылдады. Сол сәтті ұтымды пайдаланып «Караван» мен «Аргументы и факты» секілді орыстілді басылымдар шықты. Өздерімен бәсекелесетін бірде-бір басылым болмағандықтан, олар кеңістікті еркін жайлады. Бұл қайта қазақ баспасөзінің еңсесін басып тастамай, намыстанып, қайраттануына қамшы басты. Қазақ журналистері ұлттық намысты қаузайтын дүниелерді жарыса жазып, оқтын-оқтын орыстілді әріптестеріне биліктің, қоғамның жылы қабақпен қарайтынын өткір сынға алды. Алғашқы жылдары «Ана тілі» газетінің қарқыны өте жоғары болды, өйткені тіл мәселесі өте өзекті болды. Мемлекеттік тіл мәртебесін қазақ тіліне ме, әлде орыс тіліне береміз бе деген дау туып отырған тұста бұл кәдімгідей қоғамға рух беріп, билікке әсер етті. Осылайша бірте-бірте күш алған қазақ баспасөзі 2000 жылдары кәдімгідей орыстілді ақпарат құралдарымен бәсекелесетін, тіпті олардың алдын орағыта алатындай дәрежеге жетті. «Дат», «Ақ жол Қазақстан» сынды қазақша оппозициялық басылымдар пайда болып, қоғамға, билікке кәдімгідей қозғау салды. Олар, әрине, қысым көріп, қанша сотқа тартылса да мұның бәрі кәдімгідей күрес, күш алу жолындағы тартыс еді. Қазір осындай жолдардан өткендігіміздің арқасында қазақ баспасөзімен басшылық кәдімгідей санасады, сыннан қорытынды шығарады. Ал бір кездері билік пен қоғамның арасында қатты алшақтық болды. Оның бір себебі, еліміздегі БАҚ туралы заңның солқылдақтығы да еді. Ол баспасөздің күшімен біршама жөнделді. Егер журналистер өз құқықтарын талап етер болса, меніңше жағдайымыз бұдан да жақсара түседі. Тағы бір мәселе, кез келген ақпарат құралының бәсекеге төтеп бере алу-алмауы қаржылық жағдайына да байланысты. Әр облыста, әр аймақта, құзырлы органдарда тілшісі бар баспасөз қуатты әскерге тең, ол ештеңеден қорықпайды. Қазір кез келген лауазымды тұлға өзі туралы баспасөзде жарық көрген тіпті бір-ақ жолдық сынның өзіне жауап береді, мұның өзі – журналист қауымының жетістігі. Бір ғана мысал: біз былтыр газетіміздің бетінде бір жылда 100-ден астам сыни мәселе көтерсек, соның 63-іне бізге жауап келді.
Дәурен Қуат, abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы:
Жоқ
– Шыны керек, қазақ журналистикасы әлі бәсекеге қабілеттілік деңгейіне толық қол жеткізе алған жоқ. Мұндай жайттың көп себебінің бірін мен қазақ баспасөзінде қызмет етіп жүрген әріптестерімнің ішкі бірлігінің, өзара үндестігінің, бір-біріне деген тілеулестігінің, бір-бірін шығармашылық тұрғыдан қолдай алмайтындығының кесірінен көрер едім. Мәселен, тележурналистен газеттегі әріптесінің не жазып жүргенін, болмаса газет тілшісінен радио не мәселе көтеріп жүргенін сұрап, әңгімеге тарта қалсаң, мұрнын тыржитып, иығын қушитады. Онысы «Солар не бітіріп жүр дейсің?» деп өзінше білгішсінгені болса керек. Біз Ресей не Қытай секілді қалың ел емеспіз ғой. Соған сай бұқаралық ақпарат құралдарымыздың да саны аз. Ендеше, бірімізді біріміз сырттан күндеп, ала жылан, аш бақа болмай, алдымен еліміздегі ақпарат кеңістігін тұтастырып тұрудың қамын ойлауға тиіспіз.
Өкінішке қарай, біз әлі күнге бірауыздылық танытып, қоғамдық пікір тудырудың орнына алты қарағайдың арасында адасып жүрміз. Ал мұндай жағдайда ақпараттық бәсекеге қабілеттілік туралы айтудың өзі қиын емес пе?.. Бұл бір десек, екінші мәселе – қазақ баспасөзінің материалдық тұрғыдан жадау тұрмыс кешіп келе жатқандығы. Мемлекеттік бюджетке қарайтын газеттегі талантты, дарынды жігіттер 20-30 мың теңгенің айналасында еңбекақы алады. Тапқаны табан астында таусылатын журналиске осыдан кейін қалайша творчестволық ізденіс, өз ісіне деген құштарлық болуы мүмкін? Салыстырып айтар болсақ, орыстілді басылымдар қай заманда да біздерден әлдеқайда бақуатты өмір сүріп келеді. Бүгін ХХІ ғасырда қазақ баспасөзі енді ғана ептеп игілігін көре бастаған журналистердің күнделікті жұмысына ауадай қажет қарапайым компьютер, факс, ұялы телефон деген құралдарға орыстілді басылымдар 90-жылдардың басында-ақ ие болып қойған. Олардың ақпаратқа тезірек қол жеткізуінің негізгі себебі осы болса, екінші себебі биліктің оларға бүйрегі бұрып, солардың тілінде сөйлеп, солардың тілінде алдымен ақпарат беріп, жалпаң қағуында болса керек. Орыстілді журналистердің алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бірақ оларға берілген мүмкіндік қазақ баспасөзіне де берілсінші, сонда көрер едік әуселелерін. «Орыстың тілін біл» деген Абай орыстың законы болмаса, қазақ оның алдында именбес еді дейді. Орыстың законы бүгін де күшті болып тұр ғой. Ақиқатын айтар болсақ, қазіргі біздің билік қазақ баспасөзіне қабырға газеті деңгейінде ғана қарайды. Қоғамды толерантты болуға шақырып бағатын билік қазақ баспасөзінің сынына төзімділік таныта алмайды. Қазақ баспасөзінің сынына төзе алмайтын билік қазақ халқының әлеуметтік талаптарына да төзе алмайтындығын көрсетіп келеді. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнімнің» кебін киіп отырған қазақ баспасөзін сондықтан қорлайтындар көп қазір. «Қазақ баспасөзі жаза алмайды, айта аламайды» дейтін пікірлер де осыдан шығады. Дейтұрғанмен, егер қазақ баспасөзінде жарияланып жатқан материалдарды орысшаға аударып берер болса, немесе қазақ журналистері жазып жатқан қадау-қадау сыни мәселелер орыс тілінде көтерілер болса, онда баспасөздің ұлттық, мемлекеттік маңызы да арта түсер еді. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені орыстілді басылымдар ақпарат кеңістігін қаржылық топтар мен сыртқы күштердің мүддесіне қарай бөлісіп алды.
Бейтарап пікір
Гүлназ Молдабергенова, Қазақ радиосының қызметкері:
– Қазақ баспасөзі – қазақтың үні. Қазіргі кезде үніміз қалай шығып жатыр дегенге келсек, онда мен жас буынның еңбегін ерекше атап көрсетер ем. Себебі жаңашылдыққа ұмтылу, заманның талабын тез түсініп, соған сай қимыл-әрекет жасап жатқан орта буын журналистер мен жас та болса өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген журналистеріміз баршылық. Қазір шүкіршілік, радио, телеарна, газет-журналдармен қоса, қазақ тілінде өткір айта алатын интернет порталдар да баршылық. Алайда кемшін тұстарымыз да аз емес. Қазақ журналистерінде әлі де болса жайбасарлық, жалтақтық байқалады. Соны жоймай, бұйығылықтан арылмасақ, бәсекелестік додасында шаң қауып қалуымыз да ғажап емес.